Суды үнемдеудің тың жолы – жаңа технологияларды енгізу

0 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында суармалы егістік көлемін 2030 жылға дейін 3 миллион гектар алқапқа жеткізу межесін қойған еді. Қазір мемлекет тарапынан бұл бағытта арнайы бағдарламалар мен жобалар қабылданып, еліміздің барлық өңірінде су көздерін тиімді пайдалану жолдары қарастырылуда.

«Ирригациялық жүйелерді салу және қайта қалпына келтіру» бағдарламасы аясында Жуалы ауданында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. «Ақсай» су шаруашылығы мекемесінің директоры Дәулетбай Нұрабаевтың айтуынша, бүгінде өңірдегі 265 канал мен тоғандар қайта жаңғыртудан өткізіліп, егістіктерге кедергісіз ағын су жеткізілуде. Ал аудандағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы осыдан алпыс жыл бұрын пайдалануға берілген. Биіктігі – 30, тереңдігі 21 метрді құрайтын бөгетке 158 миллион текше метр су жиналады. Оның суымен Жамбыл ауданының мың гектардан аса егіс алқаптары ылғалдандырылады.

Су қоймасының қауіпсіздігін арттыру мақсатында бұған дейін нығайту жұмыстары бірнеше рет жүргізілген болатын. Осыдан он-он бір жыл бұрын су бөгетінде пайда болған сызаттар бетондалып, бөгеттің жотасы 3 метрге дейін биіктетілген. Бірақ соңғы жылдары бөгеннің астынан су кетіп, алдыңғы жылы оны бекіту үшін су табанын құрғатып, бетон құйылған. Қазіргі таңда бөгеннің бетінде жарықшақтар пайда болып, оның бір бөлігі 30-40 сантиметрге төмен түсіп кеткен. Бөген үстіндегі жауын суы ағатын бетон арықтың өзі бір жәніне 15-20 сантиметрге қисайған.  Соңғы кезде пайда болған жырақтарды бетондап, қалпына келтіру үшін «Қазушар» РКМ облыстық филиалы республикадан қаржы сұрап отыр екен.

Осы су қоймасында бірнеше жыл бұрын болған Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері бұл су қоймасының Жуалы ауданына ешқандай пайдасы болмағанымен ол Жамбыл ауданының жүздеген егіс алқаптарын суландырып отырғанын айта келіп, «шынында мұнда жөндеу жұмысын жүргізбесе болмайды екен, біз мұны министрлікте қараймыз, шешеміз» деп кеткен болатын. Бұл алдағы уақытта өз шешімін таппақ.

Бұдан бөлек, аудандағы Көксай мен Ақсай каналдарының суландыру жүйесіне қосып отырған үлесі зор. Мәселен, бұдан алты-жеті жыл бұрын пайдалануға берілген Көксай каналының суын Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округінің диқандары пайдалануда. Канал суымен 1600 гектар алқап ылғалдандырылады. Вигитация кезінде каналға секундына 1,5 текшеметр су түседі. «Ақсай» су шаруашылығы мекемесінің директоры Дәулетбай Нұрабаев бүгінгі таңда Алатаудан келетін судың екі есеге азайғанын жеткізді. Ол оны соңғы жылдары тауға түсетін қардың аздығымен, Алатаудағы мұздықтардың тез еріп кетуімен байланыстырады.

Осы арада шаруа қожалықтардың да айтары бар. «Бұрын мал ұрылары болса, қазір су ұрылары пайда болды. Түнде жығып алып, суымызды ұрлап тыныштық бермейді. Осыған тиым боларлық шара қолданылса. Суару кезінде суды жеткізу жауапкершілігі тиісті мекемеге жүктеліп, олар кезекпен қожалықтарға бөліп беріп отырса» дейді «Сәбиров» шаруа қожалығының жетекшісі Серік Сәбиров. Ал «Злиха» шаруа қожалығының жетекшісі Керімқұл Бегалиев: «Бетон каналдар салу жолға қойылса, таудан түсіп жатқан судың картоп алқабына жеткенше жартысы жерге сіңіп кетеді. Бізге суды шығынсыз жеткізу үшін бетон каналдар салу қолға алынса екен. Сондай-ақ Теріс өзенінен сусорғы арқылы су шығару жолдарын қарастырылса», дейді.

– Трансшекаралық өзендер мәселесін шешумен республика деңгейіндегі билік орындары айналысуда. Бізде бүгінгі таңда шешімін таппай тұрған трансшекаралық үш өзен бар. Жалпы жаңа бағдарлама бойынша шаруашылықтарға жаңа тың технологияларды енгізбей болмайды. Біз суды үнемдеуді үйренуіміз керек. Алда қандай шаруашылықтың преспективалық жоспары болады, жаңа технологияларды енгізеді, ағын су да алдымен соларға беріледі. Біз уақыт талабына сай бұрынғыдай арықпен су беруді тоқтатып, тамшылатып, жаңбырлатып суғару жүйесін енгізуге тиіспіз. Өйткені ағын судың шаруа қожалықтың алқабына жеткенше 68 пайызы жерге сіңіп кетеді. Сондықтан біз шығынсыз суару жүйесіне көшуді қазірден бастағанымыз жөн. Президенттің де Жолдауында алдымызға қойып отырғаны осы мәселе. Қазір Үкіметте осыған байланысты арнайы бағдарламаның жобасы жасалуда екен. Ондағы мақсат – басты үш мәселені шешуді көздейді. Яғни, бірінші – каналдар салу, тоғандарды тазалау арқылы судың шығынын азайту, екінші – халықты жұмыспен қамтамасыз ету, үшінші – халықты отандық, табиғи өніммен қамтуға жәрдем беру. Біз алда шаруаларға суды шығынсыз жеткізіп беруді жүзеге асырсақ, онда жұмыс та, өнім де, табыс та болады, – дейді ол.

Бұдан кейін табаны құрғап қалған көрші мемлекеттің Талас өзенінің Күркіреу саласынан бастау алатын Ақмолда, Қаратақы және Төменгі Тамға каналдарының бүгінгі жағдайымен де танысқан едік. Бұл өңір диқандарының ағын суға деген сұранысы бүгін ғана пайда болып отырған жоқ. Бұл мәселе біраз жылдардан бері көтеріліп келеді. Қарап отырсақ, облыстың егіс алқаптарына қажетті ағын судың басым бөлігін көрші жатқан Қырғыз елінің өзен суларынан алады екенбіз. Кеңес заманында Қазақстан мен Қырғыз елі арасында трансшекаралық өзендердің суын бөлу 1948, кейіннен 2002 жылғы тараптар келісіміне сәйкес ереже бойынша жүргізіліпті. Аталған ережелерге сай еліміз судың 32, ал өзеннің басында отырған Қырғыз елі 68 пайызын пайдалану жайы келісілген. Бірақ бүгінде бұл талаптар сақталмауда. Соның салдарынан шекара аумағында орналасқан өңір диқандары егістік алқаптарын қажетінше толық пайдалана алмауда. Дәулетбай Нұрабаев осындағы Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары егістік суының басым бөлігін осы каналдардан алып келгенін айтты. Мұндағы суармалы егіс алқабы 1600 гектарды құрайды. Бұрын әскери кеңшар тұсында шаруашылықта ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақталып, алқаптар ағын судан таршылық көрмейтін. Осы тәртіп бертінде біразға дейін сақталып келіпті. Су кейбір алқаптарға жетпей жатса, шаруашылық басшылары арғы бетке өтіп, оны өзара келісіммен реттеп келетін екен. Шекара сымы тартылған соң бұл су да каналға түсуді қойған. Аталған каналдарға су мүлде түспегендіктен, табаны қаңсып қалған.  2013 жылы «Ақмолда» каналының 5,5 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіліпті. Бірақ мұнымен де мәселе шешілмеген. Қырғыз жағы Қазақстан тарапынан қандай әрекеттер жасалса да арнаны бұзып, су бағытын өзгертуден танбаған. Ағын су мәселесі үкіметтік деңгейде талқыланып жатқанымен, әзірге одан тиянақты нәтиже болмай тұр.

Жалпы өзеннің басында тұрған елдердің жаңа су электр стансаларын салып, өзен суларын бөгеп жатқанын түсінуге болады. Бірақ өзеннің төменгі жағында отырған ел үшін ауылшаруашылығына қажетті ағын су тапшылығының зардабы өте ауыр екендігі айтпаса да түсінікті. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда тығырықтан шығаратын бір тәсіл, жергілікті ылғал көздері – қар, жауын-шашын, бастау мен бұлақ суын жинастыру арқылы жаңа су қоймасын салу қажет. Осы мақсатта округтегі Ақтоған ауылының үстінен тоған салу жұмысы қолға алынған екен. Бекітіліп қалған бұлақ көздері мен су жолдарын аршуға алып экскаваторлар қажет көрінеді. Ал бұл мәселені бүгінде осындағы «Жаңаталап» шаруа қожалығы шамасына қарай шешуге тырысуда. Осылайша ағын суға деген тәуелділікті шешу жолында қарекеттер жасалуда.

Былтыр аталған шаруа қожалығы өңірде алғашқылардың бірі болып, жаңбырлатып суару қондырғысын орнатып, су үнемдеуге көшкен. Соның көмегімен биыл да картоп пен егіс алқаптарынан мол аламыз деген ниетте. Мұның тиімді екенін көрген өзге шаруашылықтар да тоған салып, көрші елмен арадағы су мәселесі қашан шешіледі деп құр қарап отырмай, нақты іске көшені қуантады.