Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Қаладағы «Алтынай» тұрғын үй кешенінен 210 пәтер бөлініп, азаматтарға кезең-кезеңімен беріле бастады.
Жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсіміне қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Ол тұрғын үй мәселесін шешуде әлеуметтік әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.
Биыл Алматыда «Отбасы банкімен» бірлесіп, 4 мыңнан астам пәтерді тұрғындарға үлестіру жоспарланған. Оның 885-і алғашқы кезеңде берілді. Екінші кезеңде 1 832 пәтер кезекте тұрған азаматтардың игілігіне ұсынылады.
Сонымен қатар «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасы бойынша босайтын 1 мыңнан астам пәтер де тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға беріледі. Бұған қоса, 594 пәтер несие шарттарымен қолжетімді болады.
Баспана үлестіру конкурстары қыркүйек айының басынан басталып, бірнеше кезең бойынша өтеді. Үміткерлерді анықтау кезінде олардың тұрғын үй кезегіне тіркелген мерзімі ескеріледі. Бұл тәсіл баспананы кезектілік тәртібімен және барынша ашық бөлуді көздейді.
Қалада тұрғын үйге қолдау көрсетудің бірнеше тетігі қарастырылған. Табысы төмен азаматтарға жалдамалы пәтер ұсынылса, тұрақты кірісі бар әрі төлем қабілеті жеткілікті тұрғындар несие және жеңілдетілген ипотека бағдарламалары арқылы баспана алу мүмкіндігіне ие.
Тұрғын үйді кезең-кезеңімен бөлу әлеуметтік қолдауға мұқтаж алматылықтарды баспанамен қамтуға бағытталған.