Шу қаласында бюджет қаржысының мақсатты игерілгенін қала әкімі Елдос Нұралиев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында тарқатып айтып берді.
Оның айтуынша, биылғы жылға қаланың бюджеті 1 миллиард 456 миллион теңге болса, оның ішінде өзіндік кірісі 1 миллиард 164 миллион теңге, аудандық бюджеттен бөлінгені 292 миллион теңге. Жалпы алғанда, үш жыл ішінде қаланың өзіндік кірісі шамамен екі есеге жуық артқан. Бұл өз кезегінде қаланың экономикалық әлеуетінің нығайып, кіріс көздерінің кеңейгенін және жергілікті бюджеттің сыртқы трансферттерге тәуелділігінің біртіндеп азайып келе жатқанын көрсетеді. Ал өткен жылға қаланың бюджеті 1 миллиард 381 миллион теңге болса, оның ішінде өзіндік кіріс 959 миллион теңгені құраса, аудандық бюджеттен 422 миллион теңге бөлінген. 2024 жылға қаланың бюджеті 1 миллиард 259 миллион теңге болса, оның ішінде өзіндік кіріс 592 миллион теңге, аудандық бюджеттен бөлінгені 460 миллион теңге. Облыстық бюджеттен қаралғаны 200 миллион теңге болатын. Бүгінде қала кірісі артып келеді.
– Бүгінгі күні Шу қаласындағы тұрғын саны 45249 адамды құрайды. Аула саны 10116-ы. Қала 1960 жылғы 25 маусымда құрылған, жалпы аумағы 5615,31 гектар. Қаланың аумағы 8 тұрғын алқапқа бөлінген, атап айтсақ, олар – Қант зауыты, Тоғай, Жанқұлиев, Батыс, Горгаз, Жайсан, Жетісу, Қосқұдық шағын аудандарынан тұрады. Шу қаласында жалпы ұзындығы 204,2 шақырымды құрайтын 313 көше бар. Өткен жылдан бері асфальт жабыны төселмеген 119-ы көше жолын жөндеу жұмыстары басталған. Өткен және осы жылы жалпы құны 716314 миллион теңгені құрайтын, ұзындығы 21 шақырым болатын 44 көшеге асфальт жабынын төсеу жұмыстары бастау алған. Бүгінгі күні 28 көшеге асфальт жабыны төселген. Ондағы құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қазір асфальтталған көшелердің үлесі 222 көшеге жеткен, бұл жақсы жолдың 71пайызын құрайды. Ал қалған 18 көшенің жұмыстары бюджет тапшылығына байланысты биылға өтпелі болды. Жол жөндеу жұмыстары осы айда қайта басталып, құрылыс жұмыстары өз ретімен жалғасуда. Сондай-ақ Сейфуллин көшесінен бастап Орынбаев көшесіне дейін 2,2 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолын салуға 71,2 миллион теңге қаралған. Сонымен қатар қала ішіндегі ойылған көшелерді жамау жұмыстарына 37 миллион теңге қаралып, бүгінгі күнге жұмыстар бастау алды, – дейді қала әкімі Елдос Бекболатұлы.
Бұдан бөлек, биыл жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын 35 көшеге асфальт, 2 көшеге жаяу жүргіншілер жолының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған. Бюджеттен қолдау табылса аталған жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар.
Қалада қоғамдық көлік тасымалы да дұрыс жолға қойылған. Бүгінгі күні Шу қаласы бойынша «Ақ жол-2000» ЖШС қызмет көрсетеді. «Ақ жол-2000» ЖШС-нің «Төле би-Қант зауыты» бағытында сегіз автобус және «Автобекет-Тоғай» бағытында екі автобусы жолаушыларды тасымалдауда. Жол ақысының бекітілген тариф құны 50 теңге. Алдыңғы жылы «Ақжол-2000» компаниясы «DONGFENG» маркалы жаңа жеті автобус сатып алған болатын. Бұл сатып алу отандық өндірушіні қолдау және «Семаз» Семей автоөндірушісінен жеті жылға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке көлік паркін жаңғырту бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.
Биыл аялдама арасындағы жүру уақытын қысқарту бойынша, Шу қаласы мен Төле би ауылы «Қант зауыты-Төле би» бағытқа қосымша екі автобус және Шу қаласы Тоғай шағын ауданына «Автобекет-Тоғай» №3 бағытқа қосымша бір автобус қосылды. Сондай-ақ, қала ішіндегі жолдардың бойында жалпы 31 аялдама бар. Оның ішінде республикалық мәндегі жол бойындағы 12 аялдама күрделі жөндеу жұмыстары есебінен жаңартылған. Ал одан бөлек тозығы жеткен алты аялдаманы ауыстыру қажеттілігі туындаған. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 2024 жылы екі жаңа аялдама орнатылса, 2025 жылы төрт аялдама орнатылған. Ал биыл жалпы құны 12 миллион теңгеге қосымша төрт аялдама орнату көзделген.
– Шу қаласының батыс аумағында ұзындығы 54,7 шақырымды құрайтын кәріз су жүйесі орналасқан. Кәріз жүйесінің салынған жылы 1961 жыл. Бүгінгі күнге кәріз жүйесінің 86 пайызының тозығы жеткен. Бұл қаладағы Батыс, Жайсан, Жетісу шағын аудандарын қамтып келген. Сүзу алаңдарының жалпы ауданы 47 гектар. Батыс шағын ауданына жақын орналасқандықтан (шамамен 150 метр), жергілікті тұрғындар жағымсыз иіс шығуына наразылықтарын білдіруде. Қолданыстағы кәріз жүйесі шамадан тыс жүктелген апаттық режимде жұмыс істейді, экологиялық талаптарға жауап бермейді. Мәселені шешу мақсатында, Шу қаласының кәріз және шайынды су жүйелерін қайта жаңғыртуға өткен жылға жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылып, бүгінгі күнге қаражаттың бөлінуі күтілуде, – дейді ол.
Қаладағы көппәтерлі үйлердің мәселесі де ретімен шешімін табуда. Бүгінгі таңда Шу қаласында 133 көппәтерлі тұрғын үйлер бар. Оның ішінде екі қабатты 95 үй, үш қабатты 4 үй, төрт қабатты 11 үй, бес қабатты 23 үй бар. 118 көпқабатты тұрғын үй кондоминиум обьектісіне тіркелсе, мемлекеттік бағдарлама арқылы көппәтерлі 51-үй жөндеуден өткен. 2023 жылы қайтарымсыз қаражат есебінен 9 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілген. 2024 жылы 8 КПТҮ-ге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті құжаттары дайындалып, «облыстық бюджеттерге республикалық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне кредит беру» бюджеттік бағдарлама аясында қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал бүгінгі күнге көпқабатты 67-үй жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Сонымен қатар, Шу қаласының өзіндік кірісі есебінен жалпы құны 166,9 миллион теңгеге Қонаев көшесі №1,3, Сатпаев көшесінде №159 және Түйебеков көшесінде №20, С.Шәкіров көшесінде №3, 5, 7 көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізу жоспарланған.
Шу қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстарын «ПГС Регион» ЖШС-і мекемесі атқаруда, 42 көп қабатты тұрғын үйге табиғи газ жүйелері тартылды. Бүгінгі күнге 550 абонент иелері осы мекемемен келісім-шартқа отырды. Жалпы қаладағы 133 КПТҮ-ге табиғи газ жүйелері тартылған, абонентер саны 650. Жеке тұрғын үйлерге тартылған газдың 2025 жылдың анықтамасы бойынша 7175 абонент қосылған. «Тұрғын үймен қамту мәселесіне келсек, қалада тұрғын үй кезегінде 882 адам тіркелген. Осыған орай тұрғын үйлерде кезекте тұрған және әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарға 2023-2025 жылдар аралығында Шу қаласында жалға берілетін жалпы 123 үй сатып алынып, табысталды. Қазіргі таңда қалада қосымша 94 пәтер толық аяқталып, пайдалануға беру үшін құжаттар жинақталуда.
Ал таза ауызсу мәселесіне тоқталар болсам, қаладағы 9406 ауланың 7791-і ауызсуға қосылған. Бұл халықтың 82,8 пайызын құрайды. Өткен жылы «Қант зауыты», «Жанқұлиев», «Жайсан», «Горгаз» шағын аудандарын таза ауызсумен толық қамтылған. Жобаның жалпы құны 5043 миллион теңгені құрады. Жалпы Шу қаласының тұрғындары орталықтандырылған ауызсумен толық қамтылған.
– Ендігі мәселе аталған шағын аудандарға ауызсу жүйесі толықтай тартылғанымен үйлерге қосылу жұмыстары баяу жүргізіліп жатыр. Айталық бүгінгі күнге дейін орталықтандырылған таза ауызсу жүйесімен Горгаз ш/а 27 көшенің 562 абонентінің бүгінгі күнге 284 абоненті, Жанкулиев ш/а 15 көшенің 421 абонентінің 263 абоненті, ал Жайсан ш/а 7 көшенің 103 абонентінің 85 абоненті ғана суды үйлеріне кіргізіп алған. Осыған байланысты үй маңына келіп тұрған таза ауызсуды әр үй тиімді пайдалану керек. Таза ауызсуды көшеге дейін кіргізу мемлекеттік бағдарлама арқылы жүзеге асырылды. Ал үйіне дейін кіргізу үшін әр тұрғын «Ауызсу-Шу» мекемесінен рұқсат алып, одан кейін суды үйіне кіргізіп алғаннан кейін есептегіш алып орнатып, сол мекемеге есепке алады. «Ауызсу-Шу» мекемесі тарапынан суды үй ауласына кіргізу үшін тариф бекітілген. Тариф құны 35 мың теңге, ал қажетті құрал жабдықтармен кіргізу құны 55 мың теңгені құрайды, – дейді Елдос Бекболатұлы.
Қалада электр желілерінің жалпы ұзындығы – 275,5 киллометр. Тозуы –70 пайыз. Қалада төрт қосалқы станса жұмыс істейді. Қала әкімінің айтуынша, бұл өз кезегінде электр энергиясының тұрақты берілуіне кері әсерін тигізіп, қала тұрғындары тарапынан жиі жарықтың сөніп қалуына байланысты наразылық тудыруда. Электр инфрақұрылымын жаңарту бойынша кешенді шаралар қабылданғанша өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Жалпы қаладағы 313 көшенің 85 көшесі ғана түнгі жарықшамдармен қамтылған. «Өткен жылы қаладағы 17 көшеге жалпы сомасы 143,2 миллион теңгеге түнгі жарықтандыру орнату және электр бағаналары жаңарту жұмыстары жүргізілді. Ал биыл тоғыз көшенің түнгі жарықтандыруды орнату және электр бағаналары жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ойын және спорт алаңшаларына тоқталсақ, қалада бір спорт кешені, екі футбол ойнайтын үлкен стадион, он бір шағын спорт алаңш, 37 балалар ойын алаңы және екі волейбол мен баскетбол алаңы бар. Биыл 9 жерге балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Жобалардың жалпы құны – 151,5 миллион теңге. Бүгінгі күнге мердігерді анықтау жұмыстары жүргізілуде», – дейді қала әкімі.
Бұдан бөлек, қаладағы Тоғай шағын ауданындағы Т. Рысқұлов мектебінің ескі футбол алаңшасының орнына «Қазақстан халқына» қоры арқылы бір ангар типтегі футбол алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Өткен жылға жүзеге асырылған ауқымды жобалардың бірі «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары болатын. Аталған саябақ 2025 жылдың қараша айында пайдалануға берілсе, бүгінгі күнге саябақтың ішіне көгалдандыру жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар жалпы құны 78 миллион теңге құрайтын Қант зауыты шағын ауданындағы Қасымхан көшесі бойындағы аллея толықтай жаңартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қордай ауданы бағытынан Шу қаласына кіре берістегі «Шу» жазуы бар стелла жаңартылып, заманауи келбетке ие болған. Қала әкімінің сөзінше, бұл жобалар қала тұрғындары мен қонақтарына жайлылық сыйлайды.
– Қаладағы экологиялық мәселелердің алдын алу, тұрғындардың ұйымшылдық мәдениетін қалыптастыру және дамыту мақсатында ағаш отырғызу акциясы бастау алған болатын. Осы акцияны жүзеге асыру үшін әлеуметтік желілерге үндеу жарияланған. Нәтижесінде Айша бибі, Ұлытау және Ақан сері көшелерінің тұрғындары белсенділік танытып, 500-ге жуық түп қара ағаш көшеттері отырғызылды. Аталған акцияның ерекшелігі сол, отырғызылған ағаштарды күтіп-ұстауға тұрғындардың өздері жауапты болады. Айта кетерлігі 2025 жылғы жобаларымыздың басым бөлігін қаланы абаттандыру, көріктендіру жұмыстарына бағыттап отырдық. 2026 жылға арналған жоспарымызды да дәл осы қарқында жалғастыруды ойластырып отырмыз. Ал 2026 жылы республикалық маңызы бар тас жолының Шу қаласы аумағынан өтетін С.Сейфуллин көшесі бойынан Аспалы көпір аумағына жаңа үлгідегі жарықтандыру және арнамент орнату, «Ерке Сылқым» аллеясы аумағын абаттандыру, Арқалық көшесі бойынандағы балалар ойын алаңы орнату және абаттандыру жобаларының мердігерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Паровоз» аллеясы маңын абаттандыру, Қ.Сәтпаев пен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарымызда бар.
Сонымен қатар қаламыздың басты көрінісі ол тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу вокзалы. Бұл – еліміздегі темір жол сааласындағы маңызды нысанның бірі. Аталған нысан 1989 жылы салынған. Вокзалдың жалпы ауданы 7 035,67 шаршы метрді құрайды. Сол уақыттан бері вокзал күрделі жөндеу көрмеген. Бүгінде екі қабатты еңселі ғимараттың тозығы жеткен. Вокзал арқылы әр тарапқа күн сайын 2000-500 шамасында адам қатынайды. Күніне осынша адам вокозал ғимаратының ішіне кіріп-шығады. Келетін пойызын сағаттап күтіп отыратын жолаушылар да аз емес. Осыған байланысты «Қазақстан Темір Жолы» АҚ тарапынан күрделі жөндеу жұмыстарына 3,4 миллиард теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жұмыстар басталды. Бұдан бөлек Шу темір жол вокзалының алды перонға абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына құны 524,2 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Негізгі ғимаратты жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары бастау алатын болады, – дейді Елдос Бекболатұлы.
Ал қала ішіндегі тұрмыстық қатты қалдықтарға келетін болсақ, шаһар басшысының сөзінше, қалада тазалық жұмыстары 2 бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт, яғни, тұрғындардың тұрмыстық қатты қалдықтарын тазалаумен «Төле би» мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны айналысуда. Аталған кәсіпорынмен қоқысын қаппен шығаратын 3100 жеке тұрғын үй келісім шарт жасасқан. Төленетін тариф құны қаппен шығаратын жеке үйлер үшін айына 1700 теңге, көппәтерлі тұрғын үйлер үшін адам басына 450 теңге болып бекітілген. Заңды тұлғалар үшін тариф құны айына 3500 теңге. Кәсіпорынмен қаладағы 75 заңды тұлға келісім шарт жасасқан.
Екінші бағыт, қоғамдық орындар мен орталық көшелердің күнделікті тазалығына қоғамдық жұмысшылар жауапты. Алайда соңғы жылдары қоғамдық жұмысшылардың саны қысқарып, жұмысшы тапшылығы орын алуда. Мысалы 2024 жылы 157 қоғамдық жұмысшы болса, 2025 жылы 88 қоғамдық жұмысшы, ал 2026 жылы 40 қоғамдық жұмысшымен тазалық жұмыстары жүргізілуде.
– Шу қаласының аумағы кең екенін ескерсек, мұндай қысқару қаланы толық әрі сапалы тазалауға қиындық туғызуда. Осыған байланысты коммуналдық қызметтердің жүктемесі артып, кейбір аумақтардың уақытылы тазаланбау мәселесі туындауда. Осы жағдайды ескере отырып, тұрғындардың белсенділігін арттыру мақсатында өз ауласын және қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған түрлі акциялар мен сенбіліктер ұйымдастырылуда. Осы акциялардың бірі, қаланың әр аумағына арнайы QR-кодтар ілініп, кез келген тұрғын QR-кодты сканерлеп, қоқыс жинап, видеосын жолдау арқылы жобаға қатысып, жолданған видеолардың арасынан ең белсенді тұрғындар сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталуда. Сонымен қатар қала аумағындағы қоқыс алаңшаларының тозығы жетуіне байланысты кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы 17 миллион 840 мың теңгеге қоқыс жәшіктері тұратын 5 орын ретке келтірілді. Ал биыл 8 орын ретке келтіріліп, жалпы сомасы 16 миллион 924 мың теңге болды, – дейді қала әкімі Елдос Бекболатұлы.