Экологиялық тепе-теңдікті сақтау – уақыт талабы

0 3

Соңғы жылдары елімізде, соның ішінде Атырау өңірінде ағаш отырғызу, көгалдандыру, өзен-көлдерді тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған түрлі бастамалар қолға алынуда. Мұндай жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, оның инвестициялық тартымдылығы мен туристік әлеуетінің артуына да оң әсер етері анық. Экологияның өңірлік дамудағы орны қандай? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы орайда мамандар пікіріне құлақ түрген едік.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті экология кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Мансия Есенаманованың айтуынша, бүгінде экология табиғатты қорғау мәселесі ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің біріне айналған.

– Тұрақты даму экономика, қоғам және экологияның тепе-теңдігіне негізделеді. Осы үш бағыттың бірі ескерілмесе, өңірдің дамуы да тұрақты болмайды. Экологиялық ахуал ең алдымен халық денсаулығына әсер етеді. Ауа, су және топырақтың ластануы тыныс алу, жүрек-қан тамырлары, аллергиялық және онкологиялық аурулардың көбеюіне себеп болуы мүмкін.

Атырау облысының экономикасында мұнай-газ саласының үлесі жоғары болғандықтан, өндірістің қоршаған ортаға әсерін барынша азайту маңызды. Сондықтан ірі кәсіпорындарда автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйелері енгізіліп, ауаға таралатын зиянды заттарды азайтуға бағытталған жаңа технологиялар қолданылып келеді.

Экологияны тек мемлекеттік органдардың міндеті деп қарауға болмайды. Мемлекет, бизнес және қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана нақты нәтиже болады. Өндіріс дамуы экологиялық талаптармен қатар жүруі тиіс. Сонда ғана келер ұрпаққа қолайлы әрі қауіпсіз өңір қалдыра аламыз,- дейді Мансия Санаққызы.

Ғалымның пікірінше, алдағы уақытта өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыру, атмосфералық ауа сапасын үздіксіз бақылау, Жайық өзені мен Каспий теңізінің экожүйесін қорғау бағытындағы ғылыми жұмыстарды күшейту маңызды.

Экологиялық бастамалардың нәтижелі болуы сенбіліктермен ғана өлшенбейді. Бұл пікірді Atyrau Creative Hub менеджері Ақмарал Сағынғалиева да қолдайды. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» жобасы аясында командасы эпоксидті шайыр мен пайдаланылған шыны қалдықтарын біріктіріп, сәндік бұйымдар жасауды қолға алған. Бастапқыда 600 мың теңгелік стартаппен басталған жоба кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ұйымдастырған байқауда жеңімпаз атанып, 1 миллион теңге көлемінде қолдау алған екен.

– Басты мақсатымыз – ресайклинг мәдениетін дамыту. Жоба аясында қолданылған шыны бөтелкелерді қайта өңдеп, олардан жаңа бұйымдар жасадық. Шеберлік сағаттарын өткізіп, экологиялық сыйлықтар дайындадық. Осындай жұмыстар адамдардың қызығушылығын арттыратынын көрдік. Меніңше, экологиялық маркеттер мен қолдан жасалған өнімдер жәрмеңкесін жиі ұйымдастыру қажет. Сонда тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасы да өзгереді. Қоғам мұндай өнімдерді сатып алуға дайын, ең бастысы – оларды кеңінен насихаттау қажет, – дейді Ақмарал Амангелдіқызы.

Экологиялық мәдениет – қоғамның тұрақты дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Ал табиғатқа жанашырлық таныту, қоршаған ортаны таза ұстау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану бүгінгі күннің талабы болып отыр. Қазір экологиялық мәселелердің өзектілігі артып отырғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар әр азаматтың күнделікті өмірінде де көрініс табуы қажет секілді…

Мамандар да соны айтады, яғни  табиғатты қорғау қарапайым әрекеттерден басталады. Қоқысты сұрыптау, пластикті аз пайдалану, су мен электр энергиясын үнемдеу, ағаш отырғызу немесе қоғамдық орындардың тазалығын сақтау секілді қарапайым дағдылар қоғамда кеңінен орныққан сайын қоршаған ортаға түсетін салмақ та азаяды. Айтқандай, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің стратегиялық даму кеңсесінің жетекші маманы Жанерке Мұстахимнің ойы да осымен сабақтас.

– Мен қала тұрғыны ретінде айналамның таза болуына өз үлесімді қосқым келеді. Қоршаған ортаға жанашырлық үлкен істерден емес, күнделікті қалыптасқан қарапайым әдеттерден басталады. Университетте де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. «Эко-Кампус» жобасы аясында көгалдандыру, ағаш отырғызу, қалдықтарды сұрыптау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында құрылған «Эко-Әлем» экоклубы студент жастарды табиғатты қорғау бағытындағы бастамаларға белсенді тартып келеді, — дей келе жыл сайын өткізілетін стартап жобалар байқауында экология және тұрақты даму бағытындағы студенттік жобалар қаржылай қолдау тауып, тәжірибеде жүзеге асырылып жатқанын да айтты.

Расында, бұл жастардың тың идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді және қоғамдағы экологиялық мәдениеттің қалыптасуына да ықпал етеді. Жаңа жобалар арқылы студенттер табиғатты қорғаудың жаңа жолдарын ұсынып, экологиялық мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуда.

– Экологиялық акциялар мен жобаларға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Командамен жұмыс істеуді, қоғамдық бастамаларға белсенді араласуды, жауапкершілік алуды үйрендім. Сонымен бірге тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қағаз бен пластикті қайта өңдеуге жіберу, отырғызылған ағашқа күтім жасау секілді пайдалы дағдыларды меңгердім. Қазір бір рет қолданылатын пластикті мүмкіндігінше азайтып, қайта пайдаланылатын шыны бөтелкені қолданамын. Осындай қарапайым әрекеттердің өзі табиғатты қорғауға қосқан үлесім деп есептеймін, — дейді маман.

Асылында, экологиялық мәдениет тек акциялармен шектелмеуі тиіс. Табиғатты қорғауға деген жауапкершілік әр адамның күнделікті өмір салтына айналғанда ғана қоршаған ортаның тазалығын сақтап, келер ұрпаққа қолайлы әрі қауіпсіз өңір қалдыруға болады.

Атырау секілді өндірісі қарқынды дамып келе жатқан өңір үшін экологиялық тепе-теңдікті сақтау – уақыт талабы. Бұл бағытта мемлекет қолға алған бағдарламалармен қатар, ғылым, бизнес, жастар мен қоғамның белсенділігі де ерекше роль атқарады. Табиғатты қорғау мәдениеті күнделікті өмір салтына айналғанда ғана «Жасыл өңір – жарқын келешек» қағидасы нақты нәтижесін береді.