Ғасырмен құрдас майдангер

0 6

9 мамыр – Жеңіс күні  ең қымбатты, қуанышты да қайғылы, мәртебелі мейрам, халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісі болып табылады. Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігінің арқасында.

Екінші дүниежүзілік соғысқа 1,5 миллион қазақстандық қатысса, соның ішінде Меркі ауданынан 10567 адам жаумен шайқасты. Ұлы Жеңістің 79 жылдық мерекесін сол он мыңнан астам майдангердің біреуі ғана аман-есен тойлағалы отыр. Ол – Әзім Жармұхамбетұлы.

Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қызыл ту ауылында 1924 жылы 1 қаңтарда туған атамыз 1940 жылы 4-сыныпты бітіріп, Красный октябрь (қазіргі Ақарал) ауылына келіп білімін жалғастырған. 1942 жылы Жамбыл қаласына бухгалтер оқуына түскен ол сол жылы қазан айында әскер қатарына шақыртылып, Отан қорғауға аттанып кеткен. Калининград қаласында 8-дивизияның 116-артиллериялық полкында бөлімше командирі болған. Шайқасқа Украйнаның Варшаглевский қаласында түсіп, кейін Варшава, Литва үшін ұрыстарға қатысып, Германияға жеткен. Жауынгерлік еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да медальдармен марапатталған.

Сұрапыл соғыс біткеннен кейін де әскер қатарында болған Әзім Жармұхамбетұлы 1947 жылдың 7 желтоқсанында ғана отбасына оралады. Келген уақыттан бастап Қызыл ту колхозында есепші-кассир болады. 1960 жылы Красный октябрь ауылдық кеңесіне ауысып, 20 жыл қызмет етіп, 1980  жылы зейнетке шыққан.

Тараз қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратында  биыл наурыз айында өткен Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның отырысында Ұлы Отан соғысының ардагері Жармұхамбетұлы Әзім атамыздың мерейлі 100 жасқа толуына орай, өзі тұратын Меркі ауданы, Ақарал ауылдық округі, Асубай көшесі №77 үйге мемориалдық тақта орнатуға келісім берілді. Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы 9 мамыр – Жеңіс күні болады деп жоспарлануда.