Берекесін қара жерден тапқан әже

0 1

Зейнет демалысы – қол қусырып отыратын кезең емес. Мұны өмір бойы еңбек етіп, бейнеттен береке тапқан ауыл қарияларының тіршілігі дәлелдейді. Солардың бірі – Қармақшы ауданы, Төребай би ауылының тұрғыны Күлипа апа. Жасы ұлғайса да, қолынан кетпені түспеген кейіпкеріміз бүгінде 1,5 гектар жерге бақша егіп, диқаншылықпен айналысып отыр.

Күлипа апаның еңбек жолы Қармақшы топырағында басталған. Мектеп қабырғасынан түлеп шығысымен ауылдағы өндірістік бригадаға жұмысқа араласқан. Кейін Жамбыл облысындағы оқу орнында есепші мамандығын меңгеріп, арнайы жолдамамен қазіргі Төребай би ауылына келген. Осы ауылда қызмет етіп, шаңырақ көтерді.

Еңбек жолының елеулі бөлігі ауылшаруашылығы саласымен тығыз байланысты болды. 1983 жылы экономист болып қызметке кіріскен ол есепшілік жұмыстарды атқарып, кейін Жосалы совхозының кадр бөлімінде еңбек етті. Совхоз таратылған соң ауылдағы «Ақ көгершін» балабақшасында шаруашылық меңгерушісі болды. Осы қызметтен 2018 жылы зейнетке шықты.

Алайда зейнетке шығу Күлипа апа үшін еңбекпен қоштасу деген сөз емес еді.

– Қазір қолымыз бос, қуатымыз баршылық. Қарап отырғанша диқан жолын жалғастырайын деп шештім, – дейді ол.

Бұл кәсіп оған таңсық та емес. Күлипа апаның әкесі Молдахмет кезінде диқан болған. Қайын атасы да елге белгілі күрішші атанған. Сондықтан жердің бабын, дәннің сырын бала күнінен көріп өскен.

– Бала кезімізден бауырларымызбен бірге әкеме еріп, қауын-қарбыз, басқа да дақылдарды егетінбіз. Әр ұяны бірлеп, отағын отап, кейін пәлегін қайыруды кішкентай кезімізден үйрендік. Түйнектің суда қалып қоймауына дейін қадағалайтынбыз. Сол көргеніміздің ізі шығар, қазір де әкемнен үйренген кәсіпті тоқтатқан жоқпын, – дейді Күлипа апа.

2023 жылы оның ұлы Ғабитжан «Қарасай» шаруа қожалығын ашқан. Ал былтырдан бері шаруашылықтың негізгі тізгінін Күлипа апаның өзі қолға алыпты. Қазір 1,5 гектар алқапқа бақша дақылдарын егіп, өнімнің жайын бақылап жүр. Бақшада қауын-қарбыз, асқабақ секілді дақылдар өседі. Әр түптің бабын тапқан диқан үшін өнімнің пісуі – маңдай тердің өтеуін көретін ерекше сәт.

– Піскен қауын-қарбыз, асқабағымызды Байқоңыр мен Төретамға өткіземіз. Одан түскен ақшаға немерелерімнің киімін, қысқы азық-түлікті аламыз. Малға жем-шөп те сатып алып жүрміз. Еңбекпен келген несібенің берекесі бөлек, – дейді ол.

Күлипа апаның өміріндегі еңбек тек егістікпен шектелмейді. Ол үш баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде оннан аса немеренің қызығын көріп отырған ардақты әже. Жолдасы Қарасай 2008 жылы дүниеден өткен. Үлкен қызы Райкүл облыс орталығында мұғалім болса, кіші қызы Назгүл медицина саласында еңбек етеді. Ұлы Ғабитжан аудандық білім бөлімінде қызмет атқарады. Балаларының алды өз алдына шаңырақ көтеріп, немерелері өсіп келеді. Ал әже болса, кейінгі ұрпаққа өзінің еңбегімен өнеге көрсетуді мақсат етеді.

– «Орнында бар – оңалар» деген. Шүкір, балаларым аман, немерелерімнің қызығын көріп отырмын. Осыларға еңбекпен келген несібенің адал болатынын ұқтырсам деймін. Тәуба, қара жерді қадірлей білсең, уысың толатыны анық. Тек ерінбесең болғаны, – дейді Күлипа апа.

Ауылдың үлкендері үшін жер – жай ғана тіршілік көзі емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қасиетті кәсіптің негізі. Күлипа апаның бүгінгі еңбегі де соның айғағы. Жасы жетпістен асса да, жерге дән сеуіп, оның жемісін көруге асыққан қарияның өмір салты еңбек етем деген адамға жас кедергі емес екенін көрсетеді.

Қара жердің қадірін білген Күлипа апа үшін бақша – нәпақа табатын кәсіп қана емес, әкеден қалған өнегені жалғастырудың жолы. Ал оның әрбір түйір дәні – маңдай термен келген адал еңбектің жемісі.