Көктал мектебінде жас сақшылар қатары толықты

0 3

Жуырда Байзақ ауданы білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес, «Заң және тәртіп» жобасы аясында Көктал орта мектебінде маңызды әрі тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылды. Білім ордасында жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған «Жас сақшы» әскери-патриоттық сыныбының ашылу салтанаты өтті.

Ел болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Сондықтан олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, жауапкершілік пен тәртіпке баулу – білім беру ұйымдарының басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта ашылған «Жас сақшы» әскери-патриоттық сыныбына 8-сыныптан 27 оқушы қабылданып, олар жаңа бастаманың алғашқы мүшелері атанды.

Салтанатты іс-шарада мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалды. Мерекелік жиында жас сақшылар салтанатты түрде ант қабылдап, туған елге адал қызмет етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға, өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындауға серт берді. Бұл сәт оқушылар үшін ғана емес, ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін де ерекше әсерлі болды.

Іс-шараға Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы Қ. Өскембекова және аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Әлімхан Айдарханұлы Қарымсақов арнайы қатысып, жаңа әскери-патриоттық сыныптың лентасын қиып, оның ресми түрде ашылғанын жариялады.

Қонақтар өз сөздерінде жастар тәрбиесінің маңыздылығына тоқталып, жас сақшыларға үлкен сенім артылатынын жеткізді. Олар тәртіпті сақтау, заңды құрметтеу, елге адал қызмет ету секілді қасиеттердің қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар оқушыларға оқуда озат болып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, болашақта елдің дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуға тілектестіктерін білдірді.

«Жас сақшы» әскери-патриоттық сыныбының басты мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әскери қызметке қызығушылығын ояту, патриоттық сезімдерін нығайту және құқық қорғау органдарының қызметімен таныстыру. Бұл жоба арқылы жастардың бойында батылдық, төзімділік, ұйымшылдық және көшбасшылық қасиеттер қалыптасады.

Бүгінде елімізде өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рух пен азаматтық жауапкершілікті дарытуға бағытталған бастамалар ерекше қолдау табуда. Солардың бірі – «Жас сақшы» сыныбы. Бұл тек әскери-патриоттық бағыттағы жоба ғана емес, сонымен қатар саналы, тәртіпті, елжанды азамат тәрбиелеудің тиімді тетігі болып табылады.

Көктал орта мектебінде ашылған жаңа сынып – жас буынның болашағына бағытталған маңызды қадам. Ел ертеңі болатын жас сақшылардың бойындағы патриоттық рухтың асқақ болып, білім мен тәртіпті серік етіп өсуі – барша қоғамның ортақ тілегі.

Елге қызмет ету – әр азаматтың қасиетті парызы. Осы жолда алғашқы қадамдарын жасаған жас сақшыларға сәттілік, қажыр-қайрат, биік мақсаттар мен жарқын болашақ тілейміз!