Әскерге өзім сұранып кеткенмін

0 2

Отан – оттан да ыстық.  Әр азаматқа өзінің елін, жерін, Отанын қорғау парыз. Себебі – Отан біздің анамыз. Әйгілі ақын Мұқағали Мақатаев «Үш бақытым» атты өлеңінде:

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
 Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
 … Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
 Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен, – дейді.

Ақын атамыз осылай Отанның бәрінен қымбат, бәрінен ардақты екенін айтып толғанады, барша жұртты Отанын сүюге шақырады. Отанды сүю деген не? Менің ойымша, Отанды сүю деген – Отаным деп мақтау сөз айта беру емес. Ол – жас азаматтардың Отанға қызмет етуі болса керек. Елге қызмет етудің үлкен жолы – әскерге бару, өз еліңнің шекарасын күзету. Сен туған кезде анаң қалжа жеді. «Өмірге батыр баланы әкелдім, ел қорғайтын сарбаз өмірге келді» деп қуанды. Олай болса, әрбір 18 жасқа толған, денсаулығы жарамды жас азаматтың Отан алдындағы борышынан бас тартуға құқығы жоқ. Өзім Отан алдындағы борышымды өтеуге сұранып кеткенмін.

Арнайы ақпаратқа сүйеніп айтатын болсақ, әскерден кімдер босатылады? Оған да назар аударып көрейік. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрілігінің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша мерзімін кейінге қалдыру немесе босату шешімі әскерге шақыру комиссиясының құзыретінде. «Бұл тұрғыда кейінге қалдыру отбасы әрі денсаулық жағдайына, оқуын жалғастырғандарға, кәсіби қызметін атқарып жүрген педагогтерге, ауылдағы дәрігерлерге, Парламенттің немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына қатысты болады», – делінген Қорғаныс министрлігінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, алдын ала тергеу амалдарына тартылған немесе қылмыстық iсін сот қарап жатқан адамдар жауынгерлік жиындарға шақыртылмайды. Бұдан бөлек, азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипажының мүшелеріне, тиісті білімі бар азаматтық авиация инженерлері, механиктері және техниктеріне, сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқандарға қатысты әскерге шақыруды кейінге қалдыру тәртібі қарастырылған.

Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан мына азаматтар босатылады: атап айтқанда, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;  жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған; туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызметті өтеу кезеңінде мiндетін орындау барысында қаза тапқанда немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленгенде; әскери қызметті басқа мемлекетте өткендер; Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер; ғылыми дәрежесi бар азаматтар; тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері. Бұдан басқа, бейбiт уақытта әскери қызметке сотталған адамдар шақырылмайды.

Кейбір мәліметтер бойынша  елімізде мерзімді әскери қызметке шақырту үшін іздестіріліп жатқан жастар саны екі есе азайды деп естідік. Бұл қуантарлық жағдай. Жалпы, Отан алдындағы борышын өтемей қашып жүру – жігітке сын. Азамат болып тудың ба, Отаныңды қорға! Отан сенікі, ел сенікі. Келешекте елімізде мерзімді әскери қызметке шақырту үшін іздестірілетін азамат болмауы керек. Барлығы өз еркімен әскерге баруға тиіс. Себебі барса өз елінің әскеріне барады, қорғаса өз Отанын қорғайды. Бұл  туралы дауласып, талас тудырудың да қажеті жоқ. Жігіт болып жаралған соң, жастайыңнан шымыр бол, спортпен шұғылдан, қайсар, өткір бол. Отаныңды қорғау жолында да аянбай тер төк. Өжет, қайсар, қабілетті, намысты азаматтар Қазақстан қарулы күштеріне әрқашан керек.

Атам – майдангер,  өзім  – сарбазбын

Ал, өзіме  келетін болсам Талас ауданы, Ойық ауылы, Көктөбе бөлімшесінде өмірге келдім. Сол ауылдағы Бөлтірік Әлменұлы орта мектебін бітірдім. Атам Жуасбай Есқожаев деген кісі – Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысқан кісі. Осыдан 20 жылдай бұрын ғана өмірден озды. Мен – сол Жуасбай атамның баласы болдым.

Атамның қасында көп жүрдім, майдан өмірі туралы әңгімелерін көп естідім. Өзім сондай батыр кісінің, соғыста елін жаудан қорғаған майдангердің үлкен немересі болғаныма мақтанып жүрдім. Атам үшін әлі де мақтанамын. Атамның жасаған ерліктерін көп естігенмін. Жастау кезімізде атамның ерліктерін құрдастарыма, ауылдастарыма мақтанып айтып беруші едім. Ондай батыр кісімен мақтанбағанда, кіммен мақтанасың? Жуасбай атам бейбіт күнде де өзіміздің кеңшардың дамуына ерекше атсалысып, қызмет етті. Соғыс майданында да, еңбек майданында да көзге түсті. Нағыз патриот, елін сүйген кісі – менің Жуасбай атам.

