Бірқатар өзекті мәселелер талқыланды

0 10

Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбековтың төрағалығымен өткен апталық аппараттық жиналыста бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, әкімдіктің жауапты бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округ әкімдері тарапынан жасалып жатқан жұмыстар барысы айтылды.

Жиын басында аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Назира Бекболатова өңірдегі коронавирус инфекциясына байланысты қазіргі жағдайды баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда аудан бойынша оң нәтижелі 12 адам тіркелген. Вакцинация жұмыстары баяу жүруде, 83,9 пайызды құрап отыр. Бұған орай Әлихан Әбіләшұлы ел арасында түсіндірме жұмыстарын жандандыру керектігін атап айтып, тиісті орынбасары мен ауыл, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Күн тәртібіндегі аудан елді мекендеріндегі ақпараттық тақтайшалардың жай-күйі туралы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қуат Ембергенов анықтама берді. Анықтамаға сүйенсек, аудан бойынша барлығы 101 сыртқы көрнекі ақпарат құралы ілінетін арнайы ақпарат тақталары бар. 2022 жылдың басынан бері ауыл, ауылдық округ әкімдеріне жаңа баннер ілу тапсырылған. Қуат Дулатбекұлы қазіргі уақытта аталған тапсырма өз деңгейінде орындалмай отырғанын жеткізді. Сондай-ақ идеологиялық тақырыпта ілінетін баннерлердің іліну шарттары мен орналастыру заңдылықтарын түсіндіріп өтті. Аудан басшысы округ әкімдерінен жаңа баннер ілу тапсырмасының неліктен орындалмай жатқанын сұрап, бұл бағыттағы жұмыстарды ширату керектігін баса айтты.

Содан кейін Бірлік, Биназар ауылдық округтерінің әлеуметтік экономикалық дамуы туралы округ әкімдері Қуаныш Оспанов пен Бағдат Наурызбаевтың есептері тыңдалды. Округ әкімдері өз есептерінде инвестиция тарту, шағын бизнесті дамыту, баға тұрақтылығын бақылау, мал басы, өндірілген өнімдер бойынша субсидия, несие алу, ауылшаруашылығы жерлерін пайдалану, жол белгілерін орнату, ауыл көшелерін асфальттау, «Асар» жобасын дамыту, ауыл тұрғындарын ауызсумен қамту, бюджет қаржысының игерілуі, жаңа жұмыс орындарын ашу, мектептерді жөндеу, қысқы жылыту маусымына дайындық, әлеуметтік қорғау, т.б. мәселелерге жан-жақты тоқталды.

Апталық аппараттық жиналысты қорытқан аудан басшысы кейбір көңіл көншітпейтін мәселелерге сын-ескертпелер айтып, қордаланған барлық мәселелерді жүйелі шешуді тапсырды.