Салық кодексіндегі өзгерістер бойынша жыл басынан бері облыс көлемінде бизнес субъектілеріне тегін кеңес беру арқылы қолдау көрсетуге бағытталған «Халық бухгалтері» акциясы жүргізіп келеді. Бастама бақылау моделінен салық төлеушілерді сервистік сүйемелдеуге (модельге) көшу шеңберінде іске асырылуда. Науқан 2026 жылдың 5 қаңтарынан 30 маусымына дейін жалғасады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті науқан аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Аталған департаменттің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовтың айтуынша, салық төлеушілермен өткен жиындарда, акцияларда және Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаттарында ел азаматтары тарапынан жиі қойылатын сұрақтар бар. Олар:
– Туыстар арасындағы аударымдар салық салуға жата ма?
– Жоқ, салық салуға жатпайды. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 405-бабына сәйкес (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы редакция), мұндай түсімдер жеке тұлғаның салық салынатын табыстарының құрамына кірмейді.
– Егер ақша туған күнге, тойға немесе сыйлық ретінде аударылса ше? Егер ата-аналар мектепке немесе балабақшаға ақша жинаса ше?
– Мұндай түсімдер табыс ретінде танылмайды. Мұндай аударымдар сыйға тарту болып табылады және жеке сипатқа ие. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 405-бабына сәйкес (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы редакция), олар жеке тұлғаның салық салынатын табысқа жатпайды.
– Жеке шотты кәсіпкерлік үшін пайдалануға бола ма?
– Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 27-бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлер қызмет жүргізу үшін банктік шот ашуға міндетті. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 110-бабына сәйкес, барлық есеп айырысулар бақылау-кассалық машиналарды қолдану, немесе арнаулы мобильді қосымша арқылы жүргізілуі тиіс. БКМ қолданбаған жағдайда ӘҚБтК-нің 284-бабына сәйкес ескертуден қайталап бұзңан үшін 15 АЕК-ке дейін жауапкершілік көзделген.
– Егер маған балаларымнан немесе туыстарымнан тұрақты түрде ақша түссе, салық салына ма?
– Жоқ. Мұндай аударымдар жеке (отбасылық) сипатқа ие және кәсіпкерлік табыс болып табылмайды. Бұл ретте іріктеу өлшемшарттарының бірі – әртүрлі 100 және одан да көп тұлғадан аударымдардың түсуі. Сондықтан отбасы мүшелерінен түсетін аударымдар бұл критерийге жатпайды.
Міне, байқағаныңыздай жиі қойылған сұрақтардың реті осылай жалғаса береді. Біз салық төлеушілерге жаңа салық кодексін түсіндіруден еш жалықпаймыз. Қазір де қайталап өтуге дайынбыз, – дейді басқарма өкілі.
Ерлан Нұрмаханбетовтың сөзінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енуіне орай, Салық кодексінде үш ғана арнаулы салық режимі көзделген: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режимдері. Бұрын болған АСР (патент, арнаулы мобилды қосымша, бөлшек салық, тіркелген шегерім, АШӨ үшін АСР) күшін жойған.
– Қазір елімізде болып жатқан науқан, бұл бұрын АСР қолданған кәсіпкерлер, 2026 жылға жаңа Кодексінің ережелері бойынша жұмыс істеу үшін режимді таңдау керек, яғни берілген уақыт аралығында режимді таңдау бойынша өз құқықтарын іске асыру қажет. Атап айтар болсақ, оңайлатылған декларация негізіндегі режимге көшу туралы айтатын болсақ, 2025 жылы оңайлатылған декларация негізіндегі, бөлшек салық және тіркелген шегерімдер арнаулы салық режимдерін қолданған салық төлеушілер, егер оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдануды жоспарлаған болса 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсыну қажет болатын. Аталған хабарлама 2026 жылғы 1 наурызға дейін ұсынылмаған жағдайда, аталған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне автоматты түрде көшірілді..
Ал енді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін режимге көшу бойынша айтатын болсақ, 2026 жылғы 1 наурызда салық органдары 2025 жылы патент негізіндегі АСР-ін немесе арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып АСР-ін қолданған салық төлеушілерді жеке кәсіпкер ретінде есептен автоматты түрде шығарады. Есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі, бұл ретте салық төлеушінің өз бетінше есептен шығу туралы өтініш беру құқығы сақталады. Осы жерде ескерткім келген,: егер салық төлеуші қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынып, басқа режимді таңдаған болса, автоматты түрде есептен шығару жүргізілмейді. Бұл ретте, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданудың басталу күні «E-Salyq Business» мобильді қосымшасында алғашқы чектің қалыптастырылған күні болып табылады, – дейді Ерлан Нұрмаханбетов.