Елін сүйген кісі жалғыз менің атам ғана деген ойдан аулақпын. Елін сүйетін, Отанын ардақтайтын патриот азаматтар аз емес. Олар көп қой. Солардың бірі – менің атам. Атамның бір асыл қасиеті Отанды қорғадым, қару асынып соғыста болдым деп мақтанбайтын. Тіпті, көп жағдайда сұрапыл соғыс жылдарын еске алғысы келмейтін. Өзін елден оқшауламай, көпшіліктен бөлінбей күн кешті. Әйтпесе менің атам – нағыз батыр ғой. Жуасбай атам – Талас ауданының Құрметті азаматы. Бір ауданның Құрметті азаматы атану ауылда тұрып жатқан қарапайым кісі үшін қандай бағалау екенін өздеріңіз біле беріңіздер.

Атам – еліміздің Қарулы Күштеріне сонау 1940 жылдары қосқан адам. Сол үшін ұрпақтары мақтанып, кеудесін жоғары ұстайды. Әрине, ел басына күн туғанда Отанын қорғау, мемлекетін ардақтау – нағыз батырдың ісі. Өмірден озып кетсе де Жуасбай атамды бағалап, ерліктері мен еңбектерін еске алып жүремін. Атам құрметке өте лайық адам.

Ал енді өзіме келсем, Жуасбай атамның жолын қудым деп айта аламын. 1996 жылы 18 ден асқан жасымда Отандық борышымды өтеуге өз еркімімен сұранып, аттандым. Алматы облысына қарасты Жаркент қаласында әскери борышымды өзге сарбаздармен бірге өтедім. Ол уақытта армияның мерзімі – бір жыл алты ай еді. Біз әскер қатарына қабылданған кезде екі жылға созылып кетті. Мен өз басым оған өкінбеймін. Екі жыл бойы Отаныма қызмет етіп, еңбегімді сіңірдім. Ол үшін мақтанамын. Қазақстанның Қарулы Күштеріне адал қызмет еткенімді кез келген кісінің бетіне тік қарап, жасқанбай айта аламын. Әскерге барғаныма бір жылдан асқан кезде Тәжікстан жеріндегі қақтығыс жағдайына өз еркімізбен сұранып бардым. 4 ай 15 күн сол Тәжікстан жерінде қызмет еттік. Ол – оңай тәуекел емес. Тәуекел еттім. Бойымда Ұлы Отан соғысының ардагері, батыр жауынгер Жуасбай Есқожаев атамның қаны бар емес пе? Сондықтан болар, еш ойланбастан келісімімді бердім.

Қазір әскерге баруға қаймығып, қашып жүрген жігіттер бар деп естимін. Естимін де солар үшін намыстамын. Әскерден қашу деген күлкілі жағдай. Ер азамат бола жүріп өз Отаныңды қорғамағанда нені қорғайсың? Өз Отаныңды сен секілді сарбаздары, өз ұлдары қорғамағанда кім қорғайды? Әскерден қашып жүрген, бой тасалап жүрген інілерім осы жағын ойланды ма екен? Ойланбаса ойлануға кеңес берер едім. Әскерга барып келу деген – әр жігітке мақтаныш қой. Біріншіден, Отан алдындағы борышыңды өтейсің. Анаң да марқаяды. «Бұл баланы бекерге тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп жүрмеппін. Міне, Отанын қорғап қайтты» деп шаттанады ғой. Әкеңнің де мерейі өседі. Ең бастысы Отан анаң саған алғыс айтады.

Қазіргі таңда туған інілерім, ағайын інілерім де әскерге барып, Отан алдындағы борыштарын өтеп келіп жатыр. Оларға ауылдас інілері қызыға қарайды. Ауылдастар  Отандық борышын өтеп қайтқан әр азаматты ерекше құрметтейтіні бар. Оны өзім де  әскери борышымды өтеп қайтқан кезде сезіндім. Қазір Құдай  берген 6 ұл-қыздың  әкесімін. Болашақ екі сарбазым үйімде жетіліп келеді. Жан жарым Айман Шыныбекова екеуміз перзенттерді адалдық жолына тәрбиелеп келеміз.

Өзім Қарулы Күштерге қызмет еткен соң, әскердің жағдайына назар бөліп, көңіл аударып отырамын. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы дамыса екен, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері дамыса екен деген тілегім бар.

«Отан – оттан да ыстық» дейді, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы  Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деді. Өзі де Отан үшін отқа түсті. Керісінше, көзі тірісінде батырлығы бағаланбаса да халық «Бауыржан – ержүрек батырымыз» деп төбесіне көтерді. Қазір Баукең атамызға барлық атағы берілді. Себебі, Отанға жасаған еңбек еш кетпейді.

Мен бүгінгі жас азаматтарды Отанымызды қорғауға, Отаншыл болуға, сарбаз шинелін киюге шақырамын. Отанын қорғап қайтқан, әскери борышын өтеген әр азаматтан асыл қасиеттер көп шығады. Сол асыл қасиеттер әр азаматтың  өмірін нұрландырады.