Жұмыссыздық мәселесін шешуге жәрмеңке көмектесуде

0 5

Жетісуда еңбек нарығына қатысушылар үшін маңызды алаң қалыптасты. Өңірде ұйымдастырылған облыстық бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 789 жұмыссыз азамат келіп, өзіне лайықты қызмет іздеді. Іс-шара барысында 100-ден астам жұмыс беруші 700-ден астам ұсынысын таныстырды.

Жәрмеңкенің нәтижесінде 200-ден астам адам тұрақты қызметке орналасуға мүмкіндік алды. Тағы екі жүзге жуық азаматты мемлекеттік қолдаумен жүзеге асатын жұмыс орындарына бағыттау көзделіп отыр. Бұл қатарда жастарға арналған практика, «Күміс жас» және қоғамдық жұмыстар сияқты жобалар бар.

Іс-шараның ерекшелігі — жұмыс іздеушілердің бос орындар туралы ақпаратты делдалсыз, тікелей кәсіпорын өкілдерінен алуында. Қатысушылар мамандықтарына сәйкес ұсыныстармен танысып, болашақ жұмыс орнының талаптарын, еңбек жағдайын және жалақы көлемін нақтылауға мүмкіндік алды. Ал жұмыс берушілер өздеріне қажетті кадрлармен жүзбе-жүз кездесіп, үміткерлерді бірден іріктеу мүмкіндігіне ие болды.

Жәрмеңке «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Еңбекпен – тәртіпке, тәртіппен – табысқа» ұранымен өтті. Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев іс-шараның мазмұны еңбекке жауапкершілікпен қарау және заң талаптарын сақтау қағидаттарымен сабақтас екенін атап өтті. Оның сөзінше, тұрақты жұмыс адамның табысын қамтамасыз етумен қатар, оның қоғамдағы белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жұмыс берушілер қатарында өндірістік кәсіпорындар, мемлекеттік ұйымдар, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері болды. «Қайнар АКБ», «Темірбетон», «Метакон», «ALACEM», «JLC Сүт», «ASMA Industrial», Талдықорған кабель зауыты, Көксу қант зауыты мен «Алмаз Керамикс» секілді кәсіпорындар мамандарға қажеттілігін білдірді.

Мәселен, «Талдықорғанжылусервис» кәсіпорны жылу энергетикасы инженері мен электргазбен дәнекерлеушіні іздеген. Кәсіпорын маманы Арайлым Мұхамер мұндай кездесулердің кадр таңдауда тиімді екенін айтады. Себебі үміткер жұмыс берушімен бірден сөйлесіп, өзіне ұсынылған қызметтің шарттарын толық біле алады.

Жұмысқа орналасуда әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға да басымдық берілді. Жәрмеңкеге 66 пробация есебіндегі адам, 300-ден астам жас қатысты. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар азаматтар, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының түлектері және жұмыссыз тұрғындар үшін түрлі ұсыныстар қарастырылды. Қылмыстық-атқару жүйесінен босап шыққан азаматтарға да еңбекке араласу мүмкіндіктері түсіндірілді.

Шара аясында жұмыспен қамтудың мемлекеттік тетіктері туралы кеңес беріліп, азаматтарға «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Қоғамдық жұмыстар» жобаларының мүмкіндіктері таныстырылды. Жастарға мамандық таңдауға қатысты кеңес беріліп, Skills Enbek және Электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн оқуға, бос жұмыс орындарын іздеуге болатыны көрсетілді.

Жәрмеңкеде жұмыс іздеумен шектелмей, жеке кәсіп бастауға ниетті азаматтарға да мүмкіндік ұсынылды. Ескелді ауданының Абай ауылынан келген Серік Жұмабек мемлекеттік гранттың көмегімен мал шаруашылығын дамытып отыр. Ол 1,5 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға үш құлынды бие алып, қымыз және саумал өндіруді жолға қойған. Кәсіпкердің айтуынша, грант отбасылық кәсіпті кеңейтуге мүмкіндік берген. «Еңбек еткен адам оның нәтижесін көреді. Жылқы шаруашылығымен бала кезімнен айналысамын. Қазір қымыз сатып, қолөнермен де айналысамыз», — дейді Серік Жұмабек.

Осылайша, жәрмеңке бір күндік жұмыс іздеу шарасынан гөрі еңбек нарығындағы нақты сұраныс пен азаматтардың мүмкіндігін байланыстыратын алаңға айналды. Жұмысқа орналасу, кәсіби білім алу немесе жеке кәсіп бастау бағытындағы ұсыныстардың бір жерде берілуі тұрғындарға өз болашағына қатысты таңдау жасауға қосымша мүмкіндік берді. Шара соңында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтуға үлес қосқан бірқатар кәсіпорын басшылары Алғыс хатпен марапатталды.