Елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жайы сараланды

0 4

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясы мен Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.  Басқосуда облыстағы елді мекендерді ауызсумен, жылумен, газбен және электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Түнғатов есепті баяндама жасады.  Оның айтуынша, бүгінде қала тұрғындарының 97,5 пайызы, ал, ауылдық елді мекендердің 94,9 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Дегенмен, Тараз, Шу қалаларында 10 тұрғын алқап және 54 ауылдық елді мекен сапалы ауызсумен қамтылмаған.

Сондай-ақ елді мекендерді газдандыру да маңызды жұмыстардың бірі. Аймақ тұрғындарының 91,1 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе, биыл бұл көрсеткішті 92,4 пайызға арттыру межесі қойылған.

Сонымен қатар, өңірде жалпы қуаты 551,3 МВт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздері жұмыс істеуде. Оның ішінде, 6 су электр стансасы, 10 жел электр стансасы және 6 күн электр стансасы бар.

Бұдан өзге, облыстағы 4 қалада жоспарлы 18,6 шақырым жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, жыл соңында жылу желілерінің тозу деңгейін 55,5%-дан 54%-ға дейін төмендету күтілуде.

Алқалы жиында фракция мүшелері басқарма басшысының алдында өзекті проблемаларды көтеріп, шешу жолдарын сұрады. Сондай-ақ, ұтымды ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар, бірқатар фракция мүшелері өздерінің атқарған жұмыстарының есебін берді. Бұдан өзге, алда атқарар жұмыс барысы да талқыланып, жоспарлар айқындалды.