Қостанай облысында тамақ өнеркәсібін дамытуға бағытталған жаңа жоба іске қосылды. Өңірде «Кондитерлік астана» заманауи жоғары технологиялық өндірістік кешені пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Жаңа кәсіпорын – Қостанайдағы кондитерлік өндірістің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беретін ірі инвестициялық жобалардың бірі. Кешеннің жылдық өндірістік қуаты 16,6 мың тонна өнім шығаруға жетеді.
«Кондитерлік астана» жобасы 1974 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Баян Сұлу» кәсіпорнының өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған. Осы жылдар ішінде компания Қазақстандағы кондитерлік өнім өндіретін жетекші кәсіпорындардың біріне айналып, өз өнімдерін ішкі нарықпен қатар шетелге де шығарып келеді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа кешеннің іске қосылуы өңірдегі өндірісті дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстардың жалғасы екенін атап өтті.
– Бұл жоба Мемлекет басшысының ауылшаруашылығы шикізатын өңдеу үлесін 70 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасымен үндеседі. Шикізатты өзімізде өңдеп, дайын өнім өндіру – экономиканың қосылған құнын арттыратын маңызды бағыт, – деді өңір басшысы.
Жаңа өндіріс іске қосылғаннан кейін кәсіпорынның жалпы қуаты шамамен 20 пайызға артады. Бұған дейін жылына 85 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік болса, енді бұл көрсеткіш 101 мың тоннаға дейін жеткізілмек. Өндіріс көлемінің ұлғаюы еңбек нарығына да оң әсерін тигізеді. Кешенде 260 жаңа жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде кәсіпорындағы қызметкерлер саны 2 мың адамға жуықтайды.
Жобаның өңір экономикасына қосатын үлесі мұнымен шектелмейді. Компания жыл сайын бюджетке шамамен 500 млн теңге көлемінде салық түсіруді жоспарлап отыр. Бұл жергілікті бюджетті толықтырумен қатар, жаңа өндірістің экономикалық тиімділігін арттыра түседі.
Қостанай облысы ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және экспорттау бағытында еліміздегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Қазіргі таңда республикадағы осы сала экспортының 27 пайызы облыс үлесіне тиесілі.
Жаңа кешеннің іске қосылуы өңірдегі ауылшаруашылығы шикізатын қайта өңдеу тізбегін кеңейтіп, дайын өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге отандық кондитерлік өнімдердің көлемін арттырып, олардың ішкі және сыртқы нарықтағы үлесін көбейтуге жол ашады.
Өңірде өндірістік қуатты арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жобаларды жүзеге асыру алдағы уақытта да жалғаспақ. «Кондитерлік астана» кешені осы бағыттағы жаңа өндірістік бастамалардың біріне айналып отыр.