Әскер – ерліктің мектебі

0 3

Қарабөгеттің қос қыраны

Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір ер-азаматтың қасиетті парызы. Жуырда Мойынқұм ауданы, Қарабөгет ауылының қос тумасы, бір үйдің тірегі болған ағайынды Жалғас Бейсен пен Жасұлан Бейсен әскери борыштарын абыроймен атқарып, туған ауылына оралды. Бұл жігіттер жай ғана оралып қоймай, өздерімен бірге үлкен мақтаныш ала келді. Олар өздері қызмет еткен №31775 әскери бөлімі командирінің арнайы Мадақтама грамотасымен марапатталды. Бұл – сарбаздардың әскери дайындықтағы үздіктігін, тәртібі мен Отанға деген адалдығын айғақтайтын жоғары марапат.

Әскери бөлім командирі өз марапатында ағайынды жігіттердің жауынгерлік міндеттерді орындаудағы қырағылығын және әскери қызметтің қиындықтарына төтеп бере білген төзімділіктерін ерекше атап өткен.  «Ата-ананың берген тәрбиесі мен ауылдың таза ауасында шыңдалған жігіттер нағыз сарбазға тән қасиеттерді көрсете білді. Мұндай азаматтарды тәрбиелеген Қарабөгет топырағына және ата-анасына алғысымыз шексіз», делінген бөлім басшылығының лебізінде. Екі бірдей ұлын әскерге аттандырып, олардың абыроймен оралғанын көрген ата-анасы мен ауылдастары үшін бұл үлкен мереке. Қарабөгет ауылының жастарына үлгі боларлық бұл қадам – ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.

Күзгі шақырылым қорытындыланды

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде биылғы күзгі әскерге шақыру науқаны қорытындыланып, межелі жұмыстар атқарылды. Ел қорғанысына үлес қосуды мақсат еткен аудан жастары әскери бөлімдерге аттанды.

Биылғы күзгі жасаққа аудан бойынша барлығы 59 баланы әскер қатарына шақыру жоспарланған болатын. Жүргізілген тиісті жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күні оның 50 толықтай орындалып, сарбаздар Отан алдындағы қасиетті борыштарын өтеуге жол тартты.

Науқан барысында әрбір шақырылушының денсаулығы мен психологиялық дайындығына баса назар аударылды. Жоспардың негізгі бөлігінің орындалуы – жергілікті атқарушы органдар мен қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің үйлесімді іс-қимылының көрінісі. «Әскерге аттанған 50 жас – ауданымыздың мақтанышы. Олар еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі әскери бөлімдерде қызмет етіп, ер-азаматқа тән шыңдалу мектебінен өтеді. Бұл көрсеткіш біздің аудандағы патриоттық тәрбиенің дұрыс бағытта екенін көрсетеді», дейді сала мамандары.

Аттанған сарбаздардың басым бөлігі Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және Қарулы Күштер сапына қосылды. Ауылдастары мен ата-аналары ақ батасын беріп шығарып салған бұл жастар ертеңгі күні ел тірегіне айналатыны сөзсіз.

 Күзгі шақырылым аясында атқарылған бұл жұмыстар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мемлекеттік тапсырманы орындауға деген жауапкершілігін тағы бір дәлелдеді. Сапқа тұрған сарбаздарымыздың қадамы нық, абыройы биік болсын!

Ардагерлерді әлеуметтік қолдау – құрметтің бір парасы

Ел басына күн туғанда от кешкен Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль АЭС-індегі апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтар — мемлекеттің ерекше қамқорлығында. Қазіргі таңда қолданыстағы заңнама аясында бұл санаттағы жандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары ауқымды. 2026 жылғы көрсеткіштерге сәйкес, ардагерлерге берілетін негізгі жеңілдіктер мен төлемдерге шолу жасап көрелік.

Ардагерлерге ай сайын берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы — әлеуметтік қолдаудың негізгі тетігі. 2026 жылы айлық есептік көрсеткіштің (1 АЕК = 4 325 теңге) өсуіне байланысты төлем мөлшері де ұлғайды: Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль қатысушылары үшін: Ай сайынғы жәрдемақы 6,19 АЕК немесе 26 772 теңгені құрайды. Мүгедектігі бар ардагерлер үшін: Төлем мөлшері 7,55 АЕК-ке (32 654 теңге) дейін көтерілген. Бұдан бөлек, жергілікті әкімдіктер тарапынан 7 және 9 мамыр мерекелеріне орай бюджет мүмкіндігіне қарай біржолғы ақшалай көмек беріліп тұрады.

Ардагерлер бірнеше салық түрінен босатылған немесе жеңілдіктерге ие:

1.Көлік салығы: Қозғалтқыш көлемі 4 000 текше сантиметрге дейінгі бір автокөлік үшін салық төленбейді.

 2.Мүлік салығы: Жеке меншігіндегі үйі немесе пәтері бар ардагерлер заңда белгіленген лимит шегінде салықтан босатылады.

3.Жер салығы: Тұрғын үй қоры орналасқан жер телімдеріне салық салынбайды.

4.Мемлекеттік алымдар: Нотариаттық қызметтер мен сотқа жүгіну кезінде ардагерлердің көп жағдайда мемлекеттік алым төлемеуге құқығы бар.

Мемлекет ардагерлердің денсаулығын оңалтуға да баса назар аударады. Атап айтқанда емханаларда кезексіз қызмет көрсету; мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жылына бір рет шипажай-курорттық емделуге жолдама алу; тегін тіс протездеу (бағалы металдарды қоспағанда) қызметтері қарастырылған.

«Ардагерлер туралы» Заңға сәйкес, бұл санаттағы азаматтар мемлекеттік қордан баспана алу кезегінде басымдыққа ие. Сондай-ақ, жергілікті мәслихаттардың шешімімен коммуналдық қызметтерге төленетін шығындарды өтеу үшін арнайы әлеуметтік көмектер тағайындалуы мүмкін.

Мемлекетіміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі жолында еңбек еткен жандарды ұлықтау – ұрпақ алдындағы қарыз бен парыз. Оларға көрсетілген әлеуметтік қолдау – осы құрметтің бір парасы.

Әскер – ерліктің мектебі. Отан алдындағы борышты өтеу – өткенге тағзым,  бүгінге қызмет, келешекке аманат. Патиротизм – тек Әнұран шырқап, Ту ұстау емес, ішкі рух, азаматтық парызға адалдық. Сондықтан әрбір жас елдің қорғаны болуға, әрбір ата-ана баласының ер болып өсуіне үлес қосуы керек.