Атыраудың коммуналдық инфрақұрылымы толық жаңғыртылады

0 0

Атыраудың инженерлік жүйелері жаңаруды қажет етеді. Қаладағы жылу желілерінің жартысынан астамы тозған, су тазарту нысандарының бірқатары ондаған жыл бұрын салынған, ал кәріз жүйесінде экологиялық тұрғыдан күрделі мәселелер бар. Ендігі міндет – жекелеген нысандарды жөндеумен шектелмей, қаланың коммуналдық инфрақұрылымын тұтас жаңғырту.

Бұл мәселелер Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Атырау облысына жұмыс сапары кезінде талқыланды. Сапар барысында ол энергетика, жылу, су және кәріз жүйелерінің қазіргі жағдайын қарап, бірқатар жобаның іске асу барысына баға берді.

Қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі – жылу желілерінің тозуы. Қазір олардың жалпы ұзындығы 409,2 шақырым болса, физикалық тозу деңгейі 62,3 пайызға жеткен. Ұлттық жоба аясында жағдайы ең нашар, тозуы 95 пайыз болатын шамамен 8 шақырым желіні қайта құру жоспарланған. Бұл жұмыстардан кейін жылу шығынын 75 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.

Алайда мәселе мұнымен шектелмейді. 2030 жылдың соңына дейін Атырауда 26,6 шақырым жаңа жылу желісін тарту жоспарланған. Жоба толық жүзеге асса, инженерлік желілердің орташа тозу көрсеткіші 40 пайызға дейін азаймақ.

Электр желілерінің жағдайы да жаңғыртуды талап етеді. Алдағы жұмыстар аясында түрлі кернеудегі жалпы жүздеген шақырым желіні және 46 трансформаторлық қосалқы станцияны жаңарту көзделген. Сонымен қатар электр энергиясын есептеу жүйесі цифрландырылады: 10,5 мыңнан астам автоматты есептеу құралы орнатылып, 16 қосалқы станцияға SCADA технологиясы енгізілмек. Бұл жобаның құрылыс-монтаж кезеңін 2027 жылғы ақпанда бастау жоспарланып отыр.

Қанат Бозымбаев Ұлттық жобаға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына ерекше мән беру керектігін атап өтті. Оның айтуынша, мақсат тек бүгінгі ақауларды жою емес, алдағы жылдары желілердің қайтадан тез тозуына жол бермейтін жүйе қалыптастыру.

Коммуналдық инфрақұрылымның тағы бір күрделі бағыты – ағынды суларды тазарту. Бұл мәселенің өзектілігі қаладағы булану алаңдарының жағдайынан анық көрінеді. Сол жағалауда орналасқан «Сасықсай» алаңы 1 336,2 гектар аумақты алып жатыр. Оның қала бөлігіндегі рекультивация жұмыстары аяқталғанымен, зауыт аумағындағы учаскеде жұмыстар жалғасуда.

Бұл ретте өндірістен шығатын технологиялық суларды басқару мәселесі бөлек қаралмақ. Қанат Бозымбаев «АМӨЗ» ЖШС-не ағынды сулардың көлемін азайтып қана қоймай, оларды қайта пайдалануға мүмкіндік беретін технологиялық шешімдерді қарастыруды тапсырды. Яғни болашақта су тазартылып қана қоймай, өндірістік айналымға қайта енгізілуі мүмкін.

Қаладағы «Квадрат» булану алаңында да жұмыстар жүріп жатыр. Мұнда жойылуы тиіс 1,7 млн текше метр лас тұнбаның 900 мың текше метрден астамы тазартылған. Ал оң жағалаудағы кәріз тазарту құрылыстарының дайындық деңгейі 85 пайызға жуық. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Атырауда ауызсу мәселесі де ескі инфрақұрылыммен тікелей байланысты. Су тазарту кешендерінің жобалық қуаты тәулігіне 120 мың текше метр болғанымен, қазіргі нақты қуат 90 мың текше метрді құрайды. Бұған нысандардың техникалық жағдайы әсер етіп отыр.

Мәселен, 1968 жылы салынған №2 сүзгілеу станциясы апатты жағдайға байланысты екі жылдан бері жұмыс істемейді. Ал 1939 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан №1 станция да жаңғыртуды қажет етеді. Осыған байланысты ескі нысандарды кезең-кезеңімен алмастырып, тәулігіне 30 мың текше метр су өндіретін жаңа блок салу ұсынылған.

Премьер-Министрдің орынбасары бұл жұмысты жеделдетуді тапсырды. Сонымен бірге жаңа су қуаттарын қаланың бас жоспарымен үйлестіру қажеттігін айтты. Яғни инфрақұрылым халық саны мен құрылыс қарқыны артқаннан кейін емес, қажеттілік туындамай тұрып дайын болуы керек.

Өңірдің су шаруашылығына қатысты тағы бір міндет – каналдарды қалпына келтіру. «Табиғат» КМК қарамағындағы 21 арнаның жалпы ұзындығы шамамен 1 300 шақырым. Биыл оларды ретке келтіруге республикалық бюджеттен 399 млн теңге бөлінген. Қазір бірнеше арнаның жекелеген бөліктері тазартылып, жыл соңына дейін тағы екі нысанда жұмыс жүргізу жоспарланған.

Бұл бағыттың ауыл шаруашылығы үшін де маңызы зор. Сондықтан Қанат Бозымбаев арналарды жөндеу жұмыстарын суару жүйесін дамыту және агроөнеркәсіп кешенін кеңейтумен байланыстыруды тапсырды. Өңірде мемлекеттік қолдау тетіктері бар кезде су инфрақұрылымын қалпына келтіру ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беруі тиіс.

Жұмыс сапары коммуналдық шаруашылықпен ғана шектелген жоқ. Премьер-Министрдің орынбасары азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын тексеріп, су-құтқару станциясының жұмысымен танысты. Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша іске қосылған «Айдана Агро» жылыжай кешенінің қызметін де көрді.

Атырау үшін қазіргі кезеңдегі басты мәселе – инфрақұрылымды уақытша жөндеу емес, оның тұрақты жұмыс істейтін жаңа моделін қалыптастыру. Жылу мен электр желілерін жаңарту, су тазарту қуатын арттыру, кәріз жүйесін ретке келтіру және су шаруашылығын дамыту қатар жүруі тиіс. Осы жұмыстардың мерзімінде әрі кешенді орындалуы қала тұрғындарының коммуналдық қызмет сапасына ғана емес, өңірдің алдағы экономикалық дамуына да тікелей әсер етеді.