Тараз қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының мәжіліс залында дін саласында жұмыс атқаратын мамандарға арналған екі күндік оқыту семинары өтті. Облыс әкімдігі дін істері басқармасының, Тараз қаласы мен аудандардағы бөлімдердің басшылары мен мамандары, Тараз қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылары мен мамандары бір топқа, екінші топқа қала және аудан мешіттерінің имамдары, полиция қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енді. Іс-шараны облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Еркебұлан Ақбай ашып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Жиында алғашқы болып танымал журналист, блогер Мөлдір Анарбаева «Көпшілік алдында сөйлеу – шеберлік пен сенімділік үлгісі» тақырыбында бір сағаттық шеберлік сабағын өткізді. Әрине, бұл тақырыпқа жеңіл қарауға болмайды. Елдің алдында көркем сөйлеу, тіліңнің құнарлы болуы, не сөйлейтініңді білу ешкімге ешқашан артық болмаған. Ол әсіресе, тұрғындармен етене жұмыс істеп жүрген дін өкілдеріне, имамдарға өте қажет.
«Менің мамандығым – журналист. Қарапайым кісінің біреуімін. Кейінгі жылдары үйімде балаларымның қасында отырып, әлеуметтік желімен жұмыс істеп жүрмін. Сол бір минуттан аспайтын шағын видеоларым 800 мың қаралым жинап, танымалдылыққа жеткізді. Қазір ұзақ жазатын, ұзақ сөйлейтін заман емес. Аз ғана нәрсе, оның ішінде елең еткізер дүние болуы керек. Қазіргі адамдар өте асығыс, ұзақ видеоны тыңдап, уақыт шығындамайды. Сондықтан ел алдында сөйлеудің үлкен түйіні – нақты, тұжырымдап, қысқалау сөйлеу. Бұл әсіресе, имамдарға қатысты. Қаралы жиынға, асқа барған кезде насихат айтқан жөн. Ол – сіздердің жұмыстарыңыз. Дегенмен, ел тыңдайтындай әдемі бір хадисті, Пайғамбарлар дәуірінен жақсы оқиғаны ғана әсерлі жеткізіп, сөзді түйіндей қойсаңыз, халықты жалықтырып алмайсыз. Әрине, имамның әр сөзі бағалы, бірақ оны тыңдап, ұйым отыратын халық жоқ. Бір сәт тыңдарманмен де санасып, солардың жағдайымен де жұмыс істеген дұрыс», – деген Мөлдір Нұрланқызы еркін пікірлесу, сұрақ-жауапқа да мүмкіндік берді.
Қазақстанның Құрметті журналисі Амангелді Әбіл тақырыпқа байланысты өз ойларын-ұсыныстарын ортаға салды. «Жаназа, ас жиынға имамдардың келуі өзекті. Кейде көлік жіберіп, жалынып-жалпайып алып келеміз. Қайтадан үйіне құрметтеп апарып тастаймыз», деді. Сондай-ақ журналист «қазалы үй азалы» екенін еске сала келе, бүгінде қалада да, ауылда да кеңінен белең алған «бейсенбілік» туралы пікір білдірді. Бұған орай Байзақ ауданының бас имамы Қанат Жұмағұл: «Біз, имамдар шақырған жерге кейде өз көлігімізбен барамыз, кейде ыңғайға қарай сол үйдің қымбат көліктеріне де мінеміз. Мәйіт артқан машинамен де қабір басына жеткен күндеріміз болды. Тіпті, есек арбамен барыңдар десе, есек арбамен баруға да дайынбыз», деп жауап берді. Сонымен қатар, журналистер Дариха Үмбетиярова, Ерғали Қартайған, Мадина Жарас, Гүлшаһар Әбдіғұл, полиция өкілі Ғалымжан Әбдіразақов, өз ойларын айтса, аудандардың бас имамдары Дәурен Құттыбаев, Дәуіт Қожахметов, Қанат Жұмағұл, Алмас Кенжемолдаев өз пікірлерін білдірді. Пікірсайыс әсерлі өтті.
Мұнан соң ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің директоры, әлеуметтану ғылымының докторы Талғат Жақиянов өте әсерлі де тағылымды шеберлік сабағын өткізді. Еліміздегі қазіргі діни ахуалды саралай келе дәстүрлі мұсылмандық ұғымын жиналғандарға терең ашты. Сұрақ қойған дін өкілдеріне де нақты да тиянақты жауап берді.
Ал Республикалық «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі психолог Фатима Бизақова семинарға қатысушылармен өте қызықты сабақ өткізді. Ол кісінің сөздері әр адамның өмірлік ұстанымына, қиын сәттерде оң шешім қабылдап, өзін тәрбиелеуіне әсер ететіні анық. Видеограф Нұрайым Беркімбаева «Мемлекеттік ұйымдарда әлеуметтік желіні қолдану – заманауи коммуникацияның тиімді құралы» тақырыбында өзінің тәжірибесімен және көзқарасымен бөлісті.
Семинардың екінші күні «IHSAN» Ғылым және мәдениет орталығы» ҚҚ төрағасы Тимур Нүсіпханов «Дәстүрлі ислам құндылықтары және олардың тұрақтылығындағы рөлі», «Нұр-Мүбарак» ЕИМУ діни эктремизімге қарсы қарсы іс-қимыл орталығының» директоры Қонай Халым «Радикалды идеологияға қарсы діни контраргументттер» тақырыптарында кеңінен сөз етті. Т.Нүсіпханов өз дәрісінде дүрбелеңге толған төрткіл дүниедегі дін туралы байыпты сөз қозғап, «Зайырлылық – Қазақстанның тұрақтылығы мен бірлігінің тірегі. Ал, дін ахуалдың тыныштығы – ел қауіпсіздігінің маңызды бөлігі. Сондықтан бұл саладағы әр маманның жұмысы – тек қызмет емес, ел болашағына қосылған үлес. Татулықты сақтау – ортақ міндет. Бірлікті нығайту – ортақ жауапкершілік. Ал, зайырлылықты түсіндіру – уақыт талабы», екенін атап көрсетті.
– Жалпы алғанда, зайырлылық – дін мен мемлекеттік істерді бір-бірінен бөлу қағидаты. Ол мемлекеттің діни мәселелерде бейтарап болуын және әр адамның қалаған дінін ұстануға немесе мүлде дінсіз болуға еркіндігін қамтамасыз етеді. Бұл еркіндік қандай да бір кемсітусіз жүзеге асырылуы тиіс, – деп түйіндеді Қ.Халым.
Ислам құндылықтары мен оның тұрақтылығы, діни экстремизм әлем елдерін алаңдатып отырған қазіргідей кезеңде шеберлік сағатын өткізген екі дінтанушы да нақты мысалдармен түсінікті етіп, тереңнен қозғады. Қаладағы, ауылдағы имандылық ордаларының өкілдері өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына нақтты жауаптар алды. Республикалық «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Фатима Бизақованың діни психология туралы оқыған дәрісі де қатысушылардың ойынан шықты.
Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар берілді. Ең бастысы екі күндік ауқымды іс-шара әр қатысушының алдағы жұмыстарын нақтылауға, оң шешімдер қабылдауға, өз білімдерін байытуға оң ықпал ететіні анық.