ЕЛ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАЙТЫН БАСТАМА

0 6

Үстіміздегі жылдың 5-маусымында Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуге байланысты жалпыхалықтық референдум өткізіледі. Осыған орай тілшіміз Мойынқұм аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сержан Сәдуақасовқа жолығып, сұқбаттасқан еді.

– Сержан Қалқаманұлы, референдумға дайындық, оны өткізу жайына тоқталып өтсеңіз.

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылы 5-маусымда «Республикалық референдум өткізу туралы» жарлыққа қол қойды. ҚР «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 20-бабына сәйкес, референдумға дайындық пен оны өткізу орталық, аумақтық және учаскелік референдум комиссияларына жүктелген, ал олардың функциясын орындаушы сайлау комиссиялары болып табылады.

Референдумды әзірлеу мен өткізу жұмыстарына аудан бойынша бір аумақтық сайлау комиссиясының жеті, 26 учаскелік сайлау комиссиясының 182 мүшесі қызмет етеді деп күтілуде. ОСК арнайы бекітілген күнтізбелік жоспарына сәйкес, аудандағы аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларында даярлық жұмыстары басталып кетті. Референдум туралы заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету үшін сайлау комиссияларының құрамын оқыту жұмыстары ұйымдастырылады.

Қазір бірінші кезекте «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 24 және ҚР «Республикалық референдум туралы» заңның 25-баптарына сәйкес, референдумға қатысу құқы бар азаматтардың (сайлаушылардың) тұрғылықты жері бойынша тізімін аудан әкімдігі жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерек қордың негізінде жасайды. Ал ҚР ОСК 2018 жылғы 23-тамыздағы №11/196 «Сайлаушылар мен сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтерді салыстырып тексеру және ұсыну қағидалары» туралы қаулысына сәйкес, сайлаушылардың тізімін салыстырып тексеруді ҚР ОСК «Сайлау» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бөлген байланыс арнасы арқылы аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

Референдумға қатысу құқы бар азаматтардың мемлекеттік дерек қордағы (сайлаушылардың) санымен, референдумға қатысу құқы бар азаматтардың (сайлаушылардың) тұрғылықты жері бойынша жасалынған тізімдердегі 1-сәуірдегі жағдай бойынша 17161 сайлаушы анықталған.

  • Референдумға ұсынылған мәселелердің қорытындысы қалай шығарылады?
  • ҚР «Республикалық референдум туралы» заңның 31-бабының 3-тармағында, егер дауыс берудің нәтижесінде референдумға қойылған мәселе бойынша оның оң шешімін жақтап, дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан көбі дауыс берсе, ол жөнінде шешім қабылданады. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе қабылданатындығы айқындалған.

Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың алдында референдумға қатысу құқы бар азаматтардың (сайлаушылардың) тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органдармен жасалынған тізімдердегі санының арасындағы 208 адамға айырмашылықты жою міндеті тұр.

– Референдумды әзірлеу мен өткізуді кім қаржыландырады?

– Аудан бойынша 26 референдум (сайлау) учаскесі құрылған, оның 23-і мектептерде орналасқан, сондықтан мектептердегі жөндеу жұмыстары референдум өткізілетін айда уақытша тоқтатылуы керек. ҚР «Республикалық референдум туралы» заңның 8-бабының 1-тармақшасына сәйкес, референдум әзірлеу мен өткізуге байланысты шығыстар тек қана республикалық бюджет есебінен жұмсалады.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен төмендегі шығыстар жабылады: сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру мен олардың қызметіне төленетін жалақы; сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайды жалға алу, іссапар шығыстарына, ақпараттық материалдарды дайындау.

Ал үгіт материалдарын қоғамдық ұйымдар даярлайды. Бұл жерде ескеретін бір мәселе бар, онда ол үгіт материалдарын шығарған ұйымдар, оларды басып шығарған орын мен таралым, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәліметтер болуға тиіс. Бұқпантай үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.

Жалпы заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік және жергілікті органдар референдум учаскелерін телефон, интернет байланыстарымен, электр энергияның қосымша көздерімен, сумен, компьютерлік техникамен, өрт қауіпсіздігін, санитарлық нормаларды сақтауды, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың референдумға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету және олар дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде кедергісіз кіруіне, дауыс беруіне жағдайлар жасаулары тиіс. Референдум өтетін мекенжайларда (учаскелерде) пандустар, тактильді жолақтар орнатылуы тиіс. Сол сияқты қала, аудан орталықтарында колл орталықтардың жұмыстарын ұйымдастыру қажет.

Сайлау учаскелерін жабдықтау барысында сайлау учаскесінде дауыс беретін мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы кабиналар жасақталынып, ҚР ОСК бекітілген нұсқаулыққа сәйкес қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

– Аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының міндеттерін айтып өтсеңіз. Референдумға дайындық қашан басталады?

– Аумақтық комиссиялар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністердің аумағында референдум туралы заңның орындалуына бақылауды жүзеге асырады, учаскелік комиссиялардың қызметін ұйымдастырады және оларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудің жай-күйін бақылайды. БАҚ, қоғамдық бірлестік өкілдерімен баспасөз конференцияларын, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларымен, саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдардың байқаушыларымен кездесулер өткізеді. Кездесу барысында референдумалды даярлық жұмыстарымен таныстырылып, референдум туралы заңнан туындайтын нормативтік актілерге түсініктеме береді.

Учаскелік комиссиялар учаскелерді қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтайды, азаматтарды референдумға қатысу құқы бар азаматтардың тізімімен таныстырады және нақтылаумен айналысады. Азаматтарды дауыс беретін күнін, уақытын, учаскенің орналасқан мекенжайын және оның тәртібі туралы хабардар етеді, учаскеде дауыс беруді ұйымдастырады.

Ал енді референдум қорытындысының нәтижелі болуы азаматтарымыздың республикалық референдумға қатысуында екендігі белгілі. Сондықтан референдумға енгізілген мәселелерді халыққа түсінікті етіп жеткізу үшін үгіт-насихат жұмыстарын пәрменді түрде ұйымдастыру керек. Референдум күні округтерде, елді мекендерде белгіленген маршруттағы автобустардың қозғалысын реттеу керек. Сайлау учаскелерінде көпшілікті тартатын іс-шаралар ұйымдастырылуы керек.

16-мамырдан бастап учаскелік референдум комиссиялары өз жұмыстарын бастады. Жергілікті атқарушы органдар жоғарыда айтылған референдум комиссияларын қажетті үй-жайлармен, бөлмелер мен орындықтар, компьютер, көшіру аппараты сияқты құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етуі керек. Барлық учаскелерде телефон нүктелері, интернет жүйелері толық жұмыс істеп тұру тиіс. Барлық учаскелік комисиялары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2012 жылғы 23-қазандағы №21/183 қаулысымен бекітілген нұсқаулыққа сәйкес түгендеу жұмыстарын жүргізеді. Референдумды талапқа сай өткізуге шақырамын.

  • Әңгімеңізге рақмет.