Жамбыл облысында республикалық маңызы бар ескі «Күйік» асуы күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Парламент депутаттары, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылығы мен мердігер мекеме өкілдері қатысты.
Бүгінгі күні Күйік асуындағы автожол жаңғыртылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып отыр. Бұл бағыт өңір үшін стратегиялық маңызы бар көлік дәліздерінің бірі болғандықтан, жол сапасын арттыру мен қауіпсіздікті күшейту басты назарға алынған. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, 1970 жылы салынған жол алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Құрылыс жұмыстарын «СинеМидасСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі он айда аяқтаған. Жобаға 200-ге жуық адам тартылып, жалпы құны 6,9 миллиард теңгені құрады. Жаңартылған жолдың ұзындығы – 12,3 шақырым.
Жол құрылысына келер болсақ, құрылысшылар жол төсемін жаңартып, ескі қабатты толық ауыстырған. Жоба аясында заманауи технологиялар қолданылып, жолдың сапасы мен ұзақ мерзімділігіне ерекше мән берілген. Жаңғырту жұмыстары тек жол жабынымен шектелмей, су өткізу жүйелері ретке келтіріліп, жол жиегі нығайтылған. Қауіпсіздік шараларын арттыру мақсатында жол жиегіне қоршаулар орнатылып, жол белгілері жаңартылған. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
– Бүгін біз Күйік асуындағы жолдың аяқталуының куәсі болып отырмыз. Атап өтерлігі, бұл – өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі. Енді бұл бағыттағы қозғалыс әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз болмақ. Сондай-ақ жол пайдалану пунктінде қыста керек инертті материалдар, тайғаққа қарсы материалдар және де техникаларымыз орналасады. Қаладан осы Күйікке дейін жоқ дегенде 30-40 шақырым. Одан техника келіп жүргеннен осы жерде дайын техникамен уақытылы шығып уақытылы қарын тазалап, уақытылы тайғаққа қарсы материал себу өте тиімді болады. Бұл тиімді жағы да асуда ойластырылған. Қазіргі уақытта жолдың жақсарғаны көрініп тұр. Жалпы жол құрылысына 22 жүк көлігі, 20 жол төсеуші түрлі техника қатысты, – дейді Дархан Иманашев.
Ал облысы әкімі Ербол Қарашөкеев өз сөзінде жаңартылған жолдың оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын маңызды көлік дәлізі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сапалы жол сауда-саттықтың, туризм мен кәсіпкерліктің дамуына серпін береді.
– Жамбыл жері ежелден тоғыз жолдың торабы болған қасиетті мекен. Ал бүгін жаңартылған ескі «Күйік» асуының ел экономикасы үшін маңызы зор. «Күйік» асуы – тек автомобиль жолы ғана емес. Бұл – оңтүстік пен солтүстікті, өндіріс пен нарықты, кәсіп пен мүмкіндікті жалғайтын маңызды экономикалық күретамыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше басымдық беріп келеді. Соның нәтижесінде елімізде ауқымды жол жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгін пайдалануға беріліп отырған ескі «Күйік» асуының жаңаруы – тек Жамбыл облысы үшін ғана емес, тұтас ел экономикасының дамуына серпін беретін маңызды жоба. Себебі сапалы жол сауданың дамуына, туризмнің өркендеуіне, кәсіпкерліктің кеңеюіне, инвестиция тартуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға негіз болады.
Өздеріңізге белгілі, аталған асудың техникалық жағдайы ұзақ жылдар бойы тұрғындар мен жүргізушілер тарапынан орынды сынға ұшырап келді. Әсіресе қыс мезгіліндегі қолайсыздықтар мен көлік қозғалысының қиындығы халыққа айтарлықтай мәселе туғызған еді. Бүгін сол түйткілдің нақты шешімі жүзеге асып отыр. Жаңа жол ел игілігіне қызмет етіп, береке мен дамудың жолына айналсын! – деді облыс әкімі.
Биыл ел аумағында 5200 километрді құрайтын 124 нысанда орташа жөндеу жүргізілмек. Жыл соңына дейін 2 мың километр жолды қолданысқа беру жоспарланған. Ал күрделі жөндеу 54 нысанда немесе 324 километрде жүргізілмек. Соның ішінде бүгін тапсырылып отырған Күйік жолы да бар.
Жалпы Жамбыл облысында жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге барлық бюджет көздерінен 21,3 миллиард теңге қарастырылып, 76 жобаны іске асыру көзделген. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биыл 2 көпір мен 3 теміржол өткелінің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ 7,6 километр көше жолы қайта жаңғыртылып, 167,6 километр автожол орташа жөндеуден өтеді. Аталған жұмыстар облыстық маңызы бар жолдардың 26,2 километрін, аудандық маңызы бар жолдардың 20,1 километрін және елді мекен көшелерінің 128,9 километрін қамтиды. Жалпы 76 жобаның 40-ы – 2025 жылдан өтпелі жобалар болса, қалған 36-сы – жаңа жобалар. Бөлінген қаражаттың 3,2 миллиард теңгесі жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына бағытталады.
Күйік асуының ашылу салтанатында сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров құттықтау сөз сөйледі. Іс-шара соңында өңірдің жол саласын дамытуға елеулі үлес қосып, көпжылдық жемісті еңбек еткен бірқатар азамат марапатталды.