Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына іссапарында Шақпақ ауылдық округіндегі «Кен-Тау» ЖШС-іне арнайы барды. Кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. 12 жылдан бері қарқынды алма бау өсірумен айналысып келетін серіктестікте 240 гектар қарқынды бау бар. Израильден алынған су үнемдеу технологиясын пайдаланып, 30 гектар жерге қарқынды алма бау отырғызуда. Жыл сайын 4-6 мың тонна көлемінде өнім жинайды.
«Кен-Тау» ЖШС-нің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың жыл санап артуына байланысты алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап, қыс мезгілінде 4400 тоннаға дейін экологиялық таза Түлкібас алмасын сауда қатарларына жеткізуді көздеп отыр.
Түлкібас ауданында жергілікті кәсіпкерлер субсидия, жеңілдетілген несие алып, бизнесін кеңейтіп жатыр. Пандемия кезінде тұралап қалған кәсіпорындар жұмыстарын жандандырды. Әкімдіктің қолдауымен түрік инвесторлары қаржы құйған «Azia Food Company» ЖШС биыл қайта іске қосылған. Ұн диірмен кешені жылына 36 мың тоннаға дейін бидай өңдеуге қауқарлы. Биыл әкімдік қолдауымен «GRAND FLOUR INDUSTRY» ЖШС-імен серіктестік шикізатын өндіру бойынша келісімшартқа тұрған кәсіпорын қарқынды жұмыс істеуде.
– Біздің басым бағытымыз – өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту. Кәсіпкерлік арқылы мемлекет дамиды. Сондықтан осы салаға қолдау көрсетіп, жұмысты жандандырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Түлкібас ауданында бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Облыс әкімі «Нұршуақ» шағын ауданындағы әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысын бақылады. Бұл жерде 2 қабатты, 20 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылыстары ағымдағы жылдың мамыр айында бастау алған. Нысандар осы жылдың қыркүйек айында толық аяқталып, үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмек. Сондай-ақ, жаңа шағын ауданда 56 пәтерлі үш тұрғын үй салынып жатыр. Аталған баспаналарды банк арқылы қолжетімді бағамен ұсыну бағыттары қарастырылуда. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Түлкібас ауданында 3100 азамат үй кезегінде тұр.
Өңір басшысы, сондай-ақ жұмысын жандандырған жергілікті кәсіпкермен кездесті. «Стас и К» өндірістік кооперативі 2004 жылдан бері газ және су тасымалдауға арналған полиэтилен құбырларын өндірумен айналысады. Кооператив басшысы жұмысын кеңейтіп, заманауи құралжабдықтармен жаңа жүйені іске қосқан. Бүгінгі таңда өндіріс ошағында 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Облыс әкімі жауаптыларға ауданды дамыту жұмыстарын жалғастыру, құрылыс сапасын қадағалау, кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Осы сапарында өңір басшысы Түлкібас ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ауданды дамыту, инфрақұрылымын жақсарту, атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар талқыланды. Өңір басшысы билік пен халық бірлесе жұмыс атқарса ғана аймақ дамитынын айтты. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, ауылдарды абаттандыру, тазалық жағдайын жақсарту мәселесі маңызды екенін жеткізді.
Жалпы, Түлкібас ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім байқалады.
Жиында аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтің есебі тыңдалған соң, тұрғындардың сұрақтары мен өтініштеріне кезек берілді. Тұрғындар тарапынан ауданды дамытуға қатысты түрлі сұрақ қойылды. Мәселелер назарға алынды. Облыс әкімі инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Кездесуден кейін Дархан Сатыбалды аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Оған басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты. Әрбір өтініш хаттамаға енгізілді, олар бойынша тиісті жұмыс жүреді.