Жаңа су қоймалары суармалы егіншіліктің әлеуетін арттырады

0 2

Абай облысында су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығын сумен тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Бұл мәселе облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте талқыланды. Жиынға облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, аудан және қала әкімдері қатысты.

Кеңесте өңірдегі су қоймалары мен су тораптарын салу, магистральдық каналдар мен ирригациялық жүйелерді жаңғырту, сондай-ақ суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу мәселелеріне басымдық берілді.

Қазақстанның су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, Абай облысында алты жаңа су қоймасын салу, Қаракөл су қоймасының құрылысын аяқтау, жеті су торабын, 29 магистральдық канал мен коммуналдық меншіктегі алты гидротехникалық нысанды реконструкциялау жоспарланған. Қазір бірқатар жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа су қоймаларының құрылысы өңірдегі суармалы егіншіліктің әлеуетін арттырмақ. Мәселен, Ақсуат ауданындағы Қарғыба су қоймасы арқылы 5 132 гектар, Үржар ауданындағы Қаракөл су қоймасы арқылы 6 558 гектар қосымша суармалы жерді игеру көзделген. Қалған бес нысан іске қосылған жағдайда тағы 22 мың гектарға дейін жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі.

Суармалы жерлерді тиімді пайдалану бойынша да нақты жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы иесіз қалған 21 шаруашылықішілік канал коммуналдық меншікке қабылданды. Сонымен қатар Ертіс өзенінің су ресурстарын тиімді пайдалану есебінен 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 70 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылды. Бұл ретте Бесқарағай және Жаңасемей аудандарындағы суармалы алқаптарды игеру, инвестиция тарту, ирригациялық инфрақұрылымды дамыту және су үнемдеу технологияларын енгізуге басымдық берілмек.

Жалпы, жоспарланған жобалар нәтижесінде облыста 55 мың гектар жаңа суармалы жер пайда болып, 223,7 млн текше метр су жинақтау мүмкіндігі қалыптасады. Бұдан бөлек, 374,5 шақырым магистральдық канал жөнделіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін гектарына 16 центнерден 27 центнерге дейін арттыру көзделіп отыр. Ертістің гидропотенциалын толыққанды пайдалану арқылы суармалы жерлердің жалпы көлемін 238,4 мың гектарға жеткізу жоспарланған.

«Қазсушар» РМК-ның Абай облысындағы филиалы бүгінде 64 су шаруашылығы нысанына қызмет көрсетеді. Оның құрамында үш су қоймасы, 20 су торабы және жалпы ұзындығы 503,5 шақырым болатын 41 магистральдық канал бар. 2025 жылы 70 шақырым канал тазартылса, биыл 142 шақырымды құрайтын 20 канал бойынша осындай жұмыстар жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 110 шақырымы тазартылды.

Жиында облыс әкімі су шаруашылығы нысандарын жаңғырту жобаларын белгіленген мерзімде аяқтауды, инвестиция тартуды және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырды.

Аппараттық кеңесте өңірдегі мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Жыл соңына дейін Тұрсын Жұртбай мен Тұрсынғазы Рахимовтың 75, Молдабек Жанболатұлының 90, Роллан Сейсенбаевтың 80 жылдық мерейтойларына арналған шаралар, «Ұлылар елі» республикалық ән байқауы, сондай-ақ Республика күні, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы және Жаңа жылға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіледі.

Берік Уәли алдағы мәдени шараларды мазмұнды әрі жоғары деңгейде өткізумен қатар, қоғамдық қауіпсіздікке, санитариялық талаптар мен тәртіпке ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.