Коммуналдық төлем жүйесі қайта тексеріледі

0 6

Қызылорда облысында коммуналдық қызметтер үшін бірыңғай төлем құжатын енгізуге байланысты тұрғындардың сауалдары мен шағымдары талқыланды. Бұл мәселе облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте қаралып, жауапты мекемелерге жүйедегі кемшіліктерді жою жөнінде бірқатар тапсырма берілді.

Биылдан бастап өңір тұрғындары электр энергиясы, жылу, ауызсумен жабдықтау, кәріз және тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметтері үшін төлемді «АЛСЕКО» есеп айырысу орталығы арқылы жүзеге асырып келеді.

Бірыңғай төлем құжатын енгізудегі басты мақсат – коммуналдық қызметтер бойынша есеп айырысуды бір жүйеге біріктіріп, төлем жасау үдерісін жеңілдету. Сонымен қатар жаңа жүйе төлемдердің ашықтығын арттырып, тұтынушыларға бірнеше қызмет бойынша ақпаратты бір құжаттан алуға мүмкіндік беруі тиіс.

Алайда жүйе іске қосылғаннан кейін тұрғындар тарапынан бірқатар мәселе көтерілген. Атап айтқанда, электр энергиясына төлем сомасының бұрынғыдан жоғары көрсетілуі және коммуналдық мекемелердің жеке есепшоттарымен қатар «АЛСЕКО» арқылы қайталама төлем құжаттарының ұсынылуына қатысты шағымдар түскен.

Мәжілісте бұл мәселелердің себептерін анықтау қажеттігі айтылды. «АЛСЕКО» есеп айырысу орталығының коммерциялық директоры Алексей Бозжановтың мәліметінше, тұтынушылардың бірқатар шағымы берешек сомасының және мекенжай деректерінің жүйеде дұрыс көрсетілмеуінен туындаған.

Осыған байланысты коммуналдық мекемелердің ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерді өзара сәйкестендіріп, тұрғындардың мекенжай деректерін нақтылау тапсырылды. Бұл жұмыстар есепшоттардағы сәйкессіздіктерді азайтып, тұтынушыларға ұсынылатын төлем ақпаратын нақтылауға мүмкіндік бермек.

Облыс басшысы жүйенің тұрғындарға түсінікті әрі ыңғайлы жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті. «Қызылорда жылу-электр орталығы», «Қызылорда су жүйесі» және «Қызылорда тазалығы» мекемелеріне ай сайынғы төлем құжаттарын бірыңғай жүйе арқылы ұсыну міндеті жүктелді.

Сонымен қатар «АЛСЕКО» есеп айырысу орталығына жүйенің жұмысын қайта тексеріп, анықталған техникалық және ақпараттық кемшіліктерді жою тапсырылды. Коммуналдық қызмет көрсетушілер енгізетін көрсеткіштер тұтынушылар үшін уақытылы әрі ашық қолжетімді болуы тиіс.

Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту де күн тәртібінен түскен жоқ. Осы мақсатта энергетика және қоғамдық даму басқармаларына қала мен аудан әкімдіктерімен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы бірыңғай төлем құжатының жұмыс тәртібін жан-жақты түсіндіру тапсырылды.

Жауапты органдарға тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жедел жауап беріп, проблемалық мәселелерді созбалаңға салмай шешу міндеттелді.

Жиында атап өтілгендей, бірыңғай төлем жүйесінің тиімді жұмыс істеуі үшін коммуналдық мекемелер мен есеп айырысу орталығы арасындағы ақпарат алмасу сапалы жолға қойылуы қажет. Ал тұрғындарға ұсынылатын есеп-қисаптың дұрыстығы мен ашықтығы жүйеге деген сенімнің негізгі көрсеткіштерінің бірі болмақ.