Мемлекеттік бағдарламалар аясында 544 жоба жүзеге асырылды

0 10

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, тілшілер қауымына 2022 жылдың І-жартыжылдығының қорытындысы бойынша кәсіпкерлік, өнеркәсіп және инвестиция тарту салаларында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Оның мәліметінше, бүгінгі таңда облысымызда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 77193 бірлікті құрайды. Оларда 128753 адам жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 116,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті. Ал жалпы облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 390,7 млрд теңгенің өнімін өндірген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 108,1% құрайды.

Аспандияр Мұраталыұлы жамбылдық кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қаржылай қолдаудың жүйелі жүргізіліп келе жатқанын атап көрсетті. Мысалы биыл жыл басынан бері өңірдегі қаржы институттары барлығы 47 млрд теңге көлемінде несиелендіру жұмыстарын жүзеге асырған. «Бұл қаражаттың 48,5 пайызы, яғни 22,8 млрд теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, 13,8 пайызы, яғни 6,5 млрд теңгесі «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниялары арқылы, 37,7 пайызы микроқаржы ұйымдары арқылы несиелендірілді. Берілген несиелердің 20,8 пайызы – 9,8 млрд теңге 544 жоба мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды», – деп атап өтті спикер.

Спикер қазіргі өзекті мәселе – әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл мақсатта өңірде бірқатар шаралар қабылданған. Мәселен отандық тауар өндірушілер 106 ірі сауда дүкендеріне тоғыз түрлі тауарды тікелей жеткізген. Ірі сауда желілерімен он түрлі тауарға күзгі форвардтық келісім жасалыпты. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар тауарлар 4,2 млрд теңге айналым қаражатын қолдана отырып форвардтық әдіспен 32 әлеуметтік павильон арқылы өткерілуде.