Абай облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Жыл басынан бері азаматтардың өтініштерін қарау, заң бұзушылықтардың алдын алу және кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру бойынша бірқатар шара жүзеге асырылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Серікхан Нұртазин мәлімдеді.
Департаментке 2026 жылдың алғашқы алты айында азаматтардан 728 өтініш түскен. Оның 419-ы жазбаша түрде қабылданса, 252 өтініш бойынша тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылған. Бұдан бөлек, «жедел желі» арқылы 161 өтініш қабылданған. Басшының жеке қабылдауында 42, департамент мамандарының қабылдауында 106 азаматтың мәселесі қаралған. Жалпы, есепті кезеңде тұтынушыларға қайтарылуға тиіс қаражат көлемі 36 млн теңгеден асқан. Соның 26,1 млн теңгесі азаматтарға қайтарылған.
Өтініштердің басым бөлігі бөлшек сауда саласына қатысты. Бұл бағыт бойынша 481 өтініш түсіп, нәтижесінде тұтынушыларға 16,9 млн теңге қайтарылған. Тұрмыстық қызмет көрсету саласына қатысты 76 өтініш қаралып, 7,1 млн теңге өндірілген. Ал электрондық саудаға байланысты 56 өтініш бойынша тұтынушыларға 1,5 млн теңге қайтарылған.
– Азаматтардың өтініштерін қарау барысында тұтынушылардың құқықтарын бұзуға жол берген кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тиісті шаралар қабылдануда. Әсіресе сауда және қызмет көрсету салаларындағы заң талаптарының сақталуына баса мән береміз, – деді Серікхан Нұртазин.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында департамент тарапынан кәсіпкерлік нысандарға жоспардан тыс тексерулер де жүргізілген. Жылдың алғашқы жартыжылдығында 148 осындай тексеру ұйымдастырылған. Тексеру кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, тұтынушыны тауардың, жұмыстың немесе көрсетілетін қызметтің сапасына қатысты жаңылыстыру, тауарлардың бағасын көрсетпеу, азаматтардың шағымдарына жауап бермеу, сатып алынған тауарды немесе төленген қаражатты қайтарудан бас тарту, сондай-ақ мемлекеттік органның нұсқамаларын орындамау фактілері тіркелген.
Департамент тұтынушылардың жеке өтініштерімен қатар, белгісіз топқа жататын азаматтардың да құқықтарын қорғауға көңіл бөліп отыр. Соның бір мысалы – балкондарды жөндеу қызметіне қатысты дау. Қызмет көрсету міндеттемелерінің орындалмауына байланысты тұтынушылардың құқықтары бұзылған. Осыған орай департамент сотқа талап арыз берген. Бұл істен 10-нан астам азамат зардап шеккен. Оларға келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 10 млн теңгеге жуық. Қазіргі таңда азаматтық іс сот қарауында. Сонымен қатар қызмет көрсетушінің мемлекеттік орган нұсқамасын орындамағаны анықталып, екі әкімшілік хаттама толтырылған. Сот шешімімен оған 735 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
Брифингте тұтынушылардың құқықтарын қорғауда қоғамдық ұйымдардың да атқарып отырған жұмысы сөз болды. «Қорғаушы» қоғамдық ұйымының төрайымы Қалдыгүл Райымбекованың айтуынша, биылғы жылдың бірінші жартысында ұйымға жүзден астам азамат шағымданған. Олардың өтініштері негізінен бөлшек саудаға, онлайн саудаға, түрлі қызмет көрсетуге, ақылы білім алуға және зергерлік бұйымдардың сапасына қатысты болған. Қоғамдық ұйымның көмегімен алты ай ішінде тұтынушыларға шамамен 3,5 млн теңге қайтарылған. Оның ішінде сапасыз алтын бұйымдары, жиһаз, медициналық және басқа да қызметтерге байланысты даулар тұтынушылардың пайдасына шешілген.
Мамандардың айтуынша, тұтынушы өз құқығын қорғау үшін ең алдымен сатып алу немесе қызмет алу фактісін растайтын құжаттарды сақтауы қажет. Әсіресе тауар сатып алған кезде фискалды чек талап ету маңызды. Ал қандай да бір қызметке немесе тауар дайындауға тапсырыс берген жағдайда екі тараптың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ жұмысты орындау мерзімі көрсетілген шарт жасасқан жөн.
– Тұтынушы тауар сатып алған кезде міндетті түрде фискалды чек талап етуі керек. Ал қызметке немесе тауарға тапсырыс берген жағдайда шарт жасасып, онда екі тараптың міндеттері мен орындау мерзімдерін нақты көрсеткен жөн, – деді Қалдыгүл Райымбекова.
Сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарда тұтынушыға қажетті ақпараттың қолжетімді болуы маңызды. Соның ішінде «Тұтынушы бұрышының» болуы, фискалды чек беру және сөрелердегі баға мен кассадағы бағаның сәйкес келуі – заң талаптарының бірі.
Мамандар үй жағдайында дайындалған азық-түлік өнімдерін сатып алғанда да сақтық танытуға шақырады. Мұндай өнімдерді алар кезде оның заттаңбасына, дайындалған және жарамдылық мерзіміне, сапасын растайтын құжаттарына назар аудару қажет. Ал кәсіпкерлер өнімді қабылдау барысында оның қажетті құжаттары мен санитариялық талаптарға сәйкестігін тексеруі тиіс.
Жалпы, тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы қарым-қатынаста екі тараптың да заң талаптарын білуі маңызды. Тұтынушы өз құқығын білсе, сапасыз тауар мен қызметке қатысты дауды заң аясында шешуге мүмкіндік артады. Ал кәсіпкер үшін тұтынушының талабын уақытында орындау – заң талабы ғана емес, өз қызметінің сапасы мен беделінің көрсеткіші.