20 отбасыға – жаңа пәтердің кілті

0 8

Семейде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Қала күні қарсаңында өткен салтанатты шарада 20 отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізді.

Жаңа қоныс иелерін облыс әкімі Берік Уәли құттықтап, өңірде тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.

– Аз қамтылған отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету – жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Жыл басынан бері 112 тұрғын үй сертификаты берілді. Былтыр жыл соңында 327 пәтер сатып алынып, қазіргі уақытта 317 пәтер кезекте тұрған азаматтарға жалға беру тәртібімен рәсімделді, – деді облыс әкімі.

Баспана алғандардың қатарында бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, толық емес және әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін отбасылар бар. Жаңа үйлердің бір бөлігі Морозов көшесіндегі «Тарлан» тұрғын үй кешенінен берілді.

Бес қабатты «Тарлан» кешені 463 пәтерден тұрады. Мұнда 19 подъезд бар. Жергілікті әкімдік тарапынан кешеннен 90-нан астам пәтер сатып алынған. Сонымен қатар Семей қаласында биыл 93 пәтер сатып алынып, құжаттары рәсімделіп, келісім негізінде «Отбасы банкке» берілді.

Жаңа баспанаға ие болған тұрғындар үшін бұл – жылдар бойы күткен қуаныш.

– Бұған дейін бес баламызбен жалдамалы пәтерде тұрып келдік. Жаңа баспананы сегіз жыл күттік. Енді өз үйіміз болады. Өте қуаныштымыз, – дейді қоныс иелерінің бірі.

Облыс әкімі алдағы уақытта да қалған пәтерлердің әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілетінін жеткізді.

Баспана мәселесімен қатар Семейдің қала келбетін жаңарту жұмыстары да қарқын алды. Бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» мемориалы маңындағы 10 мың шаршы метр аумақ толық реконструкцияланып, абаттандырылды. Мұнда автоматты суару жүйесі орнатылып, «Абайға құрмет» акциясы аясында Рәміздер алаңы салынды.

Әміре Қашаубаев атындағы филармония алдындағы 5 мың шаршы метр қоғамдық кеңістік жаңартылып, пайдалануға берілді. Теміржол вокзалы маңындағы 3,4 мың шаршы метр аумақта абаттандыру жұмыстары басталды.

Қаладағы теміржол өткелдерін жөндеу де кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Речников, Қаржаубайұлы, Лебаев және Мичурин көшелеріндегі өткелдер жөнделді. Биыл қала әкімдігі 9 теміржол өткелін ретке келтіруді жоспарлап отыр.

Семейде әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамту және қалалық инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстар осылайша қатар жалғасуда.