Қазақстан киносы Сеулде таныстырылды

0 6

Сеул қаласында Қазақстан киносының арнайы күндері өтіп, кореялық көрерменге отандық кинематографияның таңдаулы туындылары ұсынылды. Мәдени шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясындағы мәдени бағдарламаға енгізілген.

Көрсетілімдер барысында Ақан Сатаевтың «Томирис», Алдияр Байракимовтың «Паралимпиец» және «Алматы, я люблю тебя» фильмдері көрермен назарына ұсынылды. Туындыларда қазақ халқының тарихы, заманауи қоғамы мен адам тағдыры түрлі қырынан бейнеленген.

Шараға Қазақстан мен Кореяның мәдениет және кино саласының өкілдері қатысып, екі ел арасындағы шығармашылық байланысты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесулерде бірлескен киножобалар жасау, тәжірибе алмасу және халықаралық кино нарығына шығу бағыттары сөз болды.

Қазақстандық киноның халықаралық деңгейдегі танылуы да артып келеді. Бұған отандық режиссерлердің шетелдік кинофестивальдердің бағдарламаларына енуі дәлел. Мұндай мәдени іс-шаралар Қазақстанның кино өнерін шетелдік аудиторияға таныстырып қана қоймай, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.