Кітапхана – руханияттың ордасы болса, кәсіподақ – сол орданың берекесін сақтайтын алтын көпір. Ал біз – сол ұлы істі бірге атқарып келе жатқан біртұтас ұжымбыз.
«Ағаш тамырымен, адам бірлігімен мықты» деген халқымыздың тағылымды сөзі ұжымның тұтастығы мен ынтымағының мәнін терең ашып береді. Бірлік – кез келген істің берекесін арттырып, ортақ мақсатқа жетелейтін ең асыл құндылық. Өзара құрмет пен сенім салтанат құрған ортада еңбек өнімді болып, игі бастамалар өміршеңдікке ие болады.
Бұл қағида руханияттың қарашаңырағы саналатын кітапхана қызметінде ерекше маңызға ие. Кітапхана – ұлттың рухани мұрасын сақтап, білім мен мәдениетті дамытуға қызмет ететін қасиетті мекен. Сондықтан мұнда еңбек ететін әрбір маманның кәсіби жауапкершілігі, ұйымшылдығы мен өзара құрметі – табысты жұмыстың басты кепілі. Бір мақсатқа жұмылған ұжым ғана оқырман сеніміне ие болып, руханияттың дамуына лайықты үлес қоса алады.
Тараз қалалық Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі – осы рухани кеңістіктің маңызды бір бөлігі. Мұнда еңбек етіп жүрген әрбір кітапханашы оқырманға қызмет көрсетіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды насихаттап, мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, қоғамның рухани дамуына үлес қосып келеді. Осындай үлкен ұжымдағы табыстың басты кілті – ұйымшылдық пен бірлік.
Біздің ұжымда ұйымшылдық пен өзара қолдау күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігіне айналған. Осы бірлікті нығайтып, әр қызметкердің әлеуметтік жағдайына, еңбегіне және құқығына қолдау көрсетіп отырған маңызды құрылым – бастауыш кәсіподақ ұйымы. Кәсіподақ ұйымының жұмысы ұжым ішіндегі өзара сенімді арттырып, еңбек адамын құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталып келеді. Кәсіподақтың басты мақсаты – тек құқықтық қорғау емес, сонымен қатар адамға деген жанашырлық пен қамқорлықты күшейту.
Жыл сайын қалыптасқан игі дәстүрлер ұжым өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Мәселен, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – аяулық пен ізгіліктің, мейірім мен сұлулықтың мерекесі. Осы айтулы күні ұжымымыздың нәзік жандыларына шынайы құрмет көрсетіліп, олардың тынымсыз еңбегі мен кәсіби шеберлігіне ризашылық білдіріледі. Ізгі тілектер айтылып, естелік сыйлықтар тарту етіледі. Бұл – әйел қауымына деген құрмет пен алғыстың, ұжымдық сыйластықтың айқын көрінісі. Ал, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай ұжымымыздың ер азаматтарына ерекше құрмет көрсетіледі. Олардың қажырлы еңбегі мен ұжым өміріне қосқан үлесі жоғары бағаланып, ізгі лебіздер мен ақжарма тілектер арналады. Мерекенің сәнін келтіре отырып, естелік сыйлықтар табысталып, әріптестерге деген шынайы құрмет пен ықылас танытылады.
Жаңа жыл мерекесі – ізгі тілек пен қуанышқа толы ерекше кезең. Осы мереке қарсаңында кәсіподақ мүшелеріне тәтті сыйлықтар табысталып, көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл дәстүр ұжым мүшелеріне қуаныш сыйлап қана қоймай, өзара сыйластық пен бірлікті одан әрі нығайта түседі.
Ұжымдағы маңызды дәстүрлердің бірі – әріптестердің мерейтойларын атап өту. Елу және алпыс жас – адам өміріндегі үлкен белес. Бұл күндері қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі бағаланады.
Ұжымымызда қалыптасқан игі дәстүрлердің бірі – ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, абыроймен зейнеткерлікке шыққан әріптестерді ерекше құрметпен шығарып салу. Бұл сәтте олардың еңбек жолы жоғары бағаланып, жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылады. Ұжымдық шартқа сәйкес, зейнеткерлікке шыққан қызметкерге екі айлық жалақы мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі. Мұндай қолдау – көп жылғы еселі еңбекке деген шынайы құрметтің және әлеуметтік қамқорлықтың жарқын айғағы.
Сонымен қатар кәсіподақ ұйымы көп жылдық еңбегімен ерекшеленген қызметкерлерді марапаттау ісіне де ерекше көңіл бөледі. Салалық төсбелгілерге, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ұсыну арқылы олардың еңбегін лайықты бағалауға ықпал етеді. Бұл жас мамандар үшін де үлкен мотивация, кәсіби өсудің үлгісі болып табылады.
Кітапхана – тек білім мен руханияттың ордасы ғана емес, мәдени өмірдің де қайнаған ортасы. Әдеби кештер, кітап көрмелері, танымдық кездесулер, мерекелік іс-шаралар мен түрлі мәдени жобалар – ұжым мүшелерінің ұйымшылдығы мен ортақ еңбегінің нәтижесі. Осындай ортада әр қызметкер өзін үлкен бір отбасының мүшесіндей сезінеді.
Кәсіподақ ұйымы ұжымдағы ауызбіршілік пен өзара қолдауды нығайтып, әлеуметтік қорғанысты қамтамасыз етумен қатар, әріптестер арасындағы сенім мен сыйластықты арттыруға ықпал етеді. Қуанышты бірге бөлісіп, қиындықта қолдау көрсету – ұжымымыздың берік дәстүріне айналған.
Биыл Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының 30 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 35 жылдығы қатар аталып өтуде. Бұл айтулы мерейтойлар еңбекке адалдықты, елдік құндылықтарды және бірліктің маңызын айшықтай түседі. Осындай мерейлі жылда біздің ұжым да өз үлесін қосуды басты міндеттердің бірі деп санайды. Ұжым мүшелері кәсіби шеберлікті арттыруға, еңбек адамының мәртебесін көтеруге, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді насихаттауға бағытталған іс-шараларды белсенді ұйымдастырып, қоғамдық бастамаларға атсалысады. Бірлік пен өзара қолдауды басты құндылық ретінде ұстана отырып, әр қызметкер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, еліміздің мәдениеті мен рухани дамуына лайықты үлес қосуға ұмтылады.
Біздің ең басты байлығымыз – ынтымағы жарасқан ұжым. Бірлік пен өзара сенім бар жерде тұрақты даму мен толайым табысқа жол ашылады. Сондықтан «Әрбір іс – болашаққа қосқан үлес!» деген ұстаным – күнделікті еңбегіміздің өзегі, ортақ мақсатымыздың мәні және руханиятқа деген адалдығымыздың айқын көрінісі.
Қорытындылай келе, бастауыш ұйымның үздік тәжірибесі – бірлікке, жауапкершілікке және кәсібилікке негізделген жүйелі еңбектің нәтижесі. Ұжымның әрбір мүшесінің белсенділігі мен ортақ мақсатқа деген адалдығы жаңа жетістіктерге жетелейді. Алдағы уақытта да ұйымымыз еңбек адамының мүддесін қорғап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, игі бастамалардың ұйытқысы бола беретініне сенімдімін.