Сондай-ақ шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық органдары арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады және салық төлеушілерден хабарлама ұсынуды талап етпейді екен.
– Жоба шеңберінде салық төлеушілер бухгалтерлік есеп, салық есептілігі, сондай-ақ ақпараттық жүйелердегі жұмыс мәселелері бойынша ұғымды және практикалық түсініктемелер ала алады. Кеңес беруді кәсіби бухгалтерлер бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі қызметкерлері жүргізеді. Тараз қаласында кеңес беру Қойгелді батыр көшесі, 188 мекенжайда орналасқан Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқарманың қызмет көрсету орталығында өткізіледі. Ал аудандарда қабылдау мемлекеттік кірістер басқармаларында ұйымдастырылады. Қосымша Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен бейнеконсультация, телефон байланысы, онлайн-консультация форматында өзара іс-қимыл қарастырылған. «Халық бухгалтері» акциясы кәсіпкерлердің салықтық сауаттылығын арттыруға, уақтылы профилактикалық және кеңес беру арқылы бұзушылықтар санын азайтуға бағытталған, – дейді Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетов.
Бұдан бөлек, бүгінгі күні салық төлеушілер тарапынан қойылатын өзекті сұрақтардың бірі – мобильді аударымдар. Екіншісі, облыста салық тәртібін нығайтуға және адал кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған «Кәсіпкердің абыройы – адалдықта, тұтынушының сенімі – фискалдық чекте» серпінді жобаны іске асырылуы туралы түсіндірме беру.
– Қарапайым сөзбен айтқанда – Мобильді аударымдарға бақылау не үшін қажет? Мобильды аударымдарға бақылау жүргіздірудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлік табысты жеке аударым ретінде жасырудың алдын алу (яғни жеке аударымдарды кәсіпкерлікке қатысты аударымдардан бөлу) және көлеңкелі экономиканы азайту. Қазіргі таңда кейбір кәсіпкерлер тауар немесе қызмет үшін төлемді POS-терминалсыз, чек бермей, тек жеке мобильді аударым арқылы қабылдайды. Мұндай жағдайда сатылған тауар немесе көрсетілген қызмет ресми есепке алынбай қалуы мүмкін. Сондықтан мобильді аударымдарды бақылау – кәсіпкерлік қызметті заңдастыруға, фискалдық чектердің берілуін қамтамасыз етуге, қолма-қол ақшасыз төлем мәдениетін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар қарапайым азаматтардың туыстарға, достарға немесе жеке мақсатта жасайтын аударымдары кәсіпкерлік қызмет болып саналмайды және оларға шектеу қойылмайды, – деп атап өтті ол.
Мобильді аударымдарға бақылау неге негізделеді? Ол бақылау бекітілген өлшем шарттарға негізделеді. Атап айтсақ, бір жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банктік шотына (шоттарына) қатарынан күнтізбелік әрбір үш ай ішінде 100 және одан да көп әр түрлі тұлғалардан ақша қаражатын алуы, сондай-ақ көрсетілген кезеңдегі түсімдердің жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асқан жағдайда бақылауға жатады.
Ал екінші деңгейдегі банктер мәліметтерді салық органдарына есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей тоқсан сайын ұсынады (2026 жылғы 15 сәуірге дейін 2026 жылғы қаңтар-наурыз айлары бойынша алғашқы мәліметтер берілді), және тек жоғарыда көрсетілген өлшем шарттар қатар орындалған жағдайда ғана. Екінші деңгейдегі банктерден мәліметтерді жинау аяқталғаннан кейін (алдын ала ағымдағы жылдың мамыр айында) салық органдары тарапынан тиісті бақылау шаралары жүргізіледі.
– Көрсетілген мәліметтерді алғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары келесі бақылау шараларын екі кезең бойынша жүргізеді: Бірінші кезең – жеке тұлғаларды жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркелу қажеттілігі туралы хабардар ету; Осы мақсатта салық төлеушіге хабарлама жіберіледі, ол ақпараттық сипатқа ие және жауап беруді талап етпейді. Екінші кезең – бақылау шаралары, салық кезеңі үшін салық есептілігін тапсыру мерзімі өткеннен кейін камеральдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлама жіберу.
Жеке тұлғаларды хабардар ету жауап беруді талап етпейді. 2027 жылғы 15 қыркүйектен кейін (270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру мерзімі) жеке тұлға дербес салық салуға жататын табыстар бойынша салыстыру жүргізіліп, камеральдық бақылау нәтижелері бойынша сәйкессіздіктер туралы хабарлама жіберіледі.
Жеке тұлғаның белгіленген өлшем шартқа сәйкес келуі банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтату үшін дербес негіз болып табылмайды. Шығыс операцияларын тоқтату тек камеральдық бақылау нәтижелері бойынша жіберілген хабарламаны орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген тәртіппен және негіздер бойынша ғана жол беріледі, – дейді Ерлан Нұрмаханбетов.
Жалпы жаңа Салық кодексінде өзгерістер көп. Әлі де кәсіпкерлер арасында жаңа Салық кодексіне енген өзекті сұрақтарға түсіндірмелер беру қажеттілігі туындап отырғаны белгілі. Яғни, арнаулы салық режимін (АСР) қолдану туралы хабарлама ұсынылмаған жағдайда, қандай міндеттемелер туындайды және оңайлатылған декларация негізіндегі АСР кез келген уақытта көшуге бола ма? Сонымен қатар, патентпен немесе арнаулы мобилді қосымша негізінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кәсіпкерлер ары қарай жұмысты жүргізу үшін не істеу керек? Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимнің қандай ерекшіліктері бар, не үшін керек бұл режим? Қандай жағдайда бухгалтерлік есеп жүргізу міндеттеме туындайды? Салықтық жеңілдіктер және тағы да басқа сұрақтарға әлі де толастамауда.
– Көпшілікке белгілі болғандай, биыл жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілген. Салық кодексімен үш ғана арнаулы салық режимі көзделген: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режимдері. Кәсіпкерлерден жиы қойылатын өзекті сұрақтардың бірі – бұл жаңа Салық кодексінің өтпелі ережелерге сәйкес арнаулы салық режимдер болып табылады, оның ішінде ең маңыздысы бұл, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолдану үшін бизнес субъектілері 28 ақпаннан кешіктірмей қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынуы қажет болатын. Анықтама ретінде айтатын болсақ, облысымыздағы АСР қолдануға шарттарға сай келетін 80 мың кәсіпкерлерден, АСР қолдануға хабарлама ұсынбағаны 8,5 мың (10,7 пайыз) кәсіпкерлік субъекті қалып отыр. Олардың ішінде негізді себептермен хабарлама ұсынбаған кәсіпкерлер де бар, басым бөлігі – жалпыға бірдей тәртіппен есеп айырысатын тұлғалармен жұмыс жасайтындар, жалпы жұмыс істемейтіндер, тарату сатыда тұрғандар және тағы басқа, – дейді Ерлан Нұрмаханбетов өз сөзінде.
Әңгіме барысында біраз мәселенің басы қайырылды. Ерлан Нұрмаханбетов «Әңгіме әлқисасын сұрақ-жауаппен бастап едік, енді сұрақ-жауаппен аяқтасақ қалай болады. Өйткені сұрақ-жауап оқырманға түсінікті әрі тиімді амал екенін үгіт-насихат жұмысы барысында дәлелденген нұсқа», деп қайтадан салық төлеушілерден түсетін, тағы да жиі қойылатын сұрақтарды қайталай отырып, ашып жауап беруге тырысты.
Сонымен:
Сұрақ: 2025 жылы патент, немесе арнайы мобильды қосымша негізінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған тұлғалар, ары қарай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғысы келсе не істеу керек, кәсіпкерлікті жабу керек пе?
Жауап: Егер патентпен немесе мобильды қосымшамен жұмыс істеген кәсіпкер ары қарай кәсіпкерлік жұмыс жасауды шешсе, оларға екі жолы бар:
Біріншісі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін режимге көшуге болады, ол үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін шарттарға сай келу керек, 1) арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесіндегі қызмет түрі келу керек (рұқсат етілген 40 қызмет түрі бар, мысалы: такси қызметі, жеке немесе жалға алынған тұрғын үйді жалға алу (қосалқы жалдау), ветеринариялық қызмет, аяқ киімді жөндеу, шаштараздар, сұлулық салондары және т. б. қызметтері); 2) кәсіпкерлігі болмау; 3) табыс көлемі айына 300 АЕК аспау (1,297 миллион); 4) жалдамалы адам болмау тиіс. Осы режимді қолдану үшін шарттарға сай келсе, патентпен істеген тұлға жеке кәсіпкерлігін жабу керек. Бұл ретте, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданудың басталу күні «E-Salyq Business» мобильді қосымшасында алғашқы чектің қалыптастырылған күні болып табылады. Бұл режим не үшін керек не пайда одан десек? Бұл режим жалпы микро бизнесті көленкеден шығаруға және осы тұлғаларды әлеуметтік қамсыздандыруға, яғни базалық әлеуметтік кепілдіктерді беруге бағытталған. Бұл режимді тек жеке тұлғалар ғана қолдана алады (заңды тұлғаларға болмайды).
Екінші жолы – оңайлатылған декларация негізіндегі АСР таңдау үшін 28 ақпаннан кешіктірмей хабарлама ұсыну. Егер 2025 жылы патент негізіндегі немесе арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып АСР-ін қолданған салық төлеушілер ЖК-і өз бетінше жаппаса, немесе оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолдану үшін хабарлама ұсынбаса, онда – 2026 жылғы 1 наурызында салық органдары осы санаттағы кәсіпкерлерді автоматты түрде жеке кәсіпкер ретінде есептен шығарады. Есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.
Сұрақ: Кәсіпкер немесе заңды тұлға 2025 жылы жалпыға бірдей тәртіппен істеген, оңайлатылған декларациядағы шарттарына сай келіп, осы режиммен жұмыс істеу үшін, хабарлама берген жағдайда осы режимді қолдануы қай күннен басталған болып есептеледі?
Жауап: Салық Кодексінің 716 бабының нормаларына сәйкес, жалпыға бірдей тәртіптен арнаулы салық режимге көшу күні – салық салу режимге ауысу туралы хабарламаны табыс еткен күннен басталған болып табылады.
Сұрақ: Бұл бухгалтерлік есеп жүргізу туралы, мысалы біраз кәсіпкерлер жалпыға бірдей тәртіпке ауысып жатыр. Осыған орай оларға бухгалтерлік есеп жүргіздіруге міндеттеме туындайды, ал нақты келгенде кәсіпкерде қандай жағдайда бухгалтерлік есептемелерді жүргізбеуге құқығы бар?
Жауап: «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Заңның нормалары негізінде дара кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп жүргізуді (бастапқы құжаттарды жасаудан және сақтаудан басқа) және қаржылық есептілікті жасауды бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін болса, бухгалтерлік есептемелерді жүзеге асырмауға құқылы:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданады және күнтізбелік жылдағы табысы айлық есептік көрсеткіштің 135000 еселенген мөлшерінен (583 875 000 теңге) аспайды;
2) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінде тұрмайды;
3) табиғи монополия субъектілері болып табылмайды.
Осы тармақта көрсетілген шарттардың бірі сәйкес келмеген жағдайда, дара кәсіпкер осындай сәйкессіздік туындаған айдан кейінгі айдан бастап бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды жүзеге асыруға міндетті. Сөзбен айтқанда, осы шарттар бірден сақталған жағдайда, кәсіпкер бухгалтерлік есептерді жүргізбеуге құқылы.
Сұрақ: Жаңа Салық кодексінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Жауап: I және II топтағы мүгедектер үшін Салық кодексінде қолданыстағы 882 АЕК-тен (айына 289 мың теңге) салық салынбайтын табыс салығының ең аз мөлшері 5 000 АЕК-ке (айына 1600 мың теңге) дейін ұлғайтылды. ЖЗҚ-дан зейнетақы төлеу кезінде азаматтарды табыс салығын төлеуден босатты. Азаматтар үшін көлік салығының мөлшері 10 жастан асқан автомобильден – 30 пайызға және 20 жастан асқан – 50 пайызға азайды, бұл өзгеріс 2026 жылға төлеу кезінде, яғни 2027 жылдың 1 сәуірінде төлеушілер үшін сезіледі.
Прогрессивті салық салуды енгізу шеңберінде жалақыдан стандартты салық салынбайтын шегерім ұлғайтылды. Атап айтқанда, базалық салық шегерім енгізіліп отыр. Осылайша, жалақысы 140 мың теңгеге дейінгі төмен жалақы алатын қызметкерлер табыс салығын төлемейді.