Солтүстік Қазақстан облысында ет өндірісін дамыту бағытында қолға алынған жобалар бар. Әсіресе ет өндірісіне бет бұрған инвесторлар аймаққа көптеп инвестиция салуда. Соның бірі – «North Grain» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік өңірде үш жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Ұсынылған үш жобаның жалпы инвестициялық көлемі 48 миллиард теңгеден асады. Оны кезең-кезеңімен іске асыру келер жылдан басталады.
Мамандардың пікірінше, бұл бастамалар облыста халықаралық талаптарға сай заманауи ет кластерін қалыптастырып, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға, жергілікті шикізатты терең өңдеуді дамытуға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және өңірдің экспорттық әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Атап айтсақ, алғашқы жоба – шамамен құны 10 миллиард теңгені құрайтын заманауи ет өңдеу кешенінің құрылысы. Кәсіпорын құрамында бір ауысымда 150 басқа дейін ірі қара малды сою желісі, етті сүйектен ажырату, орау, жартылай фабрикаттар өндіру, субөнімдерді өңдеу, сүйек ұнын шығару цехтары, тоңазытқышы бар қоймалар және әкімшілік-тұрмыстық инфрақұрылым болады. Жоба толық қуатына шыққан кезде 220 тұрақты жұмыс орны ашылып, кәсіпорынның жылдық айналымы 38-42 миллиард теңгеге дейін жетеді деп жоспарланған.
Екінші жоба – өнеркәсіптік негіздегі ет бағытындағы қой шаруашылығы кешенін құру. Жоба жануарларды ангарлық әдіспен ұстауды, төл алуды бақылауды және қозыларды өнеркәсіптік бордақылауды көздейді. Кешен кезең-кезеңімен дамытылып, саулық қой саны 5 мыңнан 20 мың басқа дейін жеткізіледі. Нәтижесінде жыл сайын 40,5 мыңға жуық қозы немесе 2 мың тоннадан астам тірі салмақтағы қой еті өндіріледі. Бұл өңдеу кәсіпорнын сапалы шикізатпен қамтамасыз етіп, экспортқа бағытталған өнім өндіру саласын дамытуға жол ашады. Жобаның инвестициялық құны 28 миллиард теңге деп бағаланып отыр.
Үшінші жоба – Айыртау ауданындағы Құттықожа ауылында бір мезгілде 20 мың бас ірі қара малды бордақылауға арналған заманауи алаң салу. Жобаның құны – 10,5 миллиард теңге. Кешен іске қосылғаннан кейін жыл сайын 30 мың басқа дейін ірі қара мал өткізуге мүмкіндік беріп, 40-тан астам тұрақты жұмыс орнын ашады.
Осы жобалар облыстық әкімдікте мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңесте қаралып, талқыланды. Серіктестіктің бұл бастамалары агроөнеркәсіп кешенін шикізат өндіруден терең өңдеуге көшіруге, өнім шығаруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі болып табылады.
Кеңес барысында жобаларды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімдерін бөлу, мемлекеттік қолдау тетіктері мен жеңілдетілген қаржыландыру мәселелері де талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруды сүйемелдеу және өз құзыреті шегінде қажетті қолдау көрсету жөнінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тиісті тапсырмалар берілді.