Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 5-маусымында республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған орай еліміздің әр өңірінде қоғамдық штабтар, ақпараттық-түсіндіру топтары құрылып, Қазақстан Республикасының Негізгі Заңы – Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызын түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.
Таласта штаб жұмысын бастады
Мұндай штаб Талас ауданында да құрылды. Жақында аудандық штаб өкілдері қала тұрғындарымен жүздесіп, референдумға белсенді қатысуға шақырып, заңға енгізілетін нормаларды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Темір жол иінінің арғы бетіндегі тұрғындармен кездескен штаб мүшелері Базылхан Тоқтыбаев, Медет Құдайбергенов және Баян Жылбаева дауыс берушілерді азаматтық жауапкершілік танытуға және республикалық референдумға қатысу құқығын іске асыруға шақырды.
Байзақ жұрты біркісідей атсалыспақ
Референдумды қолдау, Ата заңға енгізілетін өзгерістердің мәнін түсіндіру жөніндегі облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Бақтияр Қарауылов, Серік Тәжібаев, Идрис Юнусов Байзақ ауданында болып, бірнеше мекеменің қызметкерлерімен, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Сарыкемер ауылындағы №1 мектеп-гимназияның мәжіліс залында өткен кездесуге ауыл тұрғындары, ардагерлер мен ұстаздар, оқушылар мен аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов жүргізген кездесуде Б. Қарауылов аз күннен кейін еліміздің тарихын айқындайтын сәт туғалы отырғанын атап көрсетті.
– Ата Заңымыздың үштен бір бөлігі өзгерістер мен толықтырулар арқылы жаңа мазмұнға ие болмақ. Оларды тарқатып айтатын болсақ, адам құқығының тапталмауына, өркендеп өсуіне мүмкіндіктер туады. Президентіміз партия қатарында болмай, барлық партияларға тең жағдай жасап, олардың саяси аренада өздерін көрсетулеріне мүмкіндік туғызғалы отыр. Президенттің жақын туыстарының саяси лауазымда болмауы да көңілге қонымды. Аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттардың, Мәжіліс депутаттарын сайлаудың тәртібінде де өзгерістер болмақ. Осындай үлкен өзгерістер енгізілгелі отырған референдумға ұйымшылдықпен қатысайық, – деді штаб мүшесі.
– Конституциямызға өзгерістерді Парламентте де енгізуге болады. Алайда Президентіміз мұны халықтың талқысына салып отыр. Халықтың ой-пікірін білмек. Дауыс беруге жәй бармай, ойланып барған дұрыс. Менің айтарым осы референдумнан кейін көп өзгерістер болады. Соның бірі – Конституцияда халықтың жер мен табиғи ресурстардың иесі екені туралы норманың бекітілуі ең маңызды түзетулердің бірі болмақ. Әлеуметтік, басқа да жағдайлар жасалады. Сондықтан да референдум кезінде халық ауызбірлік танытып, Президентімізді қолдаулары керек. Демек сайлауға біркісідей қатысып, өз таңдауымызды жасайық, – деді С. Тәжібаев. И. Юнусов та ауыл халқын ауызбірлікке, референдумды қолдап, дұрыс таңдау жасауға шақырды.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Серік Балабеков пен аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев өз сұрақтарын қойып, оған жауап алды. Референдумды қолдайтындықтарын айтып, жерлестерін азаматтық позицияларын білдіру үшін референдумға қатысуға шақырды.
Осындай халықпен кездесулер «Әулиеата Феникс» ЖШС, аудандық емхана қызметкерлерімен, Үлгілі, Қызыл жұлдыз ауылдары тұрғындарымен де өтті.
Құландықтар қолдау білдірді
Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Т.Рысқұлов ауданында болып, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде аудан жұртшылығымен кездесті.
Кедесуді аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов ашып, сөз кезегін ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Дүйсеналы Бықыбаевқа берді. Топ жетекшісі аталмыш референдумда еліміздің болашағы айқындалатынын атап көрсете келіп, мән-маңызына кеңінен тоқталды. Құлан жұртшылығын референдумға белсене қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырды.
Аудан тұрғындары Бейсембай Таңбаев, Омар Нұрмашев, Любовь Левицкая, Әмізе Тәжіков, тағы басқалар Мемлекет басшыының бастамасымен қолға алынып отырған, елімізде саяси игі өзгерістер жасауға бағытталған референдумды қолдайтындықтарын білдіре келіп, тіл, жер, білім, ұлт пен ұлыстардың достастығы, партияларды тіркеу, сайлау кезіндегі әділдік, жайылымның жетіспеуі жөнінде пікірлерін білдірді, өтініш-тілектерін жеткізді.
Ақпараттық топ жетекшісі қойылған сауалдарға толыққанды жауап беріп, ұсыныс-тілектерді облыс басшылығына жеткізетінін айтты.