Инвестициялық тартымдылығы жоғары

0 5

Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық облысының іскерлік бірлестігінің 70 өкілі қазақстандық кәсіпкерлермен екіжақты ынтымақтастық құруға қызығушылық танытып отыр.

Алматы облысының әкімдігінде жиын өтіп, өзара тиімді ынтымақтастық пен экономиканың түрлі салаларындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың келешегі талқыланды. Туризм, ауылшаруашылығы және құрылыс салаларына ерекше көңіл бөлінді. Кездесуге қатысушылар серіктестікті кеңейту және осы салаларды дамытуға бағытталған нақты бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

ШҰАА Сауда-өнеркәсіп палатасы басшысының орынбасары Тұрсынжан Мұхатұлы өз сөзінде, Алматы облысының кәсіпкерлері мен Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық аймағы бизнес-қауымдастығы өкілдері арасындағы ынтымақтастықтың келешегі зор екеніне сенім білдірді. Ол өңірдің инвестициялық тартымдылығы деңгейінің жоғары болуы экономиканың түрлі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызатынын баса айтты. Тұрсынжан Мұхатұлы өңірде туризм, ауылшаруашылығы және құрылыс салаларының белсенді дамуы инвестиция мен өзара тиімді ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер беретінін де атап өтті.

Өз кезегінде Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Айбар Теменов Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді қарым-қатынастардың деңгейі жоғарылағанын табысты жүзеге асырылған жобалардың саны дәлелдейтінін атап өтті. «Жыл сайын өзара тиімді байланыстар нығая түсуде, бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және екі елдің бизнесі мен экономикасы үшін жаңа перспективалық мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді. Алматы облысы мен Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық облысы арасындағы әріптестікті өзара кеңейту, аймақтар арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», деп түйіндеді Айбар Теменов.