Бөгенбай, Қабанбайлармен қатар жоңғарға қарсы қылыш сермеген Еменалы керейден шыққан Жабай батыр.
Ол туралы Тәтіқара жыраудан мынадай жыр жолдары қалған:
Ағашта биікті айтсаң,
қарағайды айт,
Жігітте ерлікті айтсаң,
Бөгенбайды айт!
Ұшына найзасының жау мінгізген
Еменәлі керейде ер Жабайды айт!
Өкінішке қарай, ер Жабайдың есімі көп естілмейді. Есімін ардақтап, халықтың есіне салу – зерттеушілер мен ғалымдардың, жерлестері мен ұрпақтарының алдындағы маңызды міндет. Ер Жабай қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы аумағында туған.
Осы Жабай батырдың Сексен, Тоқсан, Мыңжасар есімді ұлдары болған. Тоқсан әділетті би атанып, суырыпсалма шешен болған. Айшылық алыс жерлерден даугерлер арнайы іздеп келеді екен. Тоқсан би туралы «Сөз тапқанға қол жоқ», «Ел аузынан», «Шешендік сөздер» жинақтарында, «Толғауы терең Тоқсан би», т.б. кітап, халық арасына таралған әңгімелер, ауызша деректер өте көп.
Ал Тоқсанның ағасы Сексен алып тұлғалы батыр адам екен. Қазақтардың «Гүлтөбе-Маманай», «Бүркеу», «Елтінжал», т.б. құйқалы қоныстарынан шегінбей, озбырлық көрсеткен казак-орыстарды тұқыртып отырғаны осы Сексен батырдың есімімен тығыз байланысты.
Ел аузында мынадай да әңгіме бар. Бірде арақ ішіп еріккен казактар бір қазақты шоқындырмақ болып, шешіндіріп суға түсіріп, мойнына крест байлап жіберсе, Сексен батыр соның есесіне станицаға шауып кіріп, екі казакты екі қолымен іліп әкетіп, ауылға әкеліп, шалқасынан салып, сүндеттеп жіберген көрінеді. Міне, сол Сексен батырмен казактар тамыр болып, бейбіт өмір сүруге тырысқан. Алайда елдің есі, дұшпанның сесі болып жүрген Сексеннің көзін жоюды ойлап жүреді. Батыр Кіпитанға (орысшасы Преснов станицасы) келгенде, бір татардың үйіне түстеніп жүретін көрінеді. Казактар бірде Сексен батырдың станицаға келгенін көріп, біреулері өзімен сөйлесіп алдаусыратып отырғанда, басқа бір қулары әлгі үйдің әйелін қорқытып, қымызға у қосып бергізеді. Батыр содан жантәсілім етеді. Ал сұм казактар Пресновканың көшесінде батырдың өлгеніне қуанып, бір апта бойы арақ ішіп тойлаған екен…
Міне, осы батырдың үшінші ұлы Бекентайдан туған Сағындық, Қайнет, Зейнолла, Файзолла, Мырзағали деген немерелері болған. Осындағы Зейнолланың баласы, Сексен батырдың шөбересі Дайыр ақсақалдың үйінде батырдың кісесі сақталған. Қалың былғарыға оюлар салынып тігілген кісенің көлемі оқушы балалардың сөмкесіндей. Демек, белбеуінің жалпақтығы кем дегенде бір қарыс болған-ау. Осыған қарап-ақ батырдың қандай алып тұлғалы екенін білуге болады.
Кісе қазір Сексеннің Бектен деген тағы бір ұлынан тарайтын Мәлғаждар деген кісінің қара шаңырағында. Батырдың ұрпақтары оны аталарынан қалған қасиетті тәбәріктей көріп, үлкен шаңырақтарына тапсырып отырады екен. Сексен батырдың зираты осы аудандағы Талпын ауылының түбінде, басында үлкен белгі бар. Биыл саналы ұрпақтары кесене тұрғызуды да қолға алып отыр.