Бесқарағай ауданындағы №1 орта мектепте экологиялық бастамалар оқушылардың күнделікті оқу-тәрбие жұмысының бір бөлігіне айналып келеді. Бірі мектеп дәліздерін гүлге бөлеп, енді бірі қатаң климат жағдайында апельсин мен мандарин өсірудің жолын іздеп жүр. Ал жас зерттеушілердің тағы бір тобы су айдындарын қоқыстан тазартуға арналған роботтардың үлгілерін құрастырып жатыр. Табиғатты қорғауға бағытталған бұл жұмыстардың ортақ мақсаты – экологиялық мәселелерді тек сөз жүзінде талқыламай, нақты жобалар арқылы шешуге талпыныс жасау.
Мектепте өткен «Таза Қазақстан» тақырыбындағы ашық сабақ барысында оқушылар өздерінің зерттеу жұмыстарын таныстырды. Жобалардың мазмұны әртүрлі болғанымен, барлығы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау идеясын біріктіреді.
Солардың бірі – «Жасыл мекен» бастамасы. Оқушылар мектеп ғимаратын көгалдандырумен айналысып, гүлдер мен түрлі өсімдіктерді өздері отырғызып, күтім жасайды. Бүгінде олардың еңбегінің нәтижесін мектептің екінші қабатындағы дәліздерден көруге болады. Жайқалған гүлдер ғимараттың ішкі көрінісін өзгертіп қана қоймай, балаларға өсімдікті күтіп-баптаудың практикалық қырларын үйретіп отыр.
Экологиялық жобалардың ішінде Бесқарағайдың табиғи жағдайына бейімделген зерттеу жұмысы да бар. «Citrus Climate: күрт континенттік климат жағдайында цитрус көшеттерінің бейімделуі мен STEM ортасында өсу динамикасын зерттеу» жобасы аясында оқушылар апельсин мен мандарин көшеттерін өсіріп, олардың жергілікті климатқа бейімделу мүмкіндігін бақылауда.
Өңірдегі қыстың суық болуы жылусүйгіш өсімдіктерді ашық жерде өсіруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан оқушылар тәжірибені мектеп жағдайында жүргізіп, көшеттерге қажетті температура мен жарық жағдайын жасауға тырысуда. Бұл ретте STEM шамдары пайдаланылып, өсімдіктердің жабық ортада жыл бойы өсу динамикасы зерттеліп жатыр.
9-сынып оқушысы Асылай Жұманбаева үшін бұл жоба табиғатты бақылаумен қатар, нақты мәселені технология көмегімен шешуге мүмкіндік берген. «Біздің өңірде қыс өте суық болғандықтан, цитрус көшеттерін далада өсіру қиын. Сондықтан STEM шамдарын пайдаланып, олардың бөлме жағдайында өсуіне қажетті жағдай жасауға тырысып жатырмыз», – дейді жас зерттеуші.
Оқушылардың ізденісі өсімдік өсірумен ғана шектелмейді. Су көздерінің ластануы мәселесіне де технологиялық шешім ұсынуға талпыныс бар. «Био-тор» жобасында су бетіндегі пластик пен ұсақ қалдықтарды жинауға арналған биомиметикалық құрылғының үлгісі жасалса, «AquaCleaner» жобасында өзен шаянының дене құрылымынан шабыт алған робот-кеме моделі ұсынылған. Оның мақсаты – су астындағы қоқысты жинау.
Бұл жобаларды әзірлеу барысында балалар инженерлік ойлау дағдыларын жетілдіріп, заманауи цифрлық құралдарды қолданады. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін де зерттеу жұмыстарына енгізіп жүрген оқушылар экологиялық мәселені ғылым мен технология арқылы шешуге болатынын тәжірибе жүзінде көрсетіп келеді.
Мектеп ұстазы Динара Әйкеннің пікірінше, экологиялық мәдениет қарапайым әрекеттерден қалыптасады. Табиғатты қорғау ең алдымен адамның өзі өмір сүретін ортасына деген жауапкершілігінен басталады.
Мектептегі бастамалар мұнымен аяқталмайды. Жобаларды қорғаумен қатар, оқушылар мен ұстаздар мектеп аумағын тазалап, абаттандыру жұмыстарына да атсалысады. Яғни экология бұл жерде жеке сабақтың немесе бір реттік акцияның тақырыбы емес, білім алушылардың күнделікті тәжірибесімен ұштасып отыр.
Бүгінде Бесқарағай оқушыларының жобалары көгалдандырудан бастап цитрус өсіруге, су айдындарын тазартатын робот жасауға дейінгі бағыттарды қамтиды. Олардың әрқайсысы табиғатты қорғаудың жаңа жолдарын іздеуге негізделген. Ең бастысы – жас зерттеушілер экологиялық мәселені дайын ақпарат ретінде қабылдамай, оны өз қолымен зерттеп, тәжірибе жасап, технологиялық шешім ұсынуға үйреніп келеді.