Өңдеу кәсіпорындарына басымдық берілуі тиіс

0 6

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Біржан сал ауданында болып, тұрғындармен есепті кездесу өткізді.

Аймақ басшысы өз сөзінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қозғаушы күші бола алатын салалардың осал тұстары мен кемшіліктеріне тоқталып, бүгінгі жағдайды саралап, баға берді.

– Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясаттың бағытын белгіледі, өңірлерге жалпы ішкі өнім көлемін екі есеге арттыру бойынша стратегиялық міндеттер қойылды. Бюджетті жоспарлаудың тиімділігі – «әдемі» статистикаға емес, түпкілікті нәтижеге назар аудару. Бұл міндеттер экономикалық тұрақтылықтың ғана емес, халықтың өмір сүру сапасына да тікелей әсер ететін нақты бағдар болып табылады. «Адамға бағдарланған» мемлекеттік басқару моделі дәл осыны білдіреді, мұнда басты құндылықтар адам және оның әл-ауқаты болып табылады, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Индустриалды-аграрлық аймақта өнеркәсіп пен ауылшаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Соған қарамастан, облыстың жалпы өнеркәсіп өніміндегі үлесі 2 пайыздан аспайды. Ауданда «Көкше-цемент», «Семізбай-У» (уран кендері) және «Өркен-Атансор» – «Өркен» (агломерленген темір рудалары) сияқты үш ірі өнеркәсіп орны жұмыс істейді. Оның ішінде «Өркен» және «Көкше-цементтің» өндірістік қуаттары 48 және 59 пайызға ғана пайдалануда. Облыс әкімі құрылыс материалдары ішкі нарықта бұрынғыдан да жоғары сұранысқа ие болған жағдайда мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайтынын атап айтты.

Инвестициялар тарту мәселесіне тоқталған Марат Ахметжанов өткен жылғы мысалды еске салды. Ол кезде «Қазақстан темір жолы» компаниясының локомотивтер сатып алуы есебінен инвестициялық көрсеткіш айтарлықтай өсті. Бұдан ақмолалықтар қандай пайда көрді, соның арқасында халықтың тұрмысы жақсарды ма? Жоқ…

– Инвестиция дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, бюджет пен халық табысының артуы, өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді өз бетімен шешу мүмкіндігі. Сондықтан, көрсеткіштер тек қағаз жүзінде ғана көрсетілмеуі керек. Статистикалық есеп бойынша біз алдыңғы қатардамыз, бірақ, ақмолалықтар ешқандай оң өзгерісті сезген жоқ, – деді облыс әкімі.

Ауданда алдағы уақытта жалпы сомасы 11 миллиард теңгені құрайтын ірі жобалар бар екені айтылды. Әңгіме қайта өңдеуге арналған өнеркәсіп кешенін құру, жаңа ет фермаларын салу және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, демалыс орындарын ашу туралы болып отыр. Осының барлығы орындалса, 187 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауданның кірісіне қосымша 183 миллион теңге түседі.

Өндіріс саласына инвестиция тарту мәселесінде терең өңдеу кәсіпорындарына басымдық берілуі тиіс. Дәл осындай салалар халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, ең жоғары салық шегерімдерін, тиісінше, өңірдің кірісін толықтырады. Аймақ басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үш жыл ішінде ауылшаруашылығы өнімдерінің өңделген үлесін 70 пайызға жеткізу міндетін қойғанын еске салды. Осыған байланысты Ақмола облысында сүт зауыттарының, ет комбинаттары мен кілегей зауыттарының қуаттылығын арттыру қажет. Сүтті терең өңдеуді субсидиялауға облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлінді.

Сонымен қатар субсидиялар мемлекеттік көмек қана емес, еңбек өнімділігін арттырудың және бизнесті нақты нәтижеге жетуге ынталандырудың көмекші тетігі болып табылады. Биыл облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға мемлекеттік қолдау көлемі 107 миллиард теңгеден асты, оның 48 миллиард теңгесі қайтарымсыз.

Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдаудың әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Мемлекеттік қолдау алған жобалар санының төмендеу тенденциясы байқалады. 2021 жылы – 10, 2022 жылы – 8, өткен жылы – 7. Ал биыл қолдау тапқан жобалар мүлдем жоқ. Облыс әкімінің айтуынша, бұл бірінші кезекте халықтың шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау туралы хабардарлығының нашарлығын көрсетеді.

Сонымен қатар көптеген аудандарға тән білім беру саласындағы мерзімі ұзап кеткен құрылыстар, медициналық кадрлардың тапшылығы, туристік әлеуеттің жете пайдаланылмау мәселелері атап өтілді.

– Ұзақ мерзімді құрылыс болашаққа деген жоспарларыңызды құртады. Мектеп құрылысының нормасы 10 ай болса да, нысандар жылдар бойы берілмейді, жобалар қайта-қайта түзетіліп, қосымша бюджет қаражатын қажет етеді. Бірқатар ұзақ мерзімді құрылыс нысандарына менің өтінішім бойынша прокуратура құқықтық баға береді, содан кейін біз шешім қабылдаймыз, – деді аймақ басшысы.

Кездесу соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ тұрғын облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды.