Семей қаласында ескі автогуж көпірінің маңында бой көтеріп жатқан жаңа көлік өткелінің құрылысы жоспарға сай жүргізілуде. Нысанның құрылыс барысын облыс әкімі Берік Уәли арнайы барып көріп, мердігерлердің атқарып жатқан жұмыстарымен танысты.
Ауқымды жоба қаланың көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Жаңа көпір төрт жолақты қозғалысқа есептелген. Оның ұзындығы 810 метр, ені 23 метр болады. Құрылысқа қарастырылған қаржы көлемі 47,3 млрд теңгені құрайды.
Қазір нысандағы құрылыс жұмыстарының 87 пайызы орындалған. Көпірдің негізгі тірек элементтерінің бірі саналатын металл аралық құрылым толықтай құрастырылып, орнына орнатылды. Салмағы 9 мың тоннаға жуық металл конструкцияның ұзындығы да 810 метрді құрайды.
Құрылыс алаңында көпірдің жол жамылғысын төсеуге дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, асфальтбетон қабатының астына төселетін «Техноэласт» гидрооқшаулағыш материалын орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл кезең нысанның беріктігі мен ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Жобаның тағы бір маңызды бөлігі – көпірге кіреберіс жолдарды жаңарту. Осыған байланысты Шәкәрім және Тәңірбергенов көшелеріндегі жалпы ұзындығы 560 метр болатын автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары қатар атқарылуда. Кіреберіс жолдардың жаңартылуы жаңа көпірдің көлік қозғалысына толыққанды қосылуына мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, жаңа өткел арқылы көлік қозғалысын іске қосу көзделген. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Семей қаласының осы бөлігіндегі көлік қатынасы жаңа бағытқа көшеді.
Ал қолданыстағы ескі автогуж көпірінің функциясы өзгермек. Ол көлік қозғалысынан босатылып, жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік ретінде қайта бейімделеді. Осылайша, тарихи көпір қала тұрғындары серуендеп, тынығатын орынға айналмақ.
Құрылыс алаңындағы жұмыстардың сапасы мен мерзімі облыс басшылығының бақылауында. Берік Уәли жауапты тұлғаларға құрылыс сапасын қатаң қадағалап, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жаңа көпірдің іске қосылуы Семейдің жол-көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың біріне айналмақ. Жаңа өткел көлік қозғалысын реттеумен қатар, қала кеңістігін жаңғыртуға да мүмкіндік береді.