Құрылысы он жылға жуық уақытқа созылған, тау арасын тесіп жасалған нысан Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бойында, Түркістан облысындағы Шақпақ Баба асуында орналасқан.
Туннельдің ашылу рәсімінде Қазақстанның Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев бұл туннельдің ашылуы еліміздің көлік инфрақұрылымы үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Бұл жерде туннель салынбаған жағдайда жолдың еңістігі 45 метрге дейін жоғары шығу керек еді. Бұл осындағы қозғалыс жылдамдығын сағатына 20-30 км-ге дейін төмендетеді. Содан кейін 45 ойық жасауды ойлағанбыз. Бірақ, оны боран болған кезде басып қалуы мүмкін еді. Енді ол кедергілер, тәуекелдер болмайды», деді ҚР көлік вице-министрі.
Туннельдің ұзындығы 840, биіктігі 8 метрді құрайды. Нысан ерекшелігі заманауи қондырғылармен жабдықталған, атап айтқанда, тау суын реттеп отыратын арнайы құрылғы орнатылған. Сонымен қатар, бұл жер сейсмикалық тұрғыдан қауіпсіз, оның ішінде желдету жүйесі қойылып, мұнда төтенше жайдай орын алғанда дер кезінде хабардар ететін құрал да қарастырылған.
Жаңа туннель екі облыстың ғана емес, көршілес елдердің көлік-логистикалық жүйесіне де оң әсерін тигізеді деп күтілуде.