Заманауи технологиялық өндірістерге қажетті шикізат шығарады

0 1

Степногорск қаласында өндірістік өңір үшін маңызды жобалардың бірі қолға алынды. Қаладағы кәсіпорынның өндірістік базасын жаңарту және сирек жер металдарын өңдейтін жаңа қуат құруға бағытталған жобаға 150 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ.

Жобаны австралиялық Lindian Resources Ltd. тобына кіретін «Silkway Metals» компаниясы жүзеге асырады. Инвестордың жоспарына сәйкес, 2026–2028 жылдары өндірістік нысандар кезең-кезеңімен жаңартылып, жаңа технологиялық желі іске қосылады. Қазір жобаны жүзеге асыруға қажетті бастапқы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Инвестицияның негізгі бөлігі жаңа өндірістің құрылысына бағытталмақ. Шамамен 100 млн доллар жаңа цех салуға жұмсалса, қалған 50 млн доллар қолданыстағы кәсіпорынды қайта жарақтандыруға қарастырылады. Бұл өндіріс орнын техникалық тұрғыдан жаңартып қана қоймай, оның болашақтағы жұмыс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа кәсіпорынның өнімдері қазіргі заманғы технологиялық өндірістерге қажетті шикізаттың бір түрі болмақ. Атап айтқанда, мұнда сирек жер металдарының аралас карбонатын өндіру көзделген. Ол электромобильдерге арналған аккумуляторлардан бастап компьютерлік чиптер мен тұрақты магниттерге дейінгі жоғары технологиялық өнімдерді жасау саласында пайдаланылады.

Жобаның өндірістік әлеуеті де айтарлықтай. Кәсіпорын жылына 12,5 мың тонна өнім өндіруге есептелген. Ал жоспар бойынша жыл сайын 8 мың тоннаға дейін өнім шығару көзделіп отыр. Бұл Қазақстанда сирек жер металдарын өңдеу тізбегін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – оның Степногорскінің еңбек нарығына әсері. Қолданыстағы өндірістегі 228 жұмыс орны сақталады. Өндіріс толық қуатына көшкен кезде жаңа жұмыс орындарының ашылуы күтіледі. Осы арқылы инвестиция тек өнеркәсіптік қуатты арттырып қоймай, қаладағы жұмыспен қамтуға да серпін бермек.

Инвестициялық жобаның келешегі Ақмола облысының әкімдігі мен «Silkway Metals» басшылығының кездесуінде талқыланды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов өндірісті уақытында іске қосу үшін қажетті мәселелерді алдын ала шешудің маңыздылығын атап өтті.

Степногорскінің таңдалуы да кездейсоқ емес. Қалада ірі өндіріс орындарына қажетті инженерлік инфрақұрылым қалыптасқан. Электр және жылу қуаттарының болуы, сондай-ақ өндірістік алаңдардың жеткіліктілігі жаңа жобаны орналастыруға қолайлы жағдай туғызады. Бұған қоса, қалада индустриялық аймақтың іске қосылуы инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Алдағы кезеңде жобаны іске асырудың маңызды сатыларының бірі – қоғамдық тыңдаулардан өту және өндірістік мәселелерді келісу. Өңір басшылығы бұл процестердің уақытылы жүргізілуіне ерекше мән беріп отыр.

Сирек жер металдары әлемдік экономикадағы технологиялық өзгерістермен бірге маңызы артып келе жатқан шикізаттың қатарына жатады. Сондықтан Степногорскідегі жаңа өндіріс Қазақстанның минералдық ресурстарды тек өндіруші емес, оларды өңдеуші ел ретіндегі мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жобалардың бірі ретінде бағаланып отыр.