Өмірге құштар қайсар жан

0 5

Мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, көмек көрсету ізгілік пен ізеттілікке тән ізгі қасиет. Талдықорғандағы «ЖІГЕР» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ажар Қыдыралинова өз кәсібін ойдағыдай өркендетіп, үнемі мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіп, жұрт алғысына бөленіп жүрген жандардың бірі.

Құзырлы орын өкілдерінің сөзінше, туғаннан сал ауруына шалдыққан қарапайым кәсіпкер бүгінде екінші топтағы мүгедек. Өмірге құштар қайсар жан талмай ізденіп, талай белестерді бағындырып келеді. Ол әйелдерді жұмысқа орналастыру мақсатында 2011 жылы Талдықорған қаласыннан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетуге арналған «Жігер» қоғамдық бірлестігін құрып, тігіншілік орнын ашқан. Осы орайда «Әрекет» жобасы аясында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының арнайы грантын ұтып алып, жаңа жабдықтар сатып әкеліп, киім тігуге кіріседі.

Биыл кәсіпорын көлемін ұлғайтып Талдықорған қалалық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен селбесіп мүгедектер, көп балалы, жалғызбасты, аз қамтылған әйелдерді жұмыспен қамтып арнайы «Resin Art» материалдарынан әр түрлі айна, сағат басқа да ыдыстар мен әшекей бұйымдарды шығаруды қолға алған. Сондай-ақ қағаз, мата, бисер, моншақтарды қолданып сурет салу техникасы бойынша түрлі кәдесыйларды дайындау және оқыту жобасын іске асырған. Алайда, бір өкініштісі қазіргі үкіметтен екінің біріне беріліп жатқан кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында ешқандай қолдау болған жоқ. Бәрін өз еңбегіне сүйеніп дамытуда. Жалпы талмай төккен тер табысқа жетелейді. Бүгінде ізгі ізденіспен кәсіпкерлікті тізгіндеген Ажар ханымның қыз-келіншектерді жұмыспен қамтумен қатар ел-жұртқа жасаған қайырымдылық қамқорлығы көпке үлгі.

Мамандардың берген дерегінше, Жетісудың Ақсу ауданы аумағында дүниеге келген Ажар Сыдықбекқызы орта мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы техникумнан «Қаржыгер» мамандығы бойынша білім алған. Алғашқы еңбек жолын «Жетісу» аяқ киім фабрикасының есепшісі болып бастаған ол кейін мүмкіндігі шектеулі азаматтарды құқықтық және әлеуметтік қорғауға бағытталған Талдықорған қаласынан «Жігер» қоғамдық ұйымын құрады. Алғашқыда қиындыққа қарамастан шаһардағы «Қаратал» шағын ауданында бір ғимараттың жертөлесінде жұмыс бастаған ол түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, жеңімпаз атанып қосымша киім-кешек тігетін кәсіпорынды жандандыруға мүмкіндік алған.

Әріптестерінің айтуынша, Ажар тұрмысында қиыншылығы бар көпбалалы және басқа да жағдайы төмен адамдарға қайырымдылық жасауды еш уақытта назардан тыс қалдырған емес. Осыдан біраз жыл бұрын Талдықорған қаласынан «Барлығы рақмет үшін» атты сауда орнының негізін қалап, мұқтаж адамдарға тегін тауар тарататып, жан жылуын сыйлаған. Аталған әлеуметтік дүкен қала тұрғындарынан киім-кешек, ыдыс-аяқ, тұрмысқа қажетті заттардың барлық түрін және балалардың ойыншықтарына дейін қабылдаған. Сонымен қатар, әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінде ұтып алған екі кір жуғыш, бір дана кептіргіш құрылғысын қойып тағы бір шағын әлеуметтік кір жуатын бөлмені іске қосады. Онда мүмкіндігі шектеулі жандардың киім-кешегін тазартып, көмек көрсетті. Осылайша бірнеше кәсіпті бір арнаға тоғыстырған Ажар ханым өнімді еңбек етуде.

Бүгінде кәсіпорында 20-дан астам тігінші жұмыс жасаса, бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып, тегін массаж жасап қызмет көрсететін тағы бірнеше маман бар. Сондай-ақ кәсіпкер өз кезегінде еліміздің өзге өңірлеріндегі су тасқынынан зардап шеккендерге түрлі киім-кешек, қомақты азық-түліктен гуманитарлық көмектер жөнелтсе, әлемді шарпыған коронавирус дерті өршіген тұста 10 мыңнан астам маска тігіп, оның тең жарымын тегін таратқан. Сонымен қатар, қазірге дейін кәсіпкерлік пен қайырымдылықты қатар ұстанған азаматша баспанасы өртеніп басқа да қиын жағдайларға тап болған адамдара әрдайым қол ұшын беріп келеді.

– «Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты көмек көрсетумен бірге кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Жігер» қоғамдық ұйымымыз қазір көптеген азаматтарға жігер сыйлауда. «Халқымызда «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген даналық сөз бар. Өмірде талмай тер төгіп еңбектенген адам ғана толағай табысқа жететіні анық. Ал қайырымдылық – қайырлы іс. Менің үнемі көпке көмектескім келіп тұрады. Қолында барда көптен көмегін аямаған адамның екі дүниеде де жүзі жарық. Сондықтан адал еңбек етіп, маңайына мейірімін шашқан адамның болашағы да нұрлы», дейді бірлестік төрайымы Ажар Қыдыралинова.