Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтіп, онда күзгі жиын-терім жұмыстары мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жиынға басқарма басшылары, тиісті департамент жетекшілері және аудан-қала әкімдері қатысты.
Биыл облыста 790,9 мың гектар алқаптан өнім жинау жоспарланған. Оның 368,7 мың гектары – майлы, 275,6 мың гектары – дәнді дақылдар. Мемлекет басшысының егісті әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидай алқабы 22,5 мың гектарға қысқарып, майлы дақылдар көлемі 29,3 мың гектарға артқан.
3 қыркүйектегі мәлімет бойынша 129,7 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналып, 136,4 мың тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік гектарына 10,5 центнерді құрады. Сонымен қатар картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілуде.
Егін жинау науқанына 7 мың техника тартылған. Биыл шаруалар 361 жаңа техника сатып алған. Күзгі жұмыстарға 21 мың тонна дизель отыны бөлінді.
Облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан-қала әкімдеріне дизель отынын шаруашылықтарға уақытылы жеткізуді, егін жинау қарқыны төмен аудандарға ерекше назар аударуды және науқанды агротехникалық мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ жиналған өнімді сақтау мен өткізу мәселесін алдын ала шешу қажеттігін атап өтті.
Кеңесте еңбек қауіпсіздігі мәселесі де қаралды. Жыл басынан бері 22 кәсіпорында кәсіптік тәуекелдер бағаланып, еңбек жағдайларына аттестаттау жүргізілген. Есепті кезеңде 3426 жұмыс беруші қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасқан.
Берік Уәли жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауын, міндетті сақтандыруды қамтамасыз етуді және кәсіптік тәуекелдердің алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.