Қызылорда қаласындағы «Достық» үйінде республикалық Журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтті. «Қоғамдық диалогты ақпараттық сүйемелдеу және журналистикадағы заманауи тәсілдер мәселелері» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға Журналистер клубының мүшелері, этностық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемелерінің баспасөз қызметкерлері, журналистер, медиа-сарапшылар, медиаменеджерлер және блогерлер қатысты.
Журналистер клубының жұмыс істеп келе жатқанына биыл 16 жыл. Ол алғаш Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған болатын. Бүгінде аталмыш ұйымның барлық аймақта өкілдіктері бар. Бұл клубқа 500-ге жуық журналист мүше. Сыр өңірінде ұйымдастырылған Журналистер клубының кеңейтілген отырысында қоғаммен ашық әрі сындарлы диалог орнатудың медиадағы маңызы айтылып, тілшілік тіршіліктегі өзекті мәселелер сараланды.
Жиынды Журналистер клубының төрағасы, қоғам қайраткері Әлішер Сатвалдиев ашып, клубтың бүгінге дейін атқарған жұмысымен, алдағы жоспар міндеттерімен таныстырып өтті. Одан кейін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов және «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Әсел Артакшинова сөз сөйледі.
Келелі басқосудың тәжірибелік бөлімі журналистік және ақпараттық жұмыстың заманауи құралдарына арналды. Журналистер клубының төрағасы Әлішер Сатвалдиев қоғамдық-саяси үдерістерді ақпараттық сүйемелдеу мәселелері бойынша тренинг өткізді. Облыстық Журналистер және сарапшылар клубының төрайымы, PR-менеджер Елена Рыбина «Медиа, PR және қоғам: ашық диалог мәдениеті» тақырыбында баян етті.
Сондай-ақ басқосуда Энергетика министрлігінің ресми өкілі, PR және коммуникациялар саласының маманы Әсел Серікпаева баспасөз қызметтерінің жұмысына қатысты заманауи тәсілдер туралы айтып берді. Ал бағдарламаның екінші бөлігінде «Қоғамдық келісім» РММ сарапшылары, Журналистер клубының мүшелері Думан Мұхаметқалиев пен Ақнұр Сәмбет өңірлік баспасөз қызметтерінің ақпараттық жұмысына сараптама жүргізді. Медиатренер, Halyqline.kz ақпарат агенттігінің журналисі әрі редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ердәулет Калиев «Шешімдер журналистикасы. Өңірлік медиадан қоғамдық маңызы бар материалға дейін» тақырыбын таныстырып, мазмұнды әрі аудитория сұранысына ие контент жасаудың заманауи тәсілдеріне тоқталды.
Басқосу барысында жиырма өңірден жиналған Журналистер клубының мүшелері қазіргі журналистиканың өзекті мәселелерін, қоғаммен ашық әрі сындарлы диалог қалыптастырудағы медианың рөлін, сондай-ақ, қоғамда маңызы зор ақпараттарды сауатты сүйемелдеудің заманауи тәсілдерін жан-жақты талқылады.
Кездесу ашық пікірталас және сұрақ-жауап сессиясымен қорытындыланды. Қатысушылар практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, ақпараттық жұмыстың өзекті мәселелерін талқылады және одан әрі кәсіби өзара іс-қимыл бағыттарын айқындады.