Қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің негізгі тұғырлары саналатын бұл үшеуі де салт-дәстүрлерімізде кең көрініс табады. Демек, ата ғұрыптарымызды ұмыту – жер бетінен халық ретінде жойылумен пара-пар деген сөз. Өкінішке қарай, қазір өмір сүру дағдысы мен тұрмыс қалпының өзгеруіне байланысты ұмыт қалып бара жатқан салттардың қатары артып келеді. Жасыратын несі бар, олардың бірқатарын бүгінгі жас буын білмейді де. Соның бірі – киіз басу.
Осы бір дәстүрді жаңғыртып, жастарға үйрету мақсатында Атыраудың іргесіндегі «Нұрлы тал» этноауылында облыстық ардагерлер кеңесі мен әжелер кеңесінің «Өнерге баулу» тобының ұйымдастыруымен киіз басу өнерінен шеберлік сағаты өтті.
Іс-шара барысында қолөнер шебері Зина Қуанышқалиева киіз басудың барлық кезеңін тәжірибе жүзінде көрсетті. Жүнді іріктеу мен шабақтаудан бастап, киізді төсеу, су сеуіп сабындау, шиға орап тебу, илеу және дайын бұйымды кептіруге дейінгі әрбір қадам көпшілікке егжей-тегжейлі таныстырылды. Әсіресе жастар шеберлердің әр қимылын ықыласпен бақылап, ұлттық өнердің қыр-сырын үйренуге деген қызығушылықтары ерекше байқалды.
– Ата-бабамыздың ұрпаққа қалдырған ең үлкен аманаты – тіліміз, жеріміз, өнеріміз. Сол асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа табыстау – баршамыздың міндетіміз. Бүгінгі кездесуде киіз басу өнері ғана емес, ер-тұрман мен ат әбзелдерінің ерекшеліктері, қазақтың ұлттық асы – етті мүшелеу дәстүрі де таныстырылды. Мұның бәрі жастардың өткен тарихымызға, ұлттық өркениетімізге деген қызығушылығын оятып, төл мәдениетімізді тереңірек тануына жол ашады. Облыстық ардагерлер кеңесі жастар тәрбиесіне бағытталған жеті негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі кездесу – сол игі бастамалардың бір көрінісі, — деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов.
Ал облыстық әжелер кеңесінің төрайымы Күнсұлу Мұхтарқызы шараның басты мақсаты – ұлттық қолөнерді дәріптеп, атадан балаға мирас болған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа үйрету екенін жеткізді.
– Іс-шараға облысымыздың қолөнер шеберлері мен жүзге жуық әжелер қауымы қатысты. Олардың қатарында Маңғыстау өңірінен арнайы келген әжелер де бар. Қолөнер шеберлері киіз басу, жүн түту, киіз сабау өнерін көпшілікке көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды кейінгі ұрпаққа үйретеді. Осындай кездесулер арқылы халқымыздың төл өнері мен дәстүрі кеңінен дәріптеліп, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді деп сенеміз, — деді ол.
Тағылымды іс-шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, ұлттық өнер мен дәстүрдің мерейін асқақтатты.