Бала күнінде құс болып ашық аспанда еркін самғауды армандамаған адам жоқ шығар, сірә? Сәби қиялмен қалықтап, зеңгір көкке бір-ақ көтерілесің. Сондағы адам баласының аспан әлеміне құштар болуының себебі неде екен? Есейе келе, көпшілігі мұның бәрін ұмытып, тағдыр жолымен ілесіп кете береді. Дегенмен бала арманына адал болып, мұратына адаспай жеткен жандар да бар ортамызда. Солардың бірі – екінің біріне бұйыра бермейтін, әлемдегі мәртебелі мамандықтардың бірі бортсерік болып қызмет істейтін Құндызай Тоқтырова.
Нәп-нәзік болмысымен таудай арманға құлаш сермеген бойжеткен Қордай ауданы, Отар ауылының тумасы. Ауылдағы №41 Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептен түлеп ұшқан ол Тұрар Рысқұлов атындағы «Нархоз» университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалаврды, содан кейін аталмыш оқу орнының магистратурасын грантта оқып, бітірген. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Түркияда және Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істеп, 2020 жылы «Эйр Астана» әуе компаниясына бортсерік қызметіне орналасуға өтініш береді. Сұқбаттасудан сәтті өткен ару үш жылдан бері еліміздегі ең беделді отандық әуе компаниясында бортсерік болып қызмет етіп келеді.
– Бортсерік дегенде көпшілігі әдемі униформаны киіп алып, жер-көкті шарлап, аспан әлемінде қалықтап жүре беретін рахат жұмыс деп ойлайды. Дегенмен «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, бұл мамандықтың да өзіндік қиындығы жоқ емес. Бортта отырған 150 адамның әрқайсысының көңілін табу, ұшу барысында қажет болатын нұсқаулықтарды есте сақтау, ұйқысыз түндер – мұның бәрі стюардесса жұмысы туралы әдемі картинаның басқалар елей бермейтін тұстары. Бірақ, бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, керісінше өз жұмысымды сүйіп істеймін, өйткені оның жарқын сәттері көбірек, – дейді Құндызай.
Сұңғақ бойлы, жылы шырайлы аспан аруы қазақ, орыс, ағылшын, түрік және кәріс тілдерінде еркін сөйлейді. Құндызай секілді стюардесса болуды армандайтын қыздар аз емес. Сондықтан, сәті түсіп тұрғанда бортсерік болып жұмысқа орналасудың жолын, сұқбаттасудың қалай өтетінін сұрадық.
– Әуе компаниясына өтініш қалдырған соң, сұқбаттасуға шақырады. Өзіңіз жайлы, тәжірибеңіз, қызығушылығыңыз, біліміңіз туралы мәліметтерді сұрайды. Одан кейін ағылшын тілінен біліміңізді тексереді. Әр компания әрқалай тексеруі мүмкін. Біреулері сізге мәтін беріп, соны оқып беруіңізді сұрайды, біреулері ағылшын тілінде сұрақтар қояды. Сауалдарды алдын ала болжап біле алмайсыз, әртүрлі болуы ықтимал. Сондықтан бортсерік болғыңыз келсе, ағылшын тілін жақсы білуіңіз міндетті. Сұқбаттасуды сәтті өтсеңіз, дәрігерлік-ұшу сараптау комиссиясына жолдама береді. Сіз оны бір ай ішінде өтуіңіз қажет. Оның алдында міндетті түрде бортсеріктің денсаулығына қатысты қойылатын талаптармен танысып шығыңыз. Осыдан кейін ең бастысы – оқу. Төтенше жағдайларға дайындық, психология, медицина, борттық қызмет, актерлік шеберлік, жүзу, ұшақтан эвакуациялау, өрт сөндіру – оқу осылай жан-жақты жүргізіледі. Әрі қарай тәжірибе ретінде сізге шамамен отыз сағат ұшуға тура келеді. Осы кезде жан-жақты бәрін мұқият зерттейсіз, сұрақ қоясыз. Сізді де үнемі бақылап, сұрақ қойып, әр әрекетіңізді белгілеп отырады. Тәжірибелік рейстерден кейін «бортсерік» атағын беретін қатаң комиссиядан өтесіз. Негізінен төтенше жағдайлар мен құтқару жұмыстарына қатысты сұрақтар қойылады. Кезең-кезеңмен осындай барлық сынақтардан мүдірмей өткеннен кейін ғана сізге «бортсерік» атағы беріледі, – деп түсіндірді «аспан аруы».
Құндызайдың сөзінен түйгеніміз, бортсерік жай ғана сізді ұшақтан күтіп алып, шығарып салатын адам емес, ол – апатты жағдайда эвакуация жасайтын құтқарушы, тілсіз жауды ауыздықтайтын өрт сөндіруші, адамдармен тіл табыса алатын психолог, қажет болса, денсаулығы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігер де. Сондықтан стюардесса әрдайым өзін жан-жақты дамытып, үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс, деп санайды қордайлық ару.
Кейіпкеріміз Германия, Оңтүстік Корея, Мальдив аралдары, Англия, Нидерланды, Черногория, Грекия, Грузия, Египет, Қытай сияқты әлемнің 17 елінде, 50 қаласында болып үлгерген.
– Қаншалықты қарабайыр сөз болғанымен, әр адам істеген ісін жақсы көрсе, сүйікті ісімен айналысса, ол – шын бақытты. Сондықтан әр жастың өз арманындағы жұмысын тапқанын қалаймын, – дейді Құндызай Сержанқызы.