«Жас сақшы» жастарды тәртіп пен патриотизмге үндеді

0 0

Жамбыл облысында алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Жас сақшы – қауіпсіз болашаққа қадам» форумы өтті. Ауқымды іс-шараға еліміздің барлық өңірінен келген «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары қатысып, құқықтық тәрбие мен патриоттық бағыттағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Форумға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, құқық қорғау және арнайы органдардың жетекшілері, ішкі істер саласының ардагерлері, полиция департаментінің қызметкерлері мен өңірлік делегациялар қатысты.

Тағылымды кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрмет сезімін қалыптастыру және полиция мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту. Іс-шара барысында «Жас сақшы» сыныптарының жұмысы таныстырылып, оқушыларды тәртіпке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен баяндалды. Бүгінде Жамбыл облысында 43 полиция сыныбы жұмыс істейді. Бұл сыныптарда 900-ге жуық оқушы білім алуда.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аталған жобаның өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын ерекше атап өтті.

– «Жас сақшы» жобасы жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың елге, қоғамға деген жауапкершілігін арттырады. Мұндай бастамалар жас буынның бойында тәртіп пен патриоттық рухты нығайтуға ықпал етеді, – деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев жобаның жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді байланысты қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

Форум аясында оқушылар буллингтің алдын алу, есірткі қылмысына қарсы күрес, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі тақырыптарында сахналық қойылымдар ұсынып, өз көзқарастарын білдірді. Жасөспірімдердің мазмұнды қойылымдары көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.

Сондай-ақ іс-шара барысында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға жаңа қызметтік автокөліктердің кілті тапсырылды. Форум соңында еліміздің әр өңірінен келген «Жас сақшы» сыныптарының белсенді оқушылары мен жетекшілері арнайы марапаттарға ие болды.

Мамандардың айтуынша, мұндай форумдар жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың қоғамдық белсенділігін күшейтіп, қауіпсіз қоғам қалыптастыруға үлес қосады.