Маңдай термен тапқан нан тәтті

0 4

Күреңбелдік Сапаркүл Бердалиеваның «Қазына» дүкенін ашып, кәсіпкерлікпен айналысып отырғанына төрт жылдан астам уақыт болды. Дүкенді «Қазына» деп атауының да өзіндік сыры бар. Қазақ деген ырымшыл халық қой, соған орай дүкеніміз қазыналы болсын деп ырымдағаны екен.

Айтса айтқандай-ақ мұнда күнделікті келушілер саны арта түсуде. Сондықтан кәсіпкер үйінің бір бөлмесіне тауық етін пісіретін аппарат қойып, бүгінде бұл істі де жандандырып, ауыл тұрғындарынан ұдайы тапсырыс қабылдап, кәсібінің нәсібін көріп отыр.

«Маңдай термен тапқан нан тәтті» деген мақал кәсіптің адалдығын меңзесе керек. Тиянақты адамның еңбегі де көрікті. Сауданың қыр-сырын меңгерген ол отбасымен ойласа келе, ауыл ішінен өз алдына шағын дүкен ашуды көздейді.

Бүгінде дүкеннің сөрелерінде тұтынушыларға қажетті азық-түлік өнімдерімен қатар, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар да молынан жайғастырылған. Олардың бағасы да қолжетімді. Кәсіпкерліктің көзін тапқан жан еңбексүйгіштігінің арқасында шаңырағының берекесін осылайша кіргізіп отыр.

Өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, отбасының тірегі болған жұбайы Өмірбек Бердәлиев те еңбектің адамы. Сапаркүл апа таңның атысы мен кештің батысы дүкеннің ісін дөңгелетіп отырса, жетпіс жасқа таянған отағасы Өмірбек Бердәлиев «Нұрәділ» аталатын шаруа қожалығына басшылық жасап, жылқы малының көбейтіп отырған жайы бар. Одан бөлек ауыл, аудан арасында «батагөй ақсақал» атанған қария аудан орталығында өткізілген батагөй ақсақалдардың байқауында суырылып алға шығып, бас жүлдені қанжығасына басқан көрінеді. Қария ауыл саябағына тал-дарақ егуден де алдына жан салмайтын көрінеді. Мұны біз ауылға іссапармен барған күні өз көзімізбен көріп, тәнті болдық. Саябақтағы қаз-қатар тізілген жеміс ағаштары көздің жауын алады. Ауыл тұрғындары қандайда бір жеміс ағашын отырғызар алдында ақсақалдан келіп кеңес сұрайды екен.

Осы қасиетті қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған ұлы Жанғали Өмірбекұлы ауылдық округ әкімі аппаратының жүргізушісі болса, келіні Гүлбархан Рүстембекова Күреңбел орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.

– «Еңбектің наны тәтті» дегендей, отағасы да, мен де құр жатқаннан гөрі еңбектенгенді жанымыз сүйеді. Әйтеуір балалардың, немерелердің қамын алдымен ойлаймыз ғой. Сондықтан келер ұрпағымыз қиналмай өмір сүру үшін бар жағдайды жасағымыз келеді де тұрады. Атамыз өте еңбекқор болғандықтан, ұл-қыздарды да бейнеттенуге, еңбекқорлыққа баулып өсірдік, – дейді Сапаркүл Шынәсілқызы.

Кәсіпкерлікке ден қойған отбасының ендігі мақсаты – дүкенді одан әрі кеңейту. Сондай-ақ алдағы уақытта шағын шайхана, спорт кешенін ашуды жоспарлауда. Қай істі бастаса да кәсіптің ебін тауып, барлық істі соңына дейін жеткізгенді жөн санайтын қос қария «Алла қуат берсе әлі де еңбектене береміз», – дейді.