Бұл – уақыт талабы

0 9

Атом электр стансасын салу жөніндегі халықтық штаб­тың республикалық және облыстық бөлімшелерінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Бауыржан Смағұлов, Арман Қалықов Балқаш қаласында болды.

Алғашқы кездесу М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында өтті. AMANAT партиясы Қарағанды ​​облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков балқаштық ардагерлер алдында сөз сөйлеп, АЭС құрылысының маңыздылығы мен өзектілігін жеткізді.

Депутат, Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғи ресурстарды басқару комитетінің хатшысы Бауыржан Смағұлов өз сөзінде еліміздің энергетика саласын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұрғанын атап өтті. Өйткені, 30-40-жылдары салынған жылу электр стансаларының тозу деңгейі 70 пайызға жетеді. Баяндамашы сонымен қатар, атом энергиясын пайдаланудың технологиялық ерекшеліктерін, заманауи атом электр стансаларын салу кезіндегі қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, еліміздің кадрлық ресурстары мен ғылыми әлеуеті мен энергетика саласын дамытудың келешегі туралы айтты.

Одан кейін диалог форматында өткен кездесуде қала ардагерлері Кенжетай Сағымбеков, Берікбол Мейрамғазинов, Жұмабай Игембаев, Қадыржан Тейлянов өз тілектері мен ұсыныстарын ортаға салды. Аға ұрпақты көлдің, балық қорының болашақ тағдыры алаңдатады. Өйткені, сонау 30-жылдары мыңдаған қазақты аштықтан аман алып қалған осы көліміз еді. Ол ұрпақ үшін сақталуы тиіс.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қалықов, Су шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы Сәкен Әтел, Қарағанды ​​облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Есжан жерлестеріміздің сауалдарына жауап берді.

Атом электр стансасын салу жөніндегі штаб мүшелерінің халықпен кездесулерінің бірі Қоңырат кенішіндегі басқосу. AMANAT партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков кеншілерге қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді. Қоғам қайраткері Майра Әбдірахманова ауқымды жобаның кадрлық құрамдас бөлігін еске салды. Жиынды қорытындылаған Бекзат Алтынбеков кеншілерді референдумға қатысуға шақырды.

Енді әрқайсымыз референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Бұл – уақыт талабы.