Жастар саясаты – еліміздегі басты басымдықтардың бірі. Өйткені жастар елдің тірегі, мемлекеттің ең белсенді бөлігі. Тәуелсіз еліміздің Мәңгілік ел болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Өйткені төрткүл әлемге қазақ елін танытатын да, мерейін үстем ететін де өсіп келе жатқан жас буын.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға барынша жағдай жасалуда. «Болашақ» бағдарламасымен көптеген жастарымыз шет елдерде білім алып, бүгінде еліміздің дамуына үлестерін қосуда. Тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктеткен спортшыларымыз, ғылым мен сандық технологияны меңгеріп, ел игілігіне қызмет етіп жатқан жастарымыздың қатары күн санап өсіп келеді.
Қызыл жұлдыз ауылдық округінде 14-29 жас аралығындағы 1776 жас бар. Бұл жергілікті тұрғындардың 27,8 пайызын құрап отыр. Қазіргі таңда ауыл жастарының қоғамдағы белсенділігін арттыру, саламатты өмір салтын ұстануына, кәсіпкерлікпен шұғылдануына, елдік мәселелерге белсене қатысуына мүмкіндік мол. Мәселен ұлтымыздың ұлы перзенті Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына орайластырылып, ауылдық клубта «Халқымыздың ұлы тұлғасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оған қатысқан ауыл жастарына қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың өмір жолы мен еңбегі туралы кеңінен ақпарат берілді. Сондай-ақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді ілгерілету мақсатында «Жан серігім домбыра» атты байқау, Қаз дауысты Қазыбек бидің 355 жылдығына арналған кітап көрмесі, Н.Ақшабаев атындағы орта мектептің психологы Р.Әбиеваның ұйытқы болуымен «Өзіңді тану – өмірді тану» тақырыбындағы кездесулерде жергілікті жастар белсенділік танытты, ой-пікірлерімен бөлісті. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында шағын футболдан өткен «Жұлдыз Жастары кубогі-2022» ауылдық турниріне округтен жасақталған төрт команда қатысып, бас жүлдені «1993-тің» командасы жеңіп алды. Мұнымен қатар, жастар бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауылдық округ аппаратында мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен «Жемқорлық – індет, жою – міндет» тақырыбында дөңгелек үстел, «Қылмыс және оның алдын алу» тақырыбында учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны С.Нұрғожаевпен кездесу өткізілді.
«Мәңгілік ел» идеясының негізі елдің ішкі тұрақтылығы, халықтардың өзара достығы мен татулығы, бір-біріне деген сыйластық қарым-қатынасы, тілге деген құрметті қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды қастерлеу болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады.
Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік!», – деп баса айтты.
Жаңа Қазақстанды құру, яғни тәуелсіз елімізді «Мәңгілік ел» ету бүгінгі ұрпақтың, жастардың басты міндетіне жатады. Ол үшін еліміздің жастары білімді, бәсекеге қабілетті, өз ісін жетік білетін, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, ел мен жерінің мүддесін бәрінен биік қоятын тұлғалар болуы тиіс. Ал жаһандану үдерісінде еліміздің мәртебесі биік болуы әрқайсымызға байланысты. Бұл жерде жас буынға, жастарға жүктелер міндет ауқымды. Сондықтан тәуелсіз еліміздің «Мәңгілік ел» болуына бар күш-жігерімізді, білімімізді жұмсайық. Өйткені біздің бір-ақ Отанымыз бар. Ол – Қазақстан.