Мал азығы тапшылығына жол бермеу үшін

0 0

Ақтөбе облысында алдағы қысқы кезеңде мал азығы тапшылығына жол бермеу үшін жемшөп қорын толық қалыптастыру міндеті қойылды. Облыс әкімі Асхат Шахаров жауапты сала басшылары мен аудан әкімдеріне қыс басталғанға дейін қажетті қорды жасақтап, елді мекендердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Мәселе облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды. Жиында ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың қысқа дайындығы, мал басын азықпен қамтамасыз ету және жемшөп дайындаудың қазіргі қарқыны талқыланды.

Биыл өңірде 5 673 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша облыста 642,5 мың бас ірі қара, 1,269 млн қой мен ешкі, 423,7 мың жылқы және 26,4 мың түйе бар. 2026–2027 жылдардағы қысқы маусымда шамамен 1,06 млн шартты мал басын қыстату жоспарланып отыр. Осы көлемдегі малды қыс бойы қажетті азықпен қамту үшін 1,972 млн тонна шөп, 7 мың тонна пішендеме, 26,6 мың тонна сүрлем және 225,5 мың тонна құнарлы жем дайындау қажет. Қазіргі уақытта шөп дайындау жоспары артығымен орындалып, 2,026 млн тонна шөп әзірленді. Бұдан бөлек, 7,3 мың тонна пішендеме мен 18,4 мың тонна сүрлем жиналды.

Мал шаруашылығын қолдау шаралары да жалғасуда. 2026 жылы осы бағытқа бюджеттен 4,2 млрд теңге қарастырылған. Оның 2,3 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы құрылымдарына төленді.

Облыс әкімі жемшөп дайындау жұмыстарын тек жалпы көрсеткіштермен шектемей, елді мекендер бөлінісінде бақылауды күшейтуді тапсырды. Әсіресе шөп тапшылығы туындауы мүмкін ауылдарды алдын ала анықтап, мәселені қыс түскенге дейін шешу қажеттігі айтылды. Асхат Шахаровтың айтуынша, қыс мезгілінде жем мен шөп бағасының негізсіз қымбаттауына да жол бермеу керек. Бұл үшін тиісті үйлестіру жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындарына қажетті жемшөптің қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. «Негізгі міндет – қысқы кезеңде мал басын қажетті көлемдегі жем-шөппен қамтамасыз етіп, жеткілікті қор қалыптастыру. Қыс басталғанға дейін барлық ықтимал проблемалық мәселені анықтап, шешу керек», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілігіне назар аударды. Шаруа қожалықтары өндіріс көлемін сақтаумен қатар, жемшөп дайындауда қиындыққа тап болған жергілікті тұрғындарға қолдау көрсетуі қажет.

Осылайша, өңірдегі негізгі міндет – қысқы маусым басталғанға дейін мал азығының жеткілікті қорын жасап, шаруашылықтар мен ауыл тұрғындарын жемшөппен тұрақты қамтамасыз ету.