«Қазфосфат»: әлеуметтік әріптестік аясында

0 6

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Нұрхан Нұрлановпен кездесті, – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңіріміздегі кен орындарында фосфор кенін өндіру және қайта өңдеумен, шикізатты байыту және қайта өңдеумен, минералды тыңайтқыштар, сары фосфор және құрамында фосфор бар өнімдер өндірумен айналысатын «Қазфосфат» акционерлік қоғамы ТМД елдері арасында фосфорлы өнімдер өндіретін жетекші компания ретінде танымал. Ол — фосфаттар шығарудан бастап, олардан өндірілетін түпкі өнімді өз меншігіндегі теміржол-көлік кешені күшімен жеткеруге дейінгі бүкіл жұмысты бір өзі атқаратын Қазақстандағы бірегей компания.

Өнімдерін Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытайға және ішкі нарыққа шығаратын, жарты мыңнан астам жамбылдықты жұмыспен қамтып отырған серіктестік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесін де назардан шығарған емес. Нұрхан Нұрланов кездесу барысында облыс басшысына кәсіпорынның тыныс-тіршілігі, өндіріс көлемін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар компанияның өңірдегі әлеуметтік салаларға инвестициялық бағдарламасы мен әлеуметтік міндеттемелерді орындауы, әлеуметтік нысандар салу жөніндегі жоспарлары туралы айтып берді.

Ал «Қазфосфат» акционерлік қоғамының бұл орайдағы жүзеге асырған жұмыстары өте ауқымды. Өткен жылы серіктестік 1200 млн теңге инвестиция құйып, Қаратау қаласында 72 пәтерлі тұрғын үй салды. Ол пәтерлер халықтың әлеуметтік жағынан осал санатындағы азаматтарының игілігіне берілді. Баспаналы болғандардың қатарында «Қаратау» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорнының баспанасыз қызметкерлерімен қатар көпбалалы отбасылар, ардагерлер, мүгедектер бар. Сондай-ақ компанияның қаржылай қолдауымен қалада балаларға арналған ойын және спорт алаңдары бар жаңа саябақ ашылғанын да айта кеткен жөн.

Сонымен қатар «Қазфосфат» ЖШС өз қызметкерлері үшін Тараз қаласындағы «Інжу» тұрғын үй кешенінен 31 пәтер сатып алып берген. Пәтерлер толықтай жиһазбен жабдықталған және кіруге дайын. Инвестиция көлемі 301 млн. теңгені құрайды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Тараз қаласында керемет демалыс орны – «Үшбұлақ» жағалауы пайдалануға берілгені белгілі. «Таразға тарту» жобасы аясында салынған нысан құрылысы да «Қазфосфат» ЖШС-інің демеушілігімен жүзеге асты. Ол үшін серіктестік 300 миллион теңге қаржы жұмсады. Жаяу жүргіншілер жолы, «Жасанды арал» мен аспалы көпірі, заманауи «Street workout» спорт алаңшасы мен әткеншегі, веложолы бар, Д.Қонаев көшесінен Зербұлақ көліне дейін жалғасатын, мәрмәр түйіршіктермен өрнектеліп безендірілген ұзындығы 850 метр жағалау бүгінде тараздықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған.

Нұрхан Нұрланұлының айтуынша, кәсіпорын биыл Жаңатас қаласындағы «Үш алып» ғимаратын қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін көпқабатты үйден ардагерлерге, мүгедектерге, Қаратау тау-кен өңдеу кешені қызметкерлеріне, кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға пәтер кілттері табысталмақ. «Сондай-ақ спорт залы мен аллеялар қайта жаңғыртылып, онда қазақтың үш биіне еңселі ескерткіш орнатылатын болады», – деді ол.

«Қазфосфат» басшылығы өз қызметкерлерінің еңбек жағдайларының сапасын жақсарту мәселесіне де баса назар аударып келеді. Атап айтқанда осы мақсатта компания филиалдары Жаңа Жамбыл фосфор зауытында, Минералды тыңайтқыштар зауытында, «Сауда-көлік компаниясы» Тараз филиалында асханаларды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа заманауи қондырғылар орнатылған. Жұмысшылар жыл он екі ай демалып, денсаулықтарын түзейтін «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінің медициналық пункті мен бес ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар Нұрхан Нұрлановтың айтуынша, қызметкерлердің жалақысы жыл сайын артып келе жатыр, мерекелер қарсаңында зауыт жұмысшылары сыйақы алады.

– Жұмыс орындарын сақтау, жалақыны өсіру, еңбек жағдайларын жақсарту  секілді негізгі мәселелер әрқашан айрықша назарда болуы керек, – деп түйіндеді кездесуді облыс әкімі.