Инвестициялық дөңгелек үстелде бірлескен жобаларға қол қойылды

0 5

Астанада Қазақстан Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов пен Малайзия Премьер-Министрі Ануар Ибрагим екі елдің бизнес-қоғамдастықтары мен ғылыми топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Малайзия инвестициялық дөңгелек үстелін өткізді. Онда экономиканың басым салаларындағы ынтымақтастықты арттыру перспективалары талқыланды.

Қазақстан Үкіметінің басшысы Малайзия еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі сауда-экономикалық әріптестердің бірі екенін атап өтті. Бір жыл ішінде екіжақты тауар айналымы 150 млн-нан шамамен 245 млн-ға дейін өсті. Мақсат – экономикалардың қолда бар әлеуетін ашу және екіжақты сауда көрсеткішін пандемияға дейінгі 650 миллион доллардан асыру.

«Біздің мемлекеттеріміздің арасындағы тығыз саяси диалог өзара серіктестіктің берік негізін қалайды. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сіздің кешегі кездесуіңіз екіжақты қарым-қатынастардың дамуындағы маңызды тарихи кезең болды. Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде қабылданған барлық уағдаластықтарды іске асыруға дайын екенін білдіреді», деген Олжас Бектенов Қазақстанның Малайзияға экспортты әртараптандыру ниеті туралы мәлімдеп, малайзиялық кәсіпкерлерді қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, қаржы, білім беру, жер қойнауын пайдалану, ауылшаруашылығы және құрылыс салаларындағы серіктестігін нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін бірлесіп зерделеуге шақырды. Бүгінде Қазақстанда малайзиялық капиталдың қатысуымен 48 компания жұмыс істейді. Жалпы сомасы 410 миллион астам 17 бірлескен инвестициялық жоба іске асырылуда.

Өз кезегінде Малайзия Премьер-Министрі Ануар Ибрагим мемлекетаралық іс-қимылдың оң динамикасын атап өтті. Соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымының өсімі 30%-дан асты. Малайзия Қазақстанмен туризм, білім беру, энергетика салаларында, сондай-ақ қазақстандық халал өнімдерді жеткізу саласында ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Бұдан басқа, әлеуеті басым бағыттар бойынша бірлескен жобалар санын көбейту қажеттігі атап өтілді.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстанда еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жүйелі шаралардың іске асырылуы туралы айтылды. Инвесторларға салық және кедендік жеңілдіктер беріледі, консалтингтік және инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуде.

Дөңгелек үстел аясында қазақстандық және малайзиялық бизнес өкілдері нақты келіссөздер жүргізді. Малайзия Парламентінің сенаторы, Ұлттық кәсіпкерлер және индустрия палатасының (NCCIM) президенті Лоу Киан Чуан Қазақстанның Малайзияның Орталық Азия аймағындағы маңызды әрі ең үлкен стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Дөңгелек үстел алаңдарында инвестициялық байланыстарды тереңдету және жаңа нарықтарды бірлесіп игеру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді және жалпы сомасы $350 млн асатын келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Ислам қаржысын және сауданы дамыту, сондай-ақ азық-түлік өнеркәсібі, тау-кен салаларына инвестициялар тарту, алтын өңдеу және трансформатор мен автомобиль майын бірлесіп өндіру салаларында ынтымақтастық орнату жоспарланған.

Уағдаластықтарды жүзеге асыру екі елдің табысты ынтымақтастықтығын кеңейту жолындағы маңызды қадам болмақ.