Ауылдағы Рух алаңы

0 5

Жақында Шет ауданына қарасты Босаға ауылдық округінің тұрғындары ерекше қуанышқа кенелді. Тарихы тамырлы ауылда екінші дүниежүзілік соғысы мен Чернобыль апатының зардабын жоюға және Ауған соғысына қатысқан ардагерлерге арналған «Даңқ» алаңы ашылды.

Бой көтерген нысанда ардагерлердің есімі қашалып жазылған ескерткіш тақта орнатылған. Кірпіштен өріліп, гранитпен қапталған, бой көтерген үш бөлімнен тұратын тақтада өр рухты жандардың есімдері жазылған. Атап айтқанда, ардагерлер бөлімінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың есімдері, соғыстан оралып, туған жердің әл-ауқатын көтеруге атсалысқан еңбек ардагерлерінің тізімдері енгізілген. Сонымен қатар, келесі екі бөлімінде Чернобыль апатының зардабын жоюға және Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің есімі де тас­қа қашалып жазылған.

Алаңның ашылу салтанатына қатысқан Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров ел игілігіне берілген нысан өскелең ұрпақтың елдің өткен тарихын танып-білуіне ықпал ететіндігін атап өтті.

– Бүгін Босаға ауылдық округінде еңселі ескерткіш орын алған алаңның ашылуы – жергілікті халық үшін зор қуаныш. Сонымен қатар, ұрпақтардың бірлігіне және патриоттық құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді деп санаймын. Ауыл жұртшылығын қуанышты күндерімен шын жүректен құттықтаймын! Осындай іске бастамашы болған, айтулы әлеуметтік нысанды қаржыландырып, құрылысын жүргізген «Тау» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Түсіпбековке алғысым шексіз! – деді аудан басшысы Мұхит Мұхтаров.

Сонымен қатар, ажарлы алаңмен бірге ауылдағы футбол, хоккей кортының ашылу салтанаты өтіп, спортшылар арасында жолдастық кездесу өтті.