Президент Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады

0 5

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ақордада өткен кеңесте Ұлттық банктің былтыр атқарған қызметі туралы есеп берілді.

Іс-шараға Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Қаржы министрі Мәди Такиев қатысты.

Президентке 2023 жылғы ақша-кредит саясатының орындалу нәтижелері, қаржы тұрақтылығын және алтын-валюта резервінің жай-күйін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банктің қабылдап жатқан шаралары, сондай-ақ Ұлттық қордағы активтер туралы баяндалды.

Мемлекет басшысына өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция екі еседен астам, яғни 9,8 пайызға дейін төмендегені туралы мәлімет берілді. Базалық мөлшерлеме 14 пайызға дейін төмендеген. Депозиттерді доллар түрінде сақтау 23,2 пайызды құрап, 26 жыл бұрынғы төменгі шекті деңгейге жетті. Бұл ретте Ұлттық банктің жалпы алтын-валюта резерві 2022 жылмен салыстырғанда биыл 0,9 миллиард долларға немесе 2,5 пайызға көбейіп, 36 миллиард долларды құраған. Ұлттық қордағы активтер 4,3 миллиард долларға өсіп, 60 миллиард долларға жетті. Активтердің табыстылығы 11,38 пайыз болды. Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің жиынтық көлемі былтыр 3,2 триллион теңгеге ұлғайып, 17,8 триллион теңгеге жеткен. Зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция деңгейінен асып, 10,1 пайызды құрады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Цифрлық теңге» жобасының іске асырылу барысы және цифрландыру мәселесіне қатысты маңызды бастамалар жайында ақпарат берілді. Атап айтқанда, 2023 жылы қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп, Open API платформасы мен Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі антифрод-орталығы пилоттық режимде іске қосылды.

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси тұрақсыздыққа, жоғары инфляцияға және жаһандық сауданың төмендеуіне қарамастан, былтыр жалпы Қазақстан үшін жақсы жыл болғанын атап өтті. Сонымен қатар қазіргі әлемдік жағдайда еліміздің макроэкономикалық және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк пен Үкімет үйлесімді жұмысты жалғастыра беруі қажет.

Жиын қорытындысы бойынша Президент ұлттық қаржы нарығы жүргізіп отырған саясаттың тиімділігін арттыруға және инфрақұрылым құруға қатысты бірқатар міндет жүктеді.