Энергетикалық дербестік үшін қолдайық!

0 4

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауының мән-маңызы өзгерек. Өйткені мұнда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының бағыт-бағдары ғана айқындалып қоймай, стратегиялық маңызы зор шешімді көпшіліктің талқысына салу қажеттігі айтылды. Көптен бері сөз болып жүрген Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі биыл 6 қазандағы жалпыхалықтық референдумда шешілмек. Осылайша Мемлекет басшысы кезекті рет ел болашағына қатысты аса маңызды шешім шығаруда Қазақстан халқының пікіріне құлақ асуды жөн санады. Бұл – Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент қызметіне кіріскен сәттен ұстанып келе жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын мысалы.

Осыдан екі жыл бұрын азаматтарымыз еліміздегі іргелі саяси-құқықтық реформалардың ізашары саналған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты таңдау жасаған еді. Бұл жолы келешектегі энергетикалық қауіпсіздігіміз бойынша стратегиялық маңызы зор шешім қабылдауға атсалысқалы тұрмыз.

Кеңес одағы тұсындағы Семей полигонында жасалған сынақтар мен Чернобыль атом электр стансасындағы апат бізді бұл салаға асқан сақтықпен, тіпті үреймен қарауға мәжбүр етті.  Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды. Соған сай ғылымның өзге салаларымен бірге атом өнеркәсібі де қарыштап дамып келеді. Оған қоса атом электр стансаларының соңғы буыны энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен бірге экологияны сақтау мүмкіндігіне ие.

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясына сай Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газдардың шығарындыларын 15 пайызға азайтуы керек. Ғаламдық ұйымның аталған талабын орындау үшін жылу электр стансаларын атом электр стансаларына ауыстыру – заман талабы.

Бұл мәселенің экологиялық салдарымен бірге экономикалық астары да бар. Бүгінде адамзат өміріне дендеп енген технологиялық прогресс электр қуатына деген сұранысты еселеп арттырды. Қазір ұялы телефонды қуаттаудан бастап, ірі өндіріс орындарының қалтқысыз жұмыс істеуі үшін электр энергиясы ауадай қажет. Сондай-ақ бірер жылда электрлі көліктерді пайдалану қалыпты жағдайға айналады. Демек, электр қуатына сұраныс тіптен ұлғая түседі. Мамандар 2030 жылға қарай еліміздегі электр қуатына қажеттілік 28,2 гигаватты құрайтынын болжап отыр. Қазірден сұранысты өтеудің қамына кіріспесек, электр қуатының тапшылығы экономикамызға кері әсер етуі мүмкін.

Атом электр стансалары елімізді энергетикалық тәуелділіктен де арылта алады. Егер қазірден өзімізге қажетті қуатты өзіміз өндіруге назар аудармайтын болсақ, онда импортқа тәуелділіктен көз ашпаймыз. Геосаяси жағдай шиеленісе түскен шақта энергетикалық дербестік стратегиялық маңызы зор мәселеге айналатынын ұмытпауымыз керек. Таяу болашақта шын мәнінде қуатты ел болудың басты факторы электр энергиясының импортынан арылудан көрінбек. Ал елімізде атом электр стансасы салынатын болса, бұл қауіпті еңсере отырып, артық қуатты басқа мемлекеттерге сату мүмкіндігіне ие боламыз.

Қазір азаматтарымыз атом электр стансаларының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп жатыр. Олардың қаупі орынды. Әйтсе де бұл тұста оң-терісі анықталған ғылыми тұжырымға сүйенуіміз керек-ақ. Сала мамандары АЭС-те заманауи III және III+ буын реакторларын қолдану арқылы қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге кепілдік беріп отыр. Бұл істе бізге МАГАТЭ (Атом энергиясын қадағалау агенттігі) ақыл-кеңесін беріп, тиімді жобаларды ұсынуға мүдделі. Тіпті аталған ұйым АЭС құрылысы кезіндегі жемқорлық фактілерінің алдын алуға дайын көрінеді. Оған қоса отандық атом энергетика кешенінің кадрлық әлеуеті стратегиялық нысанның тиісті деңгейде жұмыс істеуін ұйымдастыруға жеткілікті екені де айтылып жүр.

Олай болса, ел болашағын айқындайтын жауапты сәтте барлығымыз ынтымақ-бірлігімізді көрсете білуіміз қажет. Бұл – біздің азаматтық парызымыз әрі келер ұрпақ алдындағы басты міндетіміз